«Испанша күлесің бе, үндіше күлесің бе күле беріңдер»: Ханбибі Есенқарақызы
Медиа маманы Бақытжан Бұқарбай марқұм Дулат Исабековтың ақтық сапарға шығару сәтіне қатысып, ақын Ханбибі Есенқарақызының сөйлеген сөзін айтып, олар үшін үшін жастардың "испанша" ұялатынын жазған болатын, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
“Қаралы жиындарда зиялы санатына жатқызып жүрген ағаларымыз бен апаларымыздың өзін ұстауы мен сөйлеген сөзі кейде "Бұл қалай сонда?" деген еріксіз ойға қалдырады. Бүгін Дулат Исабековтің асында сөз алған Ханбибі Есенқарақызы марқұмның артында қалған балаларына көңіл айтудың орнына, өзінің мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін алға тартты. Бұл сөзі тым әдепсіз көрінді. Мереке Құлкенов жағдайды жұмсартуға тырысып, "Ендігі рет аласыз" деп әзілге бұрғанымен, мұндай әңгіменің дәл осы жерде айтылғаны ұят болды. Апамыздың бұлай ренжитіндей жөні бар ма екен деп желідегі ақпаратты қарап шықтым. Ханбибі ханымның алмаған марапаты жоқ екен: "Парасат" пен "Барыс" ордендері, "ҚР еңбек сіңірген қызметкері" атағы – бәрі бар. Сонда осындай жиында тағы бір марапат жайлы сөз қозғау қаншалықты қажет еді?
Бұған дейін де осындай көріністер болған. Бір аста сөз алған Смағұл Елубай марқұм туралы бір жақсы естелік айтып немесе артында қалған ұрпағына жылы тілек білдірсе жарасар еді. Оның орнына, біраз уақытын қазіргі президентті мадақтауға арнады. Бұрынғы басшыны да дәл осылай дәріптеуші еді. Бұл өте жиіркенішті көрініс болды. Осы жазғаным аға буынға жетіп жатса, бір нәрсені ескеріңіздерші: аста біз сияқты жастар да отырады. Жәй ғана отырмай, жағасын ұстап, сіздер үшін испанша ұялып отырады, – деді маман
Бақытжан Бұқарбайдың аталған жазбасына Ханбибі Есенқарақызының өзі "Ерікті арызға бөрікті бас сияд" деп көлдей жауап жазды:
"Сыйлайтын адамым болғандықтан, Дулат ағаның қаралы жиынына қатысу үшін, жасымның егделігіне қарамай, таңғы бестегі самалетке отырып, түн жамылып үйіме жеткенім, таңертең фейсбуктегі маған бағытталған кінәлап жазылған постты оқып, қайран қалып отырмын.
Мені «көңіл айтпады» деп кінәлайды. Ертерек барған соң ағаның туған-туыстарымен құшақтап көрісіп, қазаның артынан қайырын берсін – деп жұбату сөзін айтқанымда, әттең жанымда «Бақытжан Бұқарбаевтың болмағаны «өкінішті-ақ» . Іздер тауып алар ма едім, әттең оны танымайды екенмін. Сенің «сөз алғанда» емес, сөз бергенде» деп айтқаның орынды болар ма еді. Өйткені мен алқалы топта «шешендігімді, көсемдігімді» байқатып қалуға тырыспайтынмын", - дейді.
Ал сыйлыққа байланысты айтылған әңгімесінің астарында бөлек мән жатқан көрінеді.
"Мына жерде, «сыйлықты» әңгіме етейін деген ойым жоқ еді, Дулат ағаның менің прозаға келуіме септігін тигізгендігін, повесімді оқып болып, «құттықтаймын» дегенін тіптен «Үркер» бағдарламасында Смағұл Елубаев екеуінің берген бағасын (дәлел керек болса), ол кісінің рухани қолдауын, қамқорлығын жеткізейін деген ой болатын. Оны не үшін айттым? Мемлекеттік сыйлықтағы комиссия мүшелерінің «ол ақын ғой (бір өлеңімді оқымаса да)», прозада несі бар? дегендердің құлағына қыстыра кетейін дегендік еді. Өйткені сол комиссия мүшелері түгелімен сонда отырған.
Иә, мен ауылданмын. Сыпсың – сыпсың өсек айтпай, сол ауылда жүріп аянбай еңбек еттім. Алған наградаларым сол еңбектің өтеуі. Ақ үй жағалап, тамыр – таныс іздеу - менің табиғатыма жат нәрсе.
Тырнақ астынан кір іздеген Бақытжанға жол-жөнекей қосыла кеткендер табылыпты.
Тіптен бұлар өмірде жоқ кезінде туылған «Нурикамал» әніне де тиісіп бағыпты.
Қырық жыл бұрынғы сезім басқа еді, махабаттың қадірі бар кез болатын. «Таза көңілден, кең пейілден шыққан ән - халықтың құлағына жұмсақ тиіп, жүректерінен орын алып, күні бүгінге шейін репертуардан түспей жүргеніне ән кінәлі ме, әлде мен кінәлімін бе?
Халық тура айтады, кесек турайды. Қолыңнан келсе әр көңілге ұялаған әнді жұлып ал да, лақтырып таста! Әттең қолыңнан келмейді", - деп жазды ақын.
Одан бөлек ақын теріс пиғылды жастардың жауыз екенін де жазды.
"Теріс пиғылдағы (бәрі емес) кейбір жастарды не деген жауыз дегім келеді. Сенің сыбайласың болуы мүмкін, Жанат Қожағали деген бүгінде өмірде жоқ адамды «маскүнем күйеу» деп жазғаны үшін заң алдында жауап берер. «Бақыт, Жанат деген аттарың қандай әдемі. Тек заттарыңды айқындап қоятындарың болмаса. Жанат «Нурикамал» фильміне жауап бермедің деп, кінәлайды. Ол киноға қатысым жоқ екенін ақпарат беттерінде айтқанмын. Кейбіреулер өршелене түсіп, «киноны тоқтатыңыз, ол Сіздің қолыңыздан келеді» деп жазады. Айналайындар - ау, менің де, сенің де, оның да қолынан келмейді. Бұл «нарық» заманы. Ақша билеген заман. Жақсы ән жасы болған соң, оған спектакльдер қойылып, кинолар, видеолар, клиптер) шығуда. Оны товар ретінде сатып жатыр. Адал шыным осы ән үшін (бұрын да, қазір де) үш тал гүл алған емеспін. Ән - көрінгеннің жемтігіне айналып кетсе, не істеуім керек?
Сондықтан да, тырнақ астынан кір іздеуден гөрі басқа нәрсемен айналысқандарың жөн. Сосынғы айтайын дегенім, жасы үлкен әріптестерге орынды-орынсыз тиісе беруді доғарыңдар. Ертең сендердің де келетін жасың! Әрине жете алсаңдар...
Апалық ақылым - ерікті ауызға, бөрікті бас сиятыны естеріңде болсын. Содан кейін «испанша күлесің бе, үндіше күлесің бе күле беріңдер, күле беріңдер!
Күлкі арзан!", - деп жазды Ханбибі Есенқарақызы.