«Жағажайда бикештердің бикини киіп жүргендеріне қарсымыз» - Байбота Қошым-Ноғай
БІЗ ҚАРСЫМЫЗ!!!
Әйелдердің жалаңбас жүргеніне қарсымыз! Шашының арасына шайтан кіріп кетеді.
Әйелдердің басына орамал тартқанына қарсымыз! Шашы биттеп кетеді.
«Қазақфильм» туындыларын көруге болмайды! Қазақтар кино түсіре алмайды.
Шетел фильмдерін көруге болмайды! Көрермендерін бұзады.
Дастарқан басында бас киіммен отырып тамақ ішуге болмайды! Этикаға жатпайды.
Дастарқан басында құран оқылған кезде жалаңбас отырма! Күнә болады.
Жағажайда бикештердің бикини киіп жүргендеріне қарсымыз! Жалаңаштанып алған.
Әйелдердің хиджаб кигеніне қарсымыз! Қымтанып алған.
Балаларыңды қазақ мектебіне берме! Болашақта мемлекеттік қызметке бара алмай қалады.
Балаларыңды орыс мектебіне берме! Орыс болып кетеді.
Еуропалық киім үлгісін пайдалануға қарсымыз! Ұлттық емес.
Ұлттық киім киюге қарсымыз! Жүріп-тұруға ыңғайсыз.
Әр адамның жеке көлігі болуы керек! Барар жеріңе жете алмайсың.
Әр адамның жеке көлік иемденуі дұрыс емес! Барлық жерде кептеліс!
Әркім саясатпен айналысуы керек! «Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады».
Саясатпен айналыспа, былғаныш тірлік! Өміріңнің бәрі босқа өтеді.
Біз коррупцияға қарсымыз! Коррупционерлер өмірімізді өксітіп бітті.
Ақша бермесең, ісің өнбейді. «Бара бергенше, пара бер».
Біз президенттік басқаруға қарсымыз! Жеке басқа табынуға алып барады.
Біз парламенттік басқаруға қарсымыз! Басшысыз қаламыз.
Мерзімді басылымдарды, кітап өндірісін тоқтату керек! Ешкім оқымайды.
Балалардың қолдарынан телефонын тартып алу керек! Ғаламторға кіріп бұзылады.
БІЗ ҚАРСЫМЫЗ!!!
Байбота Қошым-Ноғай facebbok парақшасынан