Үкіметке алақан жайғанның бәрі мұқтаждар ма?

Oinet.kz 31-05-2023 797

Қазақ халқы «күніңді біреуге қаратпасын» деп қашанда сұраншақтықтан, масылдықтан мейілінше бойын аулақ ұстауға тырысқан. Алайда қазір заман өзгерді. Нарықтық қоғамда әркім қолынан келгенше жан бағып тырысуда.

Screenshot_23.jpg

Мемлекет қоғамның кейбір топтарына арнайы әлеуметтік бағдарламалар әзірлеп, жәрдемақылар тағайындаған. Бұл халықтың тұрмысын түзеу, қолайлы жағдай туғызу мақсатында жасалып отырған мемлекеттің бір саясаты. Алайда арамызда осы саясатты теріс түсініп, өз пайдасына асырғысы келетін жандар табылуда. Мемлекеттен ала берсем деген тоғышарлар қоғамда патерналистік көңіл-күйді қалыптастыруда. Алайда масылдыққа жол жоқ.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмектің тиісті жандарға көрсетілуін қадағалауды, масылдықпен күресуді тапсырған болатын. Өз жолдауында Мемлекет басшысы: 

"Қазақстан - әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету - басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заң мен қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр", - деп атап өтіп:  "Ең бастысы әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана сезімі де өзгеруі тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек", - деп нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Яғни бұдан былай себепсіз үкіметтің мойынына мініп алғандар заң алдында жауап беретін болады.

Жалпы патерналистік көңіл-күй неден пайда болады және мемлекет азаматтарға көмек беруге міндетті  ме? Бұл мәселе бойынша елімізге белгілі экономист Мақсат Халықтың өз айтар ойы бар. 

-   Мен  халқымызды масыл деп есептемеймін. Және олардың талаптары көп жағдайда дұрыс. Неге? Себебі бірінші кезекте үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар халықтың табысын арттыру болып тұр. Біз «қантар оқиғасынан» кейін де осы процеске көп қараймыз. Бірақ халықтың  табысы артып жатқан жоқ. Қазір инфляция өте жоғары дәрежеге көтеріліп жатқандықтан халықтың табысы түкке жетпей  жатыр. Кедей халықтың саны көбейіп келе жатыр. Әлемдік дәрежеде жалпы салыстыратын болсақ Жалпы ішкі өнім бойынша жақсы көрсеткіштеміз. Жан басына шаққанда ЖІӨ 10 мың доллардан асып тұр. Табысы орташа елдердің қатарындамыз. Бірақ та халықтың көп бөлігі ақшаны азық-түлікке жұмсайды. Сол жағынан қарайтын болсақ онда біз Африкадағы кедейлердің қатарында жүрміз. Ал мемлекеттен берілетін жәрдемақының көлемі бүгінгі күннің талабына аздық етіп отыр. Сондықтан халықтың талабы орынды деп есептеймін. Егер елдің  табысы жоғарылағаннан  кейін де халық билікке талап қойып, «мемлекет міндетті»  деген мәселені айта берсе, қоғамда масылдық бар деп сол кезде айтуға болады,- дейді Мақсат Халық. 

Мемлекет әрдайым қиындыққа тап болған, көмекке мұқтаж жандарды қолдауды жалғастыра бермек. Тек еңбекпен тапқан нан тәтті екенін ұмытпаған жөн. Қыбырлаған қыр асады демекші, әр адам еңбектенсе үкіметке де, басқаға  да қол жайып отырмасы анық. Міне, осындай азаматтар көп болса еліміз өсіп-өркендейді, гүлдейді.

А.Оңғарбай

Ұлт болашағы – дені сау ұрпақтың қолында
Демография - мемлекет дамуының кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу