Жарылқасын Әзіретбергенұлы: Арақ-шарап сатпауға шақырамыз

Oinet.kz 12-02-2025 52

Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары облыс орталығында жыл басынан бері заңсыз алкоголь өнімдеріне қарсы сауда орындарына 5 рейдтік тексеру шарасын жүргізген. 

Screenshot_5.jpg

Нәтижесінде 40 кәсіпкерге шара көріліп, 33 салық төлеушіден лицензиясыз спирттік ішкіліктерді сатылымға шығарғаны үшін 7379 шөлмек тәркілеген. Жалпы жиынтығы 6163 литр, құны 8 млн 443 мың 515 теңгені құрайтын алкоголь өнімдері түгел сот орындаушымен жойылыпты. Бұл туралы салық органдары қызметкерлерінің кәсіпкерлермен кездесуінде айтылды.

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Сәуле Шырынбековадан бастап, қалалық басқарма мамандары шаһардың сауда саласындағы кәсіпкерлерімен кездесуде салық заңдылығын жан-жақты мысалдармен түсіндіріп, тұрғындардың түрлі сұрақтарына да жауап берді. Мемлекет басшысының пәрменімен келесі жылы қабылдауға шегерілген салық туралы жаңа заң жобасына ұсыныстар беріп, өзгерістер енгізуге болатыны да айтылды. Ең бастысы – заңмен бекітілген салық түрлерін төлеу міндет.

Жиынға салық төлеушілермен қатар ақсақал-ардагерлер, имам-молдалар да қатысты. Осы мүмкіндікті дұрыс мақсатта пайдалануды ұйғарған облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы сауда орындарының басшыларын алкоголь өнімдерін сатпауға шақырды. Әрине, 21 жасқа дейінгі азаматқа ұсынбау, тәуліктің белгіленген мерзімінде ғана сату секілді спирттік тауарларды саудалаудың ережесі бар. Дегенмен, ел ішінде екінші Мекке аталып кеткен Түркістанның арақ-шарапсыз қалаға айналғанын қалайтындар аз емес.

– Еліміздің барлық облысында Ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Ал, Ақсақалдар алқасы Қазақстанда біреу-ақ, тек Түркістан облысында. Бүгін алдарыңызға өздеріңізбен ақылдасуға, кеңескелі келген Ақсақалдар алқасы 2021 жылдан бері өңірімізді арақ-шараптан ада облысқа, Түркістан қаласын шын мәніндегі рухани астанаға айналдырайық деп үндеу жариялап келеді. Нәжижесінде Түркістан облысында 51 ауыл арақ-шарап ішуді тоқтатты. Дүкендерінде сатпайды, құдалық, той, басқа да қуанышты жиындарын алкогольсіз өткізеді. Бір Сауран ауданының өзінде 10 ауыл арақтан ада ауылға айналды. Мұндай елді мекендердің қатары көбейетініне сеніміміз мол. Ал, Түркістан қаласында 12 супермаркет, дүкендер арақ-шарап сатуды тоқтатты. Оларға рақмет! Осы мақсатта біз облыстық, қалалық салық органдарының басшыларына сауда саласындағы кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу жиындарына қатысайық деп өтініш қылдық. Өйткені облыс орталығында әлі де арақ-шарап сататын супермаркеттер, дүкендер, сауда орталықтары жетерлік. Бірақ, олардың сатуға рұқсаты – лицензиясы бар, заң қорғайды. Алайда, статистикаға сүйенсек, елімізде қылмыс түрлерінің 90 пайызға жуығы алкоголь өнімдерін тұтыну салдарынан орын алады. Яғни, адам өлтіруге дейінгі ауыр қылмыстарға сатушылар да себепкер болады деген сөз. Оған келтіретін мысалдар да жеткілікті. Сондықтан, шаңырағымыздың шырқын бұзатын, қоғамда қылмыс жасауға итермелейтін осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында біз облыс, қала имамдарымен, ақсақалдармен ақылдасып, жастармен де кеңесіп жүрген жайымыз бар. Солай көптің қолдауымен, сұрауымен араларыңыздағы лицензиясы бар сауда орындарының иелерін спирттік ішкіліктер сатпауға шақырамыз, – деді Жарылқасын Әзіретбергенұлы.

Ақсақалдар алқасы төрағасының айтуынша, қоғамдық ұйым мұнымен ғана шектелмейді. Елдік мәселелердің ешқайсысынан да шет қалған емес. Көпке жария қылмай-ақ кәсіпкерлердің қолдауымен шын мұқтаж жандарға азық-түліктен бастап, түрлі материалдық көмектер беріп, демеп, қол ұшын созатыны да бар. Құрылғанына 25 жыл болған Ақсақалдар алқасы осы күнге дейін 40-тан астам отбасыға баспана сыйлаған.

– Дүниеде екі нәрседен құтыла алмаймыз. Оның бірі ажал болса, бірі – салық. Кім болсақ та заңмен бекітілген тиісті салықты төлеуге міндеттіміз. Яғни, заңсыз әрекетке бармауымыз, салығымызды төлеуіміз қажет. Сонымен қатар, жағдайымыз жақсарған сайын қайырымды болуымыз керек. Қайырымсыз, тұрғындары бір-біріне көмектеспейтін мемлекет дамымайды. Халқың қолдамаса, бір-ақ күнде жиған байлығың да көмектесе алмай қалуы мүмкін. Оған менің досым, еліміздің Президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мысал бола алады. Сондықтан артылып жатса, өнегелі меценат азаматтардың қатарын көбейтіп, арамыздағы шын мұқтаж отандастарымызға көмектесейік, – деді Ақсақалдар алқасының төрағасы.

Жиында айтылғандай, облыстағы барлық аудандар мен қалаларда Ақсақалдар алқасының филиалдары жұмыс істейді. Түркістан қаласының өзінде 1200 мүшесі, 200 көше биі қоғамдық жұмыстарға араласып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»
Тойдың да естісі бар, есері бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу