Туризмді дамытуда музейдің алар орны ерекше

Oinet.kz 09-11-2022 168

Screenshot_7.jpg

Туризмді дамытудан - музейдің алар орны ерекше. Музей — заттық ескерткіштер жинау мен халықтың жадын, тарихын сақтайтын, қорғайтын және оларды жалпақ жұртқа паш ететін орын. Музейдің негізгі құндылығы — оның жәдігерлері. Музейге жиналған заттар — халықтың өмірінің айнасы, халықтың бүкіл рухының белгісі. Музей қорын толықтырудың көптеген жолдары мен әдістері бар. Солардың бірі — халық арасында түрлі акцияларды өткізу арқылы халықтың өткенінен сыр шашатын жәдігерлерді музей қорларына өткізіп, сақтауға үндеу.

Елдің, ұлттың, қоғамның жады іспеттес музейлердің барлығы сынды Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі де мемлекет құндылықтарын сақтау, оны болашақ ұрпаққа жеткізу сынды өте жауапты міндетті арқалап келеді. Осы орайда соңғы жылдары «Әзірет Сұлтан» музейі «Музейге сый» акциясы аясында түрлі шараларды ұйымдастыруды қолға алған.

Дәстүрге айналған  «Музейге сый» акциясы аясында жомарт жандардың бірі М.Тастанбеков музей қорына өзінің жеке коллекциясынан 8 дана нумизматикалық жәдігерлерді сыйға тартты. Осы орайда, музейдің нумизматикалық жәдігерлер қоры XV ғасырда Темір әулетінің билеушісі Ұлықбектің тұсында жасалған ақша реформасы кезінде 832 х. жылы (1428-1429 ж.) Бухара ақша сарайында соғылған 2 дана фулус, XVI ғасырдың алғашқы жартысында Ясы қаласында соғылған, бетіне «Адиль Хан» эпитеттік жазбасы түсірілген 1 дана мыс динар,  Ресей патшалығының 1866 жылы соғылған 3, 1890 және 1913 жылы соғылған 2, соғылған жылдық көрсеткіштің бірлік саны жойылып кеткен (190… ж.) 1 копейкалары, хижра жыл санағы бойынша 1310 жылы (1892-1893 ж.) Бұхарада соғылған Бухара әмірлігінің күміс тангасы сынды құнды жәдігерлермен толықты.

— «Музейлерде жәдігерлердің барлық жағдайларды ескере отырып сақтауға алынуы еліміздің, оның өзіне тән ерекшеліктерін, өзгеге ұқсамайтын болмысының болашақ ұрпаққа аман жеткізілуіне қажетті ең маңызды дүние екендігі анық. Өйткені кез-келген халықтың рухани болмысы оның материалдық дүниелерінде көрініс беріп отырады. Қала тұрғындарын халқымыздың рухани-материалдық болмысын тану мен сақтауда маңызы зор тарихи жәдігерлерді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорларына өткізуге шақырамыз. Өйткені, тек музей қорларына өткен жәдігерлер ғана ондаған, жүздеген жылдардан кейін де экспозициялық шешімдер арқылы көрерменнің көз қуанышы болып, тарихшы, археолог, этнограф, нумизмат, қолөнершілер, суретшілер мен тағы да басқа халық жадын жандандыруға қызмет ететін мамандардың зерттеулеріне арқау болуға мүмкіндік береді»,-дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушылары.

Сапар орталықтарының маңызы зор
Құнды жәдігерлер көздің қарашығындай сақталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу