Жекеменшік балабақшалар саны артады
Шымкентте балабақша ашып, балаларға шаттық сыйлаймын дейтін кәсіпкерлер де бар. Қазіргі таңда жаңа заман талабына сай, баланың ой-өрісін жастай дамытуда балабақшалардың рөлі зор екені белгілі. Миллионды қала тұрғындары үшін білім беру саласында әлі мәселе бар. Себебі, халық саны күннен күнге артуда. Сондықтан да үш ауысымды мектеп мәселесі, балабақшаларда орын жетіспеушілігі әлі де өзекті.
Шымкент қаласында 526 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Қазіргі таңда 2 871 кезекші топта 41 199 (70,3%) бала тәрбиеленуде. Шымкентте демографиялық өсімге сәйкес жаңа балабақшалар ашу қажеттілігі бар. Осыған орай, биыл жеке кәсіпкерлер есебінен 1600 орындық 14 балабақша ашу жоспарланған. Осылайша, қаладағы инвесторлардың арқасында бұл мәселелер шешімін тауып, нүктесі қойылмақ.
Қаңтар айынан бастап жан басына қаржыландыру құны әр балаға 37 527 теңге болып белгіленіп, қосымша қаржы қаралды. Өткен жылы 28 350 теңге болған.
Сонымен қатар, жан басына қаржыландыру жүйесі аясында бюджет қаражатын жинақтау, әлсіз деңгейдегі балабақшаларды сапалы балабақшаларға теңестіру мақсатында балабақшаларды біріктіру арқылы класстерлер құру көзделіп отыр.