МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
Жуырда мегаполистегі «Жастар ресурстық орталығында» «Өмірім - болашағымның ертеңі» атты іс-шара өтті. Оған қаладағы 7-11 сыныпта оқитын барлық мектептердің оқушылары қатысты. Аталған жиынның басты мақсаты – шымкенттік жастар арасында девиантты мінез-құлықтың алдын алу. Іс-шарада оқушылар мамандар кеңесін тыңдап, көптеген пайдалы ақпараттарға қанықты.
Жалпы жоғарыда аталған ұйым жастар арасында тұрақты түрде суицид, темекіге құмарлық, ойынқұмарлық пен нашақорлық тақырыбында осындай профилактикалық мақсаттағы түрлі кездесу-жиындарын өткізіп тұрады. Ал жоғарыда аталған іс-шара Шымкент қаласы Тұран аудандық полициясының майоры Раушан Кертаева, психолог, гештальт-кеңесші Марал Жұмагелді, қаладағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау орталығының әдіскері Гүлнара Имашова және «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қорының өкілі Алтынбек Боранбеков секілді мамандардың қатысуымен ұйымдастырылды. Жастар олардан біраз ақыл- кеңес алып, жаман әдеттерге үйір болудың зардабы ауыр болатынын түсінді.
Жиында айтылғандай, заң бойынша кәмелет жасқа толмағандар түнгі уақытта жалғыз жүрмеуі тиіс. Ол үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы полиция майоры Раушан Кертаева айтып берді. Мәселен, жасы 18-ге жетпеген балалардың түнгі сағат 23:00-ден таңғы сағат 06:00 -ге дейін көшеде, басқа да қоғамдық орындарда жалғыз жүргені анықталса, бірінші ретінде тек ескерту берумен шектеледі. Егер мұндай оқиға бір жыл аралығында тағы да қайталанатын болса полиция қызметкерлері тарапынан хаттама толтырылып, ісі сотқа жолданады, ал жасөспірімнің өзі полиция департаментіне есепке қойылады. Компьютерлік ойынхаларынан шықпай түн жарымына дейін ойын ойнайтын мектеп жасындағы балалар баршылық. Олардың беймезгіл шақта жүргенін полиция білсе, алдымен ойынханаға егесіне, сосын әлгі жасөспірімдердің ата-анасына хаттама толтырылады. Сондай-ақ тексеріс нәтижесінде бала тәртібіне жауапкершілік танытпаған тұлғаларға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.