Тәуіпке барып, тәубемізді ұмытып қала жаздадық

Oinet.kz 09-10-2022 2591

Бала кезден тәуіп, бақсы, құшынаш, көріпкел дегендерге сенбеймін. Бірақ түрлі себептермен 2-3 рет оларды да көріп шықтым. Сол хикаялардың қызықтысын жазайын дегем...

Screenshot_4.jpg

Бірде, Алматыға келген досым машинасының техпаспортын жоғалтып алды. Жер-көкте жоқ. Біздің үйді де мың рет ақтардық. Содан, әлгі досым қоярда-қоймай тәуіп іздей бастасын. Атакент тұсында бір жігіт ағасы кездесіп, "Пәленше деген жаңадан шыққан тәуіп бар. Есігін ашсаң болды, не үшін келгеніңді жырлап тұрып айтып береді",- десін.

Досым бірден сене қалды. Дереу мекен-жайын сұрап алып, солай тарттық. Шаляпин мен Момышұлы көшесінің қиылысындағы 9 қабатты үйдің 1-қабатында тұрады екен. Есікті ұзын бойлы,ақ көйлек, ақ жаулық киген әйел ашты. Тағдырдың тауқіметін көп тартқаны айтпаса да жүзінде жазулы тұр. Ішке аттай бере - бөлменің жұтаңдығын байқадым. Қаладағы жайнап тұрған пәтер емес, нақ бір ертең көшкелі отырған кедейдің итарқасын ескі түсіреді. Әр бөлменің кіреберісіне сатал-сатал перде тұтылыпты. Үйдің ішінен жағымсыз, сыздың ащы иісі шығады. Әне жер, мына жерде шашылған заттар, ыбырсыған қоқыстар. Әйелдің жетелеуімен бұрыштағы бөлмеге кірдік.

- Ал, не үшін келдіңдер?,- деді үй иесі екеуімізге кезек-кезек қарап. Мен досыма қарадым.

- Не үшін келгенімізді өзіңіз айтатын шығарсыз?,- деді ол да қарсы сұрақ қойып.

- Онда сен мұнда кел!,- деп мені шақырсын. Не істерімді білмей қалдым.

- Мен емес, мынау ғой,- дей беріп едім, "Сүйінбай атам сені шақырып жатыр. Қазір атамның әруағы сенің не істеп жүргеніңді айтып береді. Кел, бері!",- деді бұйырып.

Амалсыз, нұсқаған жеріне отырдым. Бір жағынан "атасының" не айтатыны да қызық боп тұр. "Соз, аяғыңды",- деді. Создым. Екі балтырыма екі аяғымен шығып алды да, бірдеме деп күбірлеп, әруақ шақыра бастады. Арасында "Сүйінбай атамның әруағы" деп қояды.

Біраз уақыттан кейін өзінен-өзі селк ете қалды да, көзін бақырайтып ашып алып, жыр ма десем ұйқасы жоқ, әңгіме ме десем мағынасы жоқ бір сөздерді ағытты-ай келіп!

"Былтыр барыпсың, сосын алыпсың. Кеше келгенде, басқа жерге барыпсың",- дей ме, бірдеме. Арық болғанымен, салмақты екен. Балтырымды мыжып барады. Шыдап отыра берейін десем, әзір тоқтамайтын сияқты. Аяғымды ақырын қимылдатып, дұрыстап алдым. Сосын 10-15 минөт бойы мынандай есуастық үшін күлкіге булығып отырдым да қойдым.

Кезек досыма келді. Оны да мен сияқты отырғызып қойып, мағынасыз "жырын" жырлап жатыр. Сәлден кейін досыма қарасам, қабағы тырысып кетіпті. Шамасы, әйелдің салмағын ауырсынса керек. Бақсы әйел трансқа кіріп алған. Аузынан көбігі ағып, "ырлап" жатыр. Досым көпке шыдамады. "Тоқтаңызшы!" деп тәуіптің "кәйіпін" бұзды.

Ана әйел транстан шығып, тоқтай қалды. "Мына аяғым жақында сынып еді. Сіз қазір дәл сынған жерде тұрсыз. Сәл әрірек тұрасыз ба?" дейді мүләйімсіп. Сол кезде есіме түсті. Аяғының сынғанына екі айдай ғана уақыт болған еді. "Сол жерде шайтан отыр! Тыныш отыр!" деді тәуіп. Деді де, сынған аяғын одан сайын езе түсті.

Досым байғұс "ойй" дейді бет-ауызы тырысып. "Өзі қоймай іздеп келген жер еді, енді отырысын қарашы!" деп ойлаймын да күліп жібере жаздаймын. Досым қиналған сайын, іштей айызым әбден қанды. Сонымен, қойшы, құрысын! Тәуіптің процедурасынан аман шықтық. Нәтижесінде түк айтқан жоқ. Кетер кезімізде "Жолдарың әбден байланып қалыпты.

Маған 30 мыңнан әкеліңдер. Алдымен бес атаға барамыз. Одан кейін 12 атаға барамыз. Сосын жолдарың ашылады" - деді.

"Мақұл-мақұл", - десіп, әлгі үйден кеткенше асықтық. Үйге күндіз сағат 16.00 шамасында келгенбіз. Арқам құрысып, бүкіл энергиямды біреу сорып алғандай әсерде едім. Жастыққа бас қойып едім, тапжылмастан ертеңгі түске дейін ұйықтаппын. Досым да сол кезде ұйқыдан тұрды. Содан бері 13-14 жыл өтіпті. Әлі күнге дейін досымды көрсем, "тәуіпке барамыз ба?" - деп мазақ қылам. Ал ол тәуіпке барып, бал аштыру деген жаман әдетін мүлдем қойып кетті.

Тоқтар Жақаш

facebook парақшасынан

«Еркек пен әйел билеген той халал емес» - белгілі дінтанушы
«Қазіргі жастардың денін шешесін сойып дүниеге келтірген ұрпақ құрайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу