«Бала болашағымыз!» — этноауылда мереке
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай «Symqala» этноауылында «Бала — болашағымыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік іс-шарада №1, №2 облыстық балалар оңалту орталығында тәрбиеленіп жатқан 30 бүлдіршіннің және қала тұрғындары бүлдіршіндерінің тұсауы кесілді. Тұсауды қала әкімі, елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, эстрада жұлдыздары кесті. Рәсім қайырымдылық бағытта өтті. Қуыршақ театрының әртістері балалармен бірге өнер көрсетті. Қазақстанның жасөспірім жұлдыздары балаларға арналған концерттік бағдарламаны назарға ұсынды. Сонымен қатар «СМАРТ» мектебінің оқушылары мен эстрада жұлдыздары бірігіп, дуэттік әндер орындады.
Мерекелік шараның екінші кезеңінде «Жеті қазына» атты балаларға арналған интеллектуалды ойын-сауық кеші ұйымдастырылды. Балалар төрт топқа бөлініп, Тәуелсіздік саябағындағы көмбеге жасырылған жеті қазынаны іздеп тапты. Ал, этноауылда балалар «асық», «теппе», «асау мәстек» ұлттық ойындарын ойнаса, «садақ ату», «ат ерттеуден» жарыс ұйымдастырды. Тоғызқұмалақтан есеп айырысып, қыздарымыз көрпе құраудан сайысқа түсті. Мерекелік кеш соңында балаларға сыйлық үлестірілді. Бұл күн балаларға үлкен қуаныш сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметі артып, салт-дәстүрге деген таным көкжиегін кеңейткен сәтке толы болды.