Менің әжем немесе сүйегі асыл кісілер

Oinet.kz 11-02-2019 1155

5684677B-DDE8-4FEC-BF68-ECB88B05D03B_mw800_mh600.jpg

…Осы суретті көрген сайын әжем Шамзада есіме түсе береді…

Есімде қалған, ешкімге ұқсамайтын қырларына тоқталсам деймін…

Әжем ғажап адам еді. Қолынан бәрі келетін. Жүн жуу, кептіру, сабау, кейін ұршық иіріп, жіп алудың қандай болатынын көзбен көріп өстік. Ол кезде бояу жоқ па, әлде әжемнің тапқырлығы ма, қырда өсетін бір шөпті қайнатып содан қызыл бояу алғанын білемін. Ол сонымен жіп боядық. Баламын ғой, жіп бояғанды қызық көріп, жанынан қалмайтынмын. Артылған бояумен менің асықтарымды бояп беретін. Сол асықтар әлі күнге дейін бар. Көрген сайын, әжем еске түседі, саусағының табы қалды ма екен деп айналдырып қарай берем.

Ауылдың кемпір-келіншектерін жинап алып, киіз де басатын. Киіз басам деп, шынтағымыз шуаш сасып жүрген балалық шақта сондай бақытты екенбіз ғой. Қазір сондай иістің өзі арман болып қалды емес пе?

Алаша тоқитын да өнері бар еді. Тоқуға арналған жалпақ ағашын талай рет қылыш қылып ойнаймын деп ұрыс естігенім бар. Ұрысқаны майдай еді ғой. Айқайының өзі айналайын деп бауырына қысқанмен бірдей еді. Ал қазір сөйтіп ұрсатын адам болса-шы!

Қазір ғой, шұлықтың өңшесі тесілсе болды, қоқыс жәшігіне лақтыра салатынымыз. Осы әрекетімді әжем көрсе қайтер екен деп ойлаймын. Сидаланған саусағын иіп отырып шұлық жамайтын сәттері көңілден қалай өшсін. Ондай кезде жанында міндетті түрде мен болам. Шалғырт тартқан шашынан иіскеймін. Ал әжем маған алма беретін. Алма емес, шындығында алманың бөлігі болатын. Әжемнің қалтасында не жүрмейді дейсіз құдай-ау, қатқан құрт, қабығының бояуы ұшқан кәмпит, қағазға оралған алманың бөлігі бәрі бар. Шынымды айтайыншы, Алматыға келгелі алманың неше атасын көрдім ғой. Бірақ, осы уақытқа шейін бір алманы тұтастай жеп көрмеген екенмін. Жей алмаймын, кеңірдегімнен өтпейді. Әжемнің тәрбиесі шығар деймін, бір жақтан алма әкелсе оны үйдегі адамдардың бәріне жететіндей етіп бөліп беретін еді. Қазір біз сондай қасиеттен ажырап бара жатқан сияқтымыз. Бөліп жеуді білмейміз, ал бөлінуді қатырамыз…

…Әжем теледидарды жек көретін. Суретке түсуді ұнатпайтын. Қыста мұзды қолымен жарып жіберіп, дәрет алатыны бар еді. Сол кездің адамдарының сүйегі асыл, күш-қуаты көп пе, әлде басқалай бір қасиеттері бар ма, қазір жалаң қолымен мұз жарған адам жайлы естімеппін. Оны айтамыз-ау, пеш ішінде қып-қызыл боп жанып тұрған темірді жалаң қолмен ұстай қалатын еді ғой.

Жас кезінде біз тұрған тоқал тамды бір өзі салыпты. Ауыл сыртынан бөрене кесіп, оны жаяу сүйреп, өзеннен мойнына байлап жүзіп өтіпті. Өз аузынан естігенде осының бәрі бізге қиял-ғажайып ертегідей көрінетін.

Кирилица танымайтын, төтеше, латынша кітаптарды ғана оқи алатын.

Коммунист болса да, атеист емес еді. Құдайдан қорқатын. Құран оқудың, дәрет алудың алғашқы әліппесін үйреткен осы кісі.

Аштықты да, соғысты да бір адамдай көрді. Аштық кезінде аяғындағы галошының ернеуімен су ішкені жайлы айтып отыратын. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды, бізді аштықтан құтқарған балық» дейтін өзі.  Келіншек кезінде, балық аулап талай отбасыны бір өзі асырағаны жайлы естуіміз бар.

Соғыс кезінде Сталинград түбінде тылда болыпты. Окоп қазу, жауынгерлерге азық тасу, алғашқы көмек көрсету секілді бейнетті тірліктерді бастан өткізген. Жау ұшақтары төбеден бомба тастағанда аман қалғандардың бірі екен.

Еңбек ардагері болатын. Сандықшасында медалдары көп еді. Бірақ, жылтырақты жек көремін деп, ешқашан да кеудесіне медаль тақпайтын. Бір ғана атағы бар, «солдат жесірі» деген. Жылына бір рет жеңіс күні қарсаңында мені жетектеп ауылдың концертіне апарады. Солдат жесірі болғаны үшін, аз-маз сый-сияпат көреді. «Сізде атақ-абыройдың бәрі бар ғой. Неге мыналар «жесір» деген жаман атпен шақырады?» деп жылағаным есімде. Бәлкім қарапайымдылығы шығар, қайдан білейін, сол жесір күйінде көз жұмды.

Ері соғысқа аттанғанда жалғыз баламен жесір қалыпты. Соны бағып-қағып адам қатарына қосты. Жалғыздан тараған ұрпақтарының маңдайынан иіскеді, «енді өз төсегімде өлсем арманым жоқ» деп отыратын. Айтқаны айдай келді. Басқа ауылда тұратын қайын сіңлісі төсек тартып, әжем қасында бір аптадай болды. Бір күні «балаларға барып қайтайын, үйді сағындым» деп үйге келді. Ауырған да сырқаған да жоқ, сол күні түнде о дүниеге аттанып кетті…

…Әлі күнге таңқалатыным, әжем жасы сексеннен асса да, қой кезегіне шығатын. Үйде бекер отырғанын көрген емеспіз, және барған жерінен бекер қайтпайтын. Қойға барғанда, дәл осы суреттегідей арқасына жыңғыл көтеріп қайтатын. Үйде отын жоқ емес. «Осыны арқаламаңызшы, үйде бар» ғой десек, «Алда қандай күн барын қайдан білесіңдер, қарсыласпаңдар» деп тыйып тастайтын.

Зейнетақысы түскенде үйге қап-қап ұн алдыртады. Негізі бір-екі қабы да жетер еді. Бірақ жинай береді. 90-жылдардың басында бір керемет аштық жүрді. Бала болсам да есімде, күніне 2-3 тілім ғана нан жейтінбіз. Сонда әлгі қап-қап ұнды «бізден де нашарлар бар» деп таратып жіберді. Сол қасиеті жұққан-ау деймін, сүндеттелген кезімде көрімдігіме бақандай 50 сом жиналды. Оған велосипед алуға болады екен ол кезде. Енді алам деп жүргенде, әжем бір бала жетектеген шешені ертіп келді. «Мына кісілер саған келді» деп бөлмеге кіргізіп, өзі шығып кетті. Сөйтсе, олардың жағдай өте төмен екен. Әмиянымдағы 50 сомды тұтастай бере салдым. Артынша, сондай бір ғажап сезімге бөленген едім…

Ол кісінің сол кезде берген тәрбиесі қазір мені түрлі бәледен құтқарып жүр.

Әжем қойға барарымда «жолдан таяқ көрсең тастамай алып кел, таяқ – адамның жолдасы» деп айтып отыратын. Содан ба екен, әлі күнге дейін көшеде жатқан тал, таяқ көрсем үйге алып кеткім келіп тұрады…


Серікбол Хасан

Қабылан ақпараттық порталы


Еркек болу оңай ма?
Еріншектік мүмкіншілігіңді шектейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу