«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Естеріңізде болса, былтыр Жеңістің 70 жылдығында Түркістан қаласына қарасты Ескі Иқан ауылындағы Сталиннің сақталып қалған ескі ескерткішін ауыл тұрғындары өз қаражаттарымен қайта жаңғыртып, үлкен жолдың бойына әкеліп орнатқан болатын. Бұл халық арасында наразылық тудырған соң, жергілікті әкімдіктің талабымен тиісті орындардың рұқатынсыз қойылған ескерткіш алынып тасталды. Қазір осы ескерткіштің қайда екендігі белгісіз.
Осы уақытқа дейін біз Сталиннің ескерткіші оның туған жері Гориде және Ескі Иқанда ғана бар деп келген едік. Алайда олай емес екен. Ауыл-ауылда, елдің назарынан тыс қалып кеткен қышылақтарда көсемнің ескерткіштері жетерлік болып шықты. Жақында Тәжікстанның Соғды облысы Ашти Боло ауылынан Сталиннің тағы бір ескерткіші табылды.
Биіктігі екі метрге жуықтайтын ескерткіші 1956 жылы Молотов атындағы ұжымшар жұмысшыларының ақшасына тұрғызылған және Хрущевтың жеке басқа табынушылыққа қарсы науқанынан аман қалған. Осындағы бір зейнеткер оны өмір-бақи күтіп баптап келген. Оның айтуынша, гипстен жасалған ескерткіш уақыт өте бұзыла бастаған, бес жыл бұрын генералиссимустың сол қолы жұлынып қалыпты. Алайда ауылдық емхананың дәрігері гипс пен цементтің көмегімен ескерткіштің бүлінген жерін жөндеп қойған. Сталинге қойылған белгілерді қирату науқаны кезінде ауыл халқы ескерткішті мақтаның кепкен сабақтарымен жасырып қалыпты.
--Сталиннің дәуірі террор меен репрессияның миллиондаған құрбандарымен тарихта қалса да, аға буын өкілдері оны батыр санайды. Тәжікстан әлі күнге дейін сталиндік қуғын-сүргін құрбандары туралы ресми статистика деректерін жарияламай отыр. Алайда Шириншо Шотемор, Чинор Имомов, Нусратулло Махсум және Абдулло Рахимбоев сынды елге танымал ондаған саяси және мәдени қайраткер сол заманда халық жаулары ретінде атылып кеткен,--деп хабарлайды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Мұрағаттан, 2016 ж