Зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жайты қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Әлбетте, мұнымен күресетіндер - полиция қызметкерлері. Сондықтан да, Шымкент Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбековтің осы туралы пікірін тыңдалық.
Ол "Бұл жағдайдан көбінесе әйелдер мен балалар зардап шегуде. Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов үй тирандарына жүктелетін жауапкершілікті заң жүзінде күшейту қажеттігін айтқан болатын. Нақтырақ айтқанда, арызданушыдан анықтаушыға көшу. Яғни, құқық бұзушыны орын алған жайтқа қатысты міндетті түрде жауапқа тарту. Ең төменгі әкімшілік қамау мерзімін 5 күнге, құқық бұзушылықты қайталап жасаған жағдайға қамаққа алу мерзімін 20-25 күнге дейін ұзартуды ұсынды. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға ескерту жасаудың орнына, қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жазалауды дұрыс деп санайтынын жеткізді. Ең бастысы, денсаулыққа зиян келтіруге байланысты қылмыстардың құрамына “отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы адамға қатысты”деген саралау белгісін енгізуді ұсынды.
Жоғарыда аталған ұсыныстардың барлығы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жайтын азайтуға зор үлес қосады. Себебі, көбінесе ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындағанда полициядан көмек сұраған әйелдер кейін арыз жазудан бас тартады. Салдарынан отбасына күш көрсеткен әке сымақтар жазасыз, ескертумен құтылып кетеді. Жалпы, біздің елімізде өзге адамның құқығын таптауға, күш қолдануға, ар-намысына тиіп, жекесіне өтуге жол жоқ. Ол сіздің жұбайыңыз болса да басқалардың ой-пікіріне құрметпен қарау шарт. Жанұяда көп нәрсе ер адамға байланысты екенін есте сақтау керек" деді.