Қазақ батырлары қолданған қару түрлеріне қызығушылық мол

Oinet.kz 18-11-2022 310

Screenshot_19.jpg

Құнды жәдігер үшін мұхит асып келетін туристер баршылық. Оларға бағзы заманда марқасқа батырлар ұстаған әрбір зат өте құнды. Қазақ тарихындағы хандар мен батырлардың, билер мен датқалардың Түркістан қаласына ат басын тіремей кеткендері кемде-кем. Қайсар жүрек Қабанбай батырдың да табаны тиген өлкеде оның құнды мұрасы сақтаулы. Қаншама шайқастарда қолынан түспеген қару сапы «Əзірет Сұлтан»мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі қорының этнографиялық тобынан берік орын алған.

Қара керей Қабанбай — (1692ж Алакөл өңірі-1770ж. Барлық тауы, Қоңырата жайлауы) Абылай хан тұсында, яғни ХVIII ғасырда жоңғарларға қарсы күресте жанқиярлықпен ел қорғаған, Найман тайпасы, Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан қазақ батыры. Батырдың азан шақырып қойған аты — Ерасыл. Қабанбай — ерлікпен даңқы шыққан кезде халық қалап қойған лақап аты. 1740 жылы Шыңғыстау шайқасында ерлікпен көзге түскені үшін Абылай хан оған «Дарабоз» деген атақ берген. Осыдан бастап замандастары оны «бас сардар» немесе «Дарабоз» деп атаған.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей қорына сапыны сексенінші жылдары Қабанбайдың ұрпағы, халық суретшісі Сахи Романов әкеліп тапсырған.

Жәдігер негізгі екі бөліктен тұрады: сапы және қыны. Сапының ұзындығы-34 см, болаттан соғылған жүзінің ұзындығы-21,4см. Жүзінің жоғарғы жағында-жетесінен бастап ұшына 3 см-дей жетпей кідірген екі кертік сызығы бар, сабының қоспасы жартылай «овал» пішіндес таза күміспен көмкерілген, онда қаралау әдісімен гүлді ою бедерленген. Бұдан кейінгі жете бөлігі 2 см. көлемде қорғасынмен қапталған, оған күміспен жиектелген көк және жасыл түсті жартылай бағалы асыл тасты (бирюза) төртбұрышты тізбек әшекей ұласқан. Сарғыш тартқан сабының ұзындығы-11см, ол батыр ұрпақтарының айтуынша пілдің тісінен жасалған.

Жәдігердің екінші бөлігі-оның былғары қыны. Қынның-ұзындығы-52см, ол «алақан», «қын» және «белдемеден» тұрады. Бесбұрышты алақаны, төртбұрышты белдемесі қынға сән беріп қана қоймай, арнайы қызметтер атқарған. Қынның өне бойы өсімдік тектес қазақы оюмен өрнектелген. Сапының жүзін мұқалтпас үшін әрі қару қынды кесіп кетпес үшін ағаштан жонылған «кіші қын» негізгі қынға нығыздала кигізіліп, өрме шашақты белдемеге таспамен біріктірілген. Жәдігер мұражай қорының қор сақтау бөлмесінде көздің қарашығындай сақтаулы.

Мұсылман елдерінен келетін туристер қатары артты
Көктас суы Түркістанның медициналық туризмін дамытуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу