Туристер қазақ аруларының талғамын биік бағалады

Oinet.kz 10-11-2022 255

Screenshot_14.jpg

Түркістанда тарихи-мәдени этнографиялық орталығы орналасқан. Музейлік экспозициясы 3800 шаршы метрді қамтитын орталық 2011 жылы ашылған. Ғимарат 3 қабаттан, 5 көрме залынан, конференция залынан, қолөнершілер шеберханасы және тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арналған бөлмелерден тұрады. Мұнда туристер тұрақты түрде келіп тұрады. 

Орталықтың екінші қабатының оң қанатындағы экспозициясынан Түркістан қаласының XIX-XX ғасырлардағы  тарихын көруге болады. Қазақ қолөнер шеберлерінің жоғары дәрежедегі еңбектері көз қуантады. Мал шаруашылығымен біте қайнасқан қазақ аруларының әшекей бұйымдары ұлттың эстетикалық деңгейінің жоғары болғанын дәлелдейді. Менделеев кестесіндегі барлық элементтері кездесетін қойнауы қазынаға толы дала да зергерлерге жоғары жетістікке жетуге кедергі болмаған. Әшекей-бұйымдарға қарап қазақ шеберлерінің зергерлік бұйымдарды жасауда сан алуан техникалық тәсілдерді жетік меңгергенін аңғаруға болады. Қазақ зергерлері, түсті металдардан сан алуан әсемдік бұйымдар жасаған. Әсіресе, күмістен соғылған сырғалар, шолпы, шекелік, алқа, жүзік, білезіктер, қапсырмалар мен түймелер секілді көптеген сәндік әшекейлер ертеден-ақ кең тараған бұйымдар қатарына жатады. Зергерлік өнердің ғасырлар бойы үздіксіз дамуының нәтижесінде  қазақ халқының дәстүрлі қолөнері айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілген.

Музей экспозициясына шығарылған зергерлік бұйымдар XIX-XX ғасырларға тән. Олар музейді ашу кезіндегі ұйымдастыру жұмысы барысында оңтүстік өңірдің тұрғындары арасынан жинақталған. Мұражайдың негізгі жәдігері ретінде Хан мен Ханшаның «Отау жүзіктерін» атауға болады. Күміс жүзік пен сақина киіз үй формасында жасалған. Бірнеше қанық түсті эмальмен боялған әсем жүзіктерге асыл тастардан ерекше нәзік етіліп көздер орнатылған. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан өңіріне тән, қазақтың кіші жүзінен шыққан қыздарына арнайы жасалатын, ортасына таңбалар салынған, ерекше зерленіп жасалған күміс жүзіктер де мұражайдың мақтануға тұратын жәдігері болып табылады. Сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңіріне тән «Құс тұмсық» жүзіктерінің, сырғаларының, алқалар мен өңір әшекейлерінің де сан алуан түрлері музей экспозициясын түрлендіріп тұр. Әшекей-бұйымдардың маңынан айналсоқтап кетпей жүрген түркиялық туристі сөзге тартып көрдік. Өзін Иылмаз Мэйра деп таныстырған турист: «Қазақ аруларының талғамы биік болған екен. Еліме қазақы зергерлік бұйымдарды алып кеткім келеді»,-деді. Музейге жақын маңдағы кәдесый дүкенінің қайда орналасқанын түсіндірдік те, экскурсиямызды жалғастырдық. 

Туристер құнды жәдігерлерді көруге құштар
Музейлер арқылы туризмнің шыңына шықпақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу