Демография - мемлекет дамуының кепілі

Oinet.kz 30-05-2023 866

Бүгінде әлем халқының саны 8 миллиард адамнан асты. Небәрі 13  жыл бұрын жер бетінде 7 миллиард халық бар еді. Бұл әлем халқының саны өте қарқынды дамығанын білдіреді. Демографиялық дүмпу Қазақстанда да сипат алды. 

Screenshot_22.jpg

Небір нәубет жылдарды бастан кешіріп, қаншама халқынан айырылған қазақ  үшін бұл әрине үлкен қуанышты жайт екені анық.  

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2023 жылғы 1 сәуірдегі  Қазақстан  халқының  саны 19 832 737 адамға жеткен.  Оның ішінде қалалықтар – 12 259 453 адам (61,8 пайыз); ауылдық – 7 573 284 адам (32,8 пайыз); ерлер – 9 681 672 адам (48,8 пайыз); әйелдер – 10 151 065 адамды құрап отыр (51,2 пайыз).   Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 93,5 мың бала дүниеге келген. Оның ішінде 48,4 мыңы – ұлдар, 45,1 мыңы – қыздар. Туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 19,06 туу. Аталған кезеңде қайтыс болғандар саны 32,6 мың адамды құрады (2021ж. – 36,1 мың, 2022ж. – 38,1 мың), бұл ретте 1000 адамға шаққанда өлім-жітім коэффициенті – 6,65. Нәтижесінде халықтың табиғи өсімі 2023 жылдың 3 айында 60,9 мың адамды құраған.  Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1000 тұрғынға 26,31 адам), Түркістан (25,59) облыстарында және Шымкент қаласында (24,37) байқалады. 

Ия мұндай әдемі цифрларға қол жеткізу еліміз үшін оңай болған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан демографиялық дағдарысты бастан кешірді. Еліміз үшін  сыртқы саясатты реттеп қана қоймай, экономиканы, ішкі саясатты, соның ішінде демографияны да көтеру міндеті тұрды. Халық санын арттыру саясаты жүйелі жүргізілді деп айта аламыз.Табиғи өсім болу үшін аналарға қажетті көмек, медициналық және әлеуметтік жәрдемақы көлемі жыл сайын артып отырды.  Мемлекеттік бюджеттің тарапынан бала туғанда берілетін бірреттік төленетін жәрдемақының 1 қаңтар 2023 жылы бойынша бірінші, екінші және үшінші баланы туғанда берілетін жәрдемақы көлемі 131 100 теңгені құрайды, ал төртінші және одан да көп бала туғанда 217 350 теңге беріледі. Биыл  көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де артты. Сондай-ақ  бұған дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келді. Енді 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылды. Мұндай көмектің түрлері сайып келгенде еліміздің  демографиясының өсуіне өз септігін тигізіп келеді.  Яғни мемлекет тарапынан осындай қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көр¬сет¬кіші 25 пайызға артыпты.  Мамандардың болжамынша елімізде демография осындай қарқынмен өсетін болса, 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады дейді. 

Халық санының өсуіне оң ықпал еткен дүниенің бірі көші-қон саясатының дұрыс жүргізілуі. Әсіресе, кезінде түрлі тарихи оқиғалардың ықпалымен шетел асқан қандастарымыздың елге оралуы Қазақстанды  демографиялық дағдарыстан шығуға көмектесті. 

Қазақстан секілді жас, дамушы мемлекет үшін демографиялық өсім аса маңызды. Алайда халық санымен бірге елдің экономикасы, әлеуметі де дамып отыруы тиіс дейді  саясаттанушы Қазбек Бейсебаев. Экс дипломаттың айтуынша демографиялық саясатты дамытумен қатар өзге де факторларды назардан тыс қалдырмаған жөн.  

- Бұл мәселе негізінде халықтың өзіне байланысты. Қазір елімізде халықтың саны өсіп келе жатыр. Тәубә дейік. Бұл қуантарлық жағдай. Қазақстан демографиялық саясатының жетістігі аз емес. Бірақ, сонымен қатар бір үлкен проблема туып тұр. Ол жұмыс орны. Яғни халық саны өскен сайын жұмыссыздық мәселесі белең алуы мүмкін.  Бұл бағытта билік біраз  жұмыстануы керек»,- дейді сарапшы Қазбек Жұмабекұлы.

Ал белгілі экономист Мақсат Халық  елімізде демография одан әрі өсе түсуі керек деп санайды.  

- Құдайға шүкір,  Қазақстанда демографиялық табиғи өсім бар. Ресей немесе басқа көрші елдермен салыстырғанда халқымыздың саны жыл санап артып келеді. Бұл дұрыс үрдіс деп есептеймін. Және бұл саясат алдағы уақытта да өзінің жемісін таба беру керек. Әсіресе қазақ халықының көбейгені  біз үшін аса маңызды,- дейді ол. 

Қазақта «қой егіз тапса бір түп жусан артық шығады» деген керемет мақал бар. Халқымыз әр баланың өз несібесі бар деп есептеген. Билік өкілдері де әр баланың, азаматтың жағдайын жақсарту мақсатында статегиялық жоспарлар құрып отыр.  Халық санының артуы мемлекетке жүк емес жеміс береді деген сенімдеміз. 

Үкіметке алақан жайғанның бәрі мұқтаждар ма?
Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет қамқорлығында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу