Еріншектік мүмкіншілігіңді шектейді

Oinet.kz 11-02-2019 1113

1440768544_l.jpg

Осынау бес күн фәниде кім жоқшылық көргісі келіп, кім молшылықтан бас тартқысы келеді дейсіз. Мұндай дүниелік байлықтан, материалдық түрлі табыстан рухани қуаты күшті, қала берді бұ дүниені бақилық деп таппаған және о дүниені сондай аңсаған нұрлы ақылдың, яғни Құдай Тағаланың шынайы досы болуға әманда құлықтылық танытқан немесе құлшылығын құлшынып жасаған ілу де бір адамдар бас тартады. Осындайда ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.)мына сөзі еріксіз еске түседі: «Шеттен шыққан мал шашқыш топас та, не болмаса сараң да болмаңыздар. Орташа өмір сүріңіздер. Сонда ылғи бір-біріңізбен өзара жақын қарым-қатынаста боласыздар. Таза көңілді болыңыздар, біліп қойыңыздар, еш біріңізді амалыңыз пейішке кіргізе алмайды, менің өзімді де. Алла Тағаланың рахымы және шапағаты маған өте көп болған, әрі құйыла бергендігінен мен де кіремін және сіздер де кіресіздер пейішке».

Шыны керек, істер ісіңді кейінге шегере беру, үнемі ертеңге қалдыру – ол сіздің еріншектігіңіз. Ал еріншектік жоқшылықтың шылауынан шығармайды да, талай мүмкіншілігіңізді қалыс қалдырады. Сондықтан, «Бес арыстың» көрнекті өкілдерінің бірі, данышпан Шәһкәрім бүй дейді:

Еріншектіктен – салақтық,

Салақтықтан – надандық...

Бірінен-бірі туады,

Жоғалар сүйтіп адамдық.

Жалпы іс атаулының қай-қайсысын да кейінге қалдыру, ол жалған тоқмейілсудің көрінісі бойыңызда мықтап орын алды деген сөз. Осыдан қайткенде арылмаққа тырыспақ ләзім. Бұл, түптеп келгенде,сіз бен біздің даму жолындағы бөгетіміз. Немесе өзімізді-өзіміз ар ұятымыздың алдында алдап ақталуымыз. Еріншек адам еш уақытта бақытты, бай болмайды, істейтін істі негізінен істеп тастаңыз дұрыс. Әлгі тоқмейілсу де кез келген істі ертеңге қалдырудың бір түрі, бірақта өзіңіз оны сезбейсіз. Өмірдің жеңіл жолын іздейсіз. Кімнің де болмасын өз өмірін, тұрмысын жақсы жаққа өзгерткісі келетіні бәрімізге мәлім. Бірақта бұны әркім өзінше іске асырады. Біреуі түкте істемей байысам екен деп армандайды. Бірақта, жоқтан бар пайда болмайтыны сияқты осы ойы арман күйінде қала береді. Адамдар молшылыққа шомылудың орнына сылтауларды таба береді. Уақыт болған жоқ, ай, күн дұрыс емес. Кәсіпкерліктің шарты жетіліп піскен жоқ. Тым тәуекелге барып, барлық жиған-тергенімнен айырылып қаламын. Келесі жылы көремін. Осылайша шұбалаңдатып, сөзбұйдаға салып, алғашқы қадам күннен айға, айдан жылдарға сағызша созылып шегеріле береді. Адам тіпті баюға болатын жолды көріп, сезіп тұрса да бұрынғы әдетінің құлы болып қалады. Адамдардың көпшілігі бір орнында шеңберді айналғандай айналып өмір сүруін жалғастыра береді. Осы тұста Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) тағы бір сөзін келтіріп кету орынды: «Ісіңе пысық бол, өз ісіңді өзің шеш, басқалар «бола береді» деген шешіммен іс қылма».                           

Ендігі жерде сол еріншектіктің бар мүмкіншіліктерді шектейтін жағына ойысырыңқырасақ. Басқашарақ айтқанда, әлдебіреудің өз санамызға тигізетін әсерін де тәптіштей бәдіздесек дейміз. Шындығында, еріншектік тұла бойыңыздағы мүмкіншіліктердің тамырына балта шабады. Үкілі үмітіңізді сөндіріп, түкке алғысыз адамдардың санатына қосады. Барыңыз не, жоғыңыз не адамға айналасыз. Өз кезегіндегі айтарымыз, ол басқа біреудіңсанамызға тигізер ықпалы. Бұл тарапта біздің жүріс-тұрысымызды, қалай өмір сүру керек екенімізді әлдебір адам айтып мыжыңдай берсе жанымыз жай таппайды. Жаратушы әрқайсымызға қайталанбас, өзіміз ғана билейтін сана бергенде – мүмкін әркім өз өмірімен, өзінше ойласын дегенді көздеген шығар. Сана, ақыл жоқ болса, хайуанша өмір сүрер ме ек…

Негізінде, өз ақылыңызды, санаңызды өміріңізде қолдана отырып қандай болмасын шыңға шығуға мүмкіншілігіңіз бар. Адамның даналығы да осы Жаратушы берген құқықты қолдана білуде бұғып жатыр. Дана адам дегеніміз – өзінің санасын қалауынша толықтай пайдаланып, бөтен біреудің осы ағымға араласуына жол бермеу. Бірінші қарағанда табыс жинаған байлығыңмен ғана есептелетін сияқты. Расында, молшылық пен байлық маңызды, бірақта нақтылы марапат – өзіңнің ләзаттанғаныңды, қанағаттанғаныңды сезіну. Мысалы, Эйнштейнді алайық. Ол өмір бойы бай болған жоқ. Бірақта табысқа жетпеді деп айта аламыз ба?  Адамзаттың алып тұлғаларының ерекшеліктері ерінбей еңбек етіп, өздерінің мақсаттарына жетіп ләзаттануларында болды. Нағыз байлық ақшамен ғана есептелмейді. Басқа да рухани байлықтар жеткілікті. Байлық деген ұғымға адамның өз тағдырын өзі шешетін қасиеттері мен шексіз бақыттылықтың не екенін сезінетін денсаулығыңмен мамыражайлығың да кіреді. Адам – санасы сенген, көз алдына елестеткен мақсаттарының бәріне де ерінбей еңбектеніп, құмырсқа сияқты алған бетінен қайсарлықпен қайтпаса жетпей қоймайды. Өз жұмысыңызды жан-тәніңізбен беріліп істеңіз. Бүгінгі істейтін істі, еріншектеніп еш уақытта ертеңге қалдырмаңыз!

Ғалымжан ТҮЗЕЛБАЙҰЛЫ

Менің әжем немесе сүйегі асыл кісілер
Өмірдің мәнін іздегендерге...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу