Шымкентте қуыршақтар шеруге шықты
Үшінші мегаполисте 1 маусым күні баллалар үшін үздіксіз шоу болды. Бүлдіршіндер мерекесінде Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры да қарап қалмады. Нағыз мерекені осылар жасады.
Таңнан бастап театр сахнасында Д.Саламаттың «Асыл шөп» қойылымының премьерасын балалармен тамашалады. Одан «Арбат» алаңында «Nur Otan» партиясының Шымкенттік филиалымен бірге ғажайып қуыршақтар шеруін және мерекелік бағдарлама, сыйлықтар ұйымдастырды. Этноауылдағы «Жеті қазына» іс-шарасына қатысып, балапандарға қуаныш сыйлады.
Мерекелік шараның екінші кезеңінде «Жеті қазына» атты балаларға арналған интеллектуалды ойын-сауық кеші ұйымдастырылды. Балалар төрт топқа бөлініп, Тәуелсіздік саябағындағы көмбеге жасырылған жеті қазынаны іздеп тапты. Ал, этноауылда балалар «асық», «теппе», «асау мәстек» ұлттық ойындарын ойнаса, «садақ ату», «ат ерттеуден» жарыс ұйымдастырды. Тоғызқұмалақтан есеп айырысып, қыздарымыз көрпе құраудан сайысқа түсті.
Түстен кейін қаламыздағы Дендросаябақтың арнайы шақыртуымен саябақтағы балаларға қуыршақтар тосын сый жасап сыйлықтар тарқатты. Бүлдіршіндер нағыз мерекені сезініп, бір серпіліп қайтты.