Тазалық ауладан басталады
Табиғатқа қомқорлық жасау – әрбір адамзаттың абыройлы міндеті әрі парасатты парызы. Жалпыхалықтық сенбіліктің негізгі мақсаты - қоғам назарын тазалықты сақтауға аудару, өскелең ұрпаққа тәрбие беру болып табылады.
Туған жердің көркеюі өз ауланы таза ұстаудан басталатыны сөзсіз. «Табиғат тазалығы – халық саулығы» - демекші, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурсттар министрлігінің бастамасымен Түркістан облысының аумағында өткізілетін #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы Қазығұрт ауданында да жалғасын тапты. Аудандағы жалпыхалықтық сенбілікке 13 ауыл округі тұрғындары, мекеме, ұйым қызметкерлері белсене қатысты. Таңғы сағат сегізден басталған сенбілік барысында аудан тұрғындары ынтымақтың, бірліктің ерен үлгісін көрсетті. Көше бойлары күл-қоқыстардан тазаланып, арық-атыздар шабылды. Қураған ағаштар кесіліп, түптері әктелді. Ұйымдастырушылар тұрғындарды көше, қоғамдық орындарда тазалық сақтап жүруге және әркім өз ауласын тазалап, абаттандырып отыруға шақырды.
Алдағы уақытта да аудан аумағын тазарту жұмыстары жалғасын табатын болады дейді мамандар.