Ақсақалдар музей қорының дамуына үлес қосуда
Түркістан қаласының тұрғыны, зейнеткер Алиакбар Артықұлы Жалилов «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қорына 23 дана діни сипаттағы көне қолжазбалар мен тарихи кітаптарын, сондай-ақ, Ясауи кесенесі бейнеленген жарты ғасырлық тарихы бар кілемшені сыйға тартты.
Алиакбар Артықұлының айтуынша ХІХ ғасырға тән құнды дүниелер ата-бабаларынан және өзі білім алып жүрген кезеңде ұстаздарының берген кітаптарынан жинақталыпты. Тарихи деректері мол мұраларды қорық-музей қорына табыстап, көздің қарашығындай сақтап болашаққа аманаттауды жөн санағанын жеткізді.
Алдағы уақытта бұл мұралармен туристер танысып, бағасын бере алады. Туристер осындай құнды жәдігерлер аса қызықты.
Алиакбар Артықұлы табыстаған жазба ескерткіштері қатарында Әлішер Науаидің еңбектері, Софы Аллаярдың «Мәсләкул муттақин» (Тақуалар жолы), «Мухтасар ал-уиқая», Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадистері туралы, «Далаил хайрият» (Жақсылық дәлелдері), Ислам шарттары, Араб тілінің синтаксисі, «Фикһ» сынды кітаптар мен қолжазбалар бар. Бұл қолжазбалардың тарихи маңызы зор болмақ. Туристер осы қолжазбалармен танысып, Түркістан тарихына көз жүгірте алады.
Музей басшылығы музей қорына тапсырылған баға жетпес құнды кітаптар үшін Алиакбар ақсақалға зор алғысын жеткізді.