Қалауын тапсаң, кәсіп дөңгелетуге қолдау бар
«Даму» Қорының міндеті – шағын және орта кәсіпкерлікті сапа тұрғысынан дамыту және оған жан-жақты қолдау көрсету. Қор аймақтар мен жекелеген салаларға арналған мақсатты бағдарламалар аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несиелендіреді, микроқаржы ұйымдары арқылы кредит алуға көмектеседі. Банктердің бизнесті дамытуға бөлетін несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау әдісімен азайтады. Банктер алдындағы кепілзаты жетпеген жағдайда жартылай кепілдеме береді. 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікке қолдау көрсету құралдарының ауқымы анағұрлым арта түсті. Соның ішінде, шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға, шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттеріне кепілдік беруге мүмкіндіктер ашылды.
Шымкент қаласындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бөлім басшысы Сабыржан Оразқұлұлы төтенше жағдай мен санитарлық режим кәсіпкерлердің «Даму» қорынан мемлекеттік қолдаулар алуына еш кері әсерін тигізбегенін жеткізді. Карантин басталғалы барлық субсидиялар мен кепілдіктерге өтінімдер Egov және Online Damu порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Субсидиялар мен кепілдік шарттарына қол қою да электронды түрде жүзеге асырылады.
–Нақты мысалмен айтсақ, былтыр «Даму» қоры арқылы «Marai E7 Group» ЖШС несиеге қол жеткізді. Зауыт оңтүстіккореялық технологиясы бойынша жұмыс істейді. Халықаралық стандарттарға сай медициналық өнімнің 17 түрін шығарады. 2020 жылы Зауыт «Даму» қорына негізгі капиталды еселеуге және инвестициялауға, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға өтініш білдіреді. «АТФБанк» АҚ жобаны қарастырып, 14,95%-бен қаражат берсе оның 8,95%-ы Қор арқылы субсидияланды. Екінші жобаның бірі «NURTAU Distribution Company» ЖШС. Шоколад пен сағыз өндіреді. Кондитерлік фабрика құрылыс салу үшін «Даму» қорына жүгінеді. Мұнда да «АТФБанк» АҚ жобаны мақұлдап, 15%-бен несие беруге келіседі. Оның 9%-ын «Даму» қоры өтеуде. Және Қор кепілзаттың жетпеген тұсын өзі көтеруге кепілдік берген. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өндірістік қуаты сағатына 300-400 келі шоколадты печенье мен 400-500 келі сағызды құрайды, - деді С.Исақов.