Тойдың да естісі бар, есері бар

Oinet.kz 12-02-2025 52

Ұлтымыздың «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген тәмсілі рухани жүдеулікке, дертке ұшырап, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрден қол үзген, халықтық қалыппен қабыспайтын сиықсыз әрі сорақы жаңа салттардан көпшілікті сақтандыру мақсатында айтылып жатады. 

Screenshot_16.jpg

Бұл дерт ең алдымен өскелең ұрпақтың тамырын кеміріп, тауын шағатын құртқа, ал бүкіл ұлт үшін үлкен сорға айналды. Бүгінгі әңгімеміз – ұлттық тәрбиенің бесігі саналатын, ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан той мәдениеті төңірегіндегі түйткілдер жайында болмақ. Қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірінен шығып, республика аумағындағы көптеген тойлардың бел ортасында жүрген өнер иелерінің бүгінгінің асабалары мен той мәдениеті туралы пікірін білдік.

Ермахан ӘШІРОВ, «Інжу» ән-би ансамблінің продюсері, асаба, композитор:

Screenshot_19.jpg

Жұлдыздарды шақыру бәсекеге айналды

Қазақ бұрыннан-ақ той – қазына мен береке-бірліктің бастауы деп білген. Ол дегеніміз бір отбасының, қала берді тұтас әулеттің қуанышы. Кім болса да, өз тойын ерекше етіп өткізгісі келеді. Біздің қазақилықтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірінде тойдың өту барысы, жалпы шоу бизнес, той бизнес күннен-күнге дамып келеді. Әр той бірінен-бірі асып қызықты өтеді. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Әлбетте, асабалардың арасында да аласы да, құласы да, асып тасқаны да бар. Небір кітаптарды тауысқан, сөздің майын тамызатын асабалар жетерлік. Сонымен қоса, интернеттен жаттап алған, қайталана беретін әзілдерді айтып жүрген, артық қыламын деп мазақ болып жүргендер де, не дауысы, не дикциясы жоқ асабалар да баршылық. Әсіресе, жас асабалар арасында мұны жиі байқаймыз. Шоу жасаймын деп бұзып алмау керек. Тойдағы ән де, би де салт-дәстүрмен сабақтасу керек қой.

Қазір еліміз экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр дейміз, бірақ қалада да, ауылда да сол жағдай. Қарызданып, қауғаланса да қазақтың тойы өтіп жатыр. Атақты асаба немесе әжептәуір абыройға жетіп, көрінгеннің қолына түсе бермейтін эстрада жұлдыздарын шақыру да біз үшін бәсекенің бір түріне айналды. Күпініп, атағын шығару мақсатында той жасау – екі жастың болашақ бұтағын өз қолыңмен балталағанмен тең әрекет екенін ұғатын сана әзірге байқалмай тұр. Әркім өзінің көрпесіне қарай көсілсе, мұндай атақ-даңқ қуалау болмас еді. Осындай жағдайларды көргенде: «Біз осы қайда бара жатырмыз, бағытымыз қайсы?» деген сұрақ келеді.

Одан қала берді асабаның пәрменімен әдепсіз ойындар ұйымдастырылып, дарақылықты дәріптеу жаппай сипат алып барады. Бәрінен сорақысы –  тамашалап отырған қауымның мұндай сұмдықтан шошынбауы, езулері екі құлағына жеткенше мәз-мейрам болуы. Ұлттық дәстүрден қол үзу, бөтен жұрттың тек жаман әдеттерін үйренуден осындай кесапатты жағдайлар орын алып отыр. Мұндай тойлардың болғанынан болмағаны артық-ау. Тағы бір үйреншікті дағдыға айналып бара жатқан жаман әдет – бес-алтыда басталуға тиіс той сағат сегізге, тоғызға дейін жұртты тік тұрғызып қойып, жүйкені жұқартатыны. Лауазымды бір құрметті қонақтың кешігіп келе алмай жатуына қарай тойды кешіктіріп бастау, қалған халықтың уақытын бағаламау – былайғы жұртқа да сөкеттігі жоқ, үйреншікті қалып. Жат әдетті осылай үнсіз, бейқам қабылдай беретін болғандықтан болмысымызға да ол тереңдеп, дендеп еніп барады. Көпке топырақ шашудан аулақпын. «Тойым қазақы дәстүрмен өтсін» дейтіндер де жеткілікті. Әр әнге, әр биге, әр сөзге көңіл бөліп, салтымыздан айнып кетпеуге шақыратындар көңіл қуантады.

Той – мәдениеттің ошағы, мәдениеттің ордасы. Сондықтан тойда қызмет ұсынатын асабадан бастап әнші-биші, даяшы, оператор, фотографқа дейін жүріс-тұрысы мен киім киюі бақылауда болуы керек. Кез келген өнер иесі киелі сахнада өнер көрсететін кезде ел алдына қалай болса солай шығып кетпейді. Той да халқымыздың киелі орны. Оператор мен фотографтардың ұялы телефон шұқылап, жастардың, той иесіне тілек айтып тұрған адамдардың алдын жауып тұрғанына талай куә болғанмын. Бұл да той мәдениетіне сай қылық емес. Бір сөзбен айтқанда, той мәдениетінен ұлттық мәдениеттің иісі аңқып тұруы қажет. 

Хадиша ШАЛАБАЕВА, Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері:

Screenshot_17.jpg

Анайы анекдоттары жалықтырады

Бұрынғы мен қазіргі асабаларды салыстыруға келмейді. Қазіргі жастардың көбі шоу жасағысы келеді. Жылтырақ көйлек, жылтыр сөз, жылтыр әзіл мен күлкі. Той мәдениетін ұмытып барады. Бұрынғы ата-баба салтын білмейді. Мәселен, қызды өмірге бала әкелген аналар, жеңгелер ұзататын. Қазір тұрмыс құрмаған қыздар да қыз ұзата береді. Бұның барлығы той иесінің салт-дәстүрді білмеуінен туындайды. Орыстарға еліктеушілік басым. Күлдірем деп бүлдіретін асабалар көп. Қайта-қайта шапалақ сұрай беру де мәдениетсіздік емес пе? Тойға барған адам ләззат алып, демалудың орнына шаршап-шалдығып қайтатын сәттер көп. Өйткені даңғаза музыка, асабаның сөлсіз сөзі мен анайы анекдоттары жалықтырады. Барған кісі тілегін тезірек айтып, үйіне ерте қайтып кеткісі келіп тұратыны содан. Сөйлеп тұрған адамның тілегін біреу елеп, біреу жүре тыңдап, болмаса екеуара сыбырласып, күбірлесіп кетеді. 

Кей тойларда ұнамсыз мынадай бір жағдай белең алып барады. Тойға жиналған қауым жаңа түскен келіннің беташарында арнау айтқан әншінің алдына қойылған табаққа ақша тастайды. Келін есімі аталған кісілерге иіліп сәлем салып біткенше әлгі табақтың беті теңгеге лықси толып, алыс-жақын ағайын «қане, бұл додада кімнің аты бәйгеден оза шауып келер екен?» дегендей бірімен-бірі бәсекелесіп, бәсі түсіп қалмаудың қарекетіне көшеді. Сөйтіп беташарыңыз, қазақы дәстүріңіз қызыл-жасыл ақшаның көлеңкесінде көміліп қала береді. Қазақ халқының салтында жоқ осы бір ұнамсыз жайт жаңа отау құрып жатқан жастарға не өнеге береді?! Әрине әнші-жыршыға үй иесі тарапынан құрмет, лайықты сый-сияпат көрсетілмесін демейміз, көрсетілсін, бірақ бұлай емес, оның өз орны, өз рәсімі бар.

Жаңа айтып өткенімдей, қыз ұзату рәсіміне де үлкен мән беру керек. Ұзатылатын қызды жас қыздар, некесі сәтсіз болған әншілер емес, алтын құрсақты аналар, бір шаңырақты айрандай ұйытып отырған жеңгелері шығарып салу керек. Асабалар да той иелеріне дұрыс бағытта ұсыныс беріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі қазақ тойларына барғанда жайсыз жайттарды көріп, бетімізді басып қайтатын болдық. Жұртты күлдіремін деп бейәдеп әңгімелер айтып, орынсыз ойындарды ойнататын «асабасымақтар» оғаш қылықтарын өздері де байқамай бара жатқандай. Соңғы уақытта әлеуметтік желілердегі қазақ тойларындағы жосықсыздық пен анайылыққа жаға ұстайтын болдық. Қазақ қыздары көруге көз ұялатын қылықтарды көрсетіп масқара болуда. Онысына ұялып жатқан жоқ. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң, бұзылған нәзік жандылар білгенін істеп әлек. Сол жерде әлгі қыздарға тоқтау салатын  бір де бір ел ағасы, яки ақжаулықты аналарымыз болмағаны ма? Қайта қызығына батып, тамашалап, ысқырып, шыңғырып кетеді. Тіпті реті келсе шешініп билеуге дайындалған еркексымақтарды ер-азамат деп атау, сірә, әбестік болар. Асабалардың ойынының сиқы, ойыншық аттың үстіне отырып, қалыңдық пен күйеу жігітке бірінші жеткен адам жеңімпаз. Бұл не тағы? Сырт көзге қандай ерсі көрінетіне қарамастан барлығы ойынға қатысуға ұмтылады.  Қыздардың киген қысқа көйлектері одан арты түріліп, ұятты жағдайға қалып жатса да онымен жұмысы жоқ. Әйтеуір бірінші жетсем деген ой ғана. Қазақ тойдың берекесі мен киесін мүлде естен шығарғаны ма? Дәл осындай жәйттар қазір қазақтың «тойын» мазаққа айландырып, «шайтанның» ордасына айналдырып бара жатқаны шошытады.

Наркенже СЕРІКБАЕВА, әнші:

Screenshot_18.jpg

 Той жын-ойнақпен өтпесе екен

Елімізде соңғы жылдары той-томалақтардың дарақылық пен даңғазалыққа айналғаны көпшіліктің назарын аударуда. Бұрынғы қарапайым, мәні терең ұлттық салт-дәстүрлерімізден алшақтап, жаңа форматтағы даңғаза тойлар жиі ұйымдастырылып жүр. Бұл үрдіс, әсіресе, жастардың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, қоғамда қолайсыз жағдайлар тудырып жатқаны алаңдатады. Той-думандардың шоуға айналуы әнші-биші жұлдыздардың өздерін насихаттауына мүмкіндік беріп қана қоймай, қарапайым халықтың тұрмысына да ықпалын тигізуде. Ежелден халқымыз үшін тәрбиелік мәнге толы болған «Қыз ұзату» мен «Үйлену тойы» сияқты дәстүрлер қазір ысырапшылдықпен, қажетсіз жарыспен өткізіліп жатады. Мұндай жағдайлар жастардың отау құруға дайындықтарына, отбасы құндылықтарын терең түсінулеріне кедергі келтіруде. Сондықтан ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырта отырып, тойларды қарапайым, қазақы қалыпта, тәрбиелік мазмұнға сай ұйымдастыру – қоғам үшін маңызды.

Кәмелет жасына толмаған ұл-қыздардың қуанышын үлкен тойға айналдыру – қазіргі таңда талқылауға тұрарлық мәселелердің бірі. «Бесік той», «Тұсаукесер», «Тілашар», «Сүндет той» сияқты салт-дәстүрлеріміздің түпкі мәні тереңде. Бұлар қазақ халқы үшін қарапайым рәсімдер мен ырымдар ғана емес, балаға тәрбие берудің, бағыт-бағдар сілтеудің ерекше үлгісі болған. Бұрын мұндай тойлар отбасылық шеңберде, ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың батасымен, қарапайым да мәнді түрде өтетін. Қуаныштың осылайша шағын ауқымда, салт-дәстүрге сай өтуі оның мазмұнын ашып, отбасыға шынайы ырыс пен береке әкелетін. Ал қазіргі таңда тойларды үлкен мейрамханаларда өткізіп, балалардың қуанышын ерекше етіп көрсету үшін түрлі ерекшеліктер қосу үрдіске айналған. Сондықтан жасөспірімдердің қуанышын салт-дәстүрімізге сай, отбасы мен жақындар арасында өткізіп, ақсақалдардың ақ батасын алып, ырым-жоралғыларды ұстанған әлдеқайда дұрыс болар еді. Бір жағынан, бұл дәстүрімізді сақтауға, екінші жағынан, отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді. Мысалы, «Бесік тойын» алайық. Қазақ халқы әрдайым бесікті қасиетті деп білген, оны тәрбие мен ұлттық құндылықтың символы ретінде қадірлеген. Бірақ әлі бесікке бөленбеген нәрестені мейрамханаларға апарып, қасиетті рәсімді сонда орындаудың мән-мағынасы қаншалықты терең? Мұндай ортада шынайы дәстүрден гөрі той-думан мен сән-салтанатқа көбірек көңіл бөлініп жатады. Бір қолда сусын, екінші қолда бата сұрап, әрі қарай көңіл көтеру – ата-бабамыздан қалған салтқа мүлдем сәйкес келмейді. Бата – тазалық пен шынайылықтың нышаны, оны құрметтеп, лайықты жағдайда  алу маңызды ғой. Осындай «Тұсаукесер», «Тілашар», «Сүндет той» сияқты салт-дәстүрлерді шаңырақта, отбасы мүшелерімен, жақын туыстар мен көрші-қолаң арасында өткізген әлдеқайда дұрыс. Ақсақалдардың берген ақ батасы сол жерде қабыл болып, шаңырақтың берекесі арта түсетіні сөзсіз. Мұндай рәсімдердің басты мәні – отбасы құндылықтарын насихаттау және рухани байлықты сақтау. Егер ата-аналар кейін осы қуанышты сәттерін атап өтуді қаласа, жақын достарымен немесе құрдастарымен шағын отырыс ұйымдастырғаны жеткілікті. Бұл балаларды үлкендердің отырыстарына араластырмай, олардың жас ерекшеліктеріне сай ортада өсуіне ықпал етеді. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен тәрбие беру дәстүріміздің басты мақсаты екенін ұмытпайық. Жастарға кішкентайынан тәлім-тәрбиені қазақы нақышта, құндылықтарымызға, салт-дәстүрімізге үйлестіре отырып, ұлттық идеологияны жаңғыртатын мезгіл жетті деп есептеймін. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген мақал бекер айтылмаған шығар.

Той – халықтың қазынасы. Әрине, той көп болсын. Алайда, той жын-ойнақпен, ысыраппен өтпесе екен деймін.

Сауалнаманы жүргізген Аида ӨТЕП

Жарылқасын Әзіретбергенұлы: Арақ-шарап сатпауға шақырамыз
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу