Зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Oinet.kz 21-07-2023 499

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 23-маусымда әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі дағдарыстық орталық құруды тапсырған болатын.

IMG-20230801-WA0012.jpg

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Абай облысында дағдарыстық орталық ашылмақ. Аталған орталық қызметінің мақсаты - отбасында жәбір көрген адамдарға психологиялық және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету. Сондай-ақ, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу. 

Абай облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Серік Жұмаділов: "Бұл орталыққа әйелдер мен балаларды орналастыру жоспарлануда. Олар қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер, яғни әртүрлі қиын жағдайларды бастан кешіргендер. Дағдарыс орталығында қызмет алушыларға психологиялық көмек көрсетіледі. Балаларды балабақшаға, мектепке орналастыруға, құжаттарын реттеуге де көмектесеміз" деді.

Қазіргі таңда, орталық ғимаратының аумағын абаттандыру, қоршау жұмыстары жүргізілуде. Орталық 25 орынға арналған. Штат бірліктерінің саны стандартқа сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін көрсету үшін 22 маманды құрайды. Онда әлеуметтік, медициналық психологиялық, құқықтық қызметтер көрсетіледі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстандық қоғамдағы басты мәселелердің бірі.  Көбінесе отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың басым бөлігі нәзік жандылар. Жылдар бойы жасырады, айтуға, арыздануға жасқанады. Соңы түрлі өкінішті жағдайлармен аяқталады. Сондай адамдарды құтқарып, пана болатын дағдарыс орталығын ашу арқылы үй ішіндегі қысымнан әйелдерді құтқару, оларды бейімдеп, көмек көрсету мәселесі шешімін таппақ.

Аида Өтеп

Ана мен баланы қолдау
Атышулы адамжегіш Николай Жұмағалиев жуырда бостандыққа шыға ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу