Кәсіпкерлерге 20 миллион теңгеге дейін несие береді
«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша микро және шағын кәсіпкерлік нысандарын пайыздық ставканың бір бөлігін ішінара кепілдік арқылы қаржылық қолдау көрсетіледі. Кәсіпкер инвестициялық мақсаттарға - 20 миллион, айналым қаражатын толықтыруға - 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Несие мөлшерлемесінің тек 6% төлейді. Субсидиялау инвестициялық жобаларға - үш жылға, айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жобаларға - екі жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл ретте банк талап еткен кепілдіктің 85% мөлшерін «Даму» қоры арқылы беру қарастырылған.
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына бірнеше өзгерістер енген болатын. Мысалы үшін несие мөлшерлемесі 6%-ға төмендетілді, субсидиялауға жататын несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін артты. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге аталған бағдарламаға қатысуға мүмкіндік ашқан. Соның нәтижесінде экономиканың әртүрлі секторында қызмет көрсететін шағын және орта бизнес пен өңдеу өнеркәсібінде табыс тауып жатқан ірі кәсіпорындар қаржылай қолдауға ие болуда.
Үкіметтің шешімімен өткен жылдың шілде айында да «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына тағы да өзгерістер енгізілген. Бұған сәйкес Бағдарламаның бірінші бағытындағы «моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елдімекен кәсіпкерлерінің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау» туралы шарт алынып тасталды.
– 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 26,8 млрд.теңгеге 144 жаңа келісімшартты субсидиялауға қол қойылды. 2019 жылмен салыстырғанда жобалар санының динамикасы 228% өскен. Алдыңғы жылы 63 қана жоба болған. Салаларға бөлсек ең үлкен үлесті сауда, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары құрайды. Сонымен бірге былтыр жоғарыда аталған бағдарлама нәтижесінде 7,8 млрд.теңгеге 245 жаңа кепілдендіру шартына қол қойылды. Бұл жерде де сан жағынан 2019 жылмен салыстырғанда өсу динамикасы анағұрлым жоғарылағаны байқалады, - деді«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бөлім басшысы С.Исақов.