Қазақ Радиосының жүз жылдығы атап өтілді
Биыл еліміздің ұлттың үніне айналған Қазақ радиосына 100 жыл. Айтулы мерейтойға орай қаламызда «Шымкенттен сөйлеп тұрмыз!» атты кеш өтті. Салтанатты шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген және зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Қазақ радиосының атауы Шымкент қаласындағы көшеге берілді. 100 жылдық тарихы бар ғасыр құрдасының мерейтойына орай көше атауын беру туралы шешім Шымкент қалалық мәслихатының отырысында қабылданды. Көшенің ұзындығы - 1900 метр. Шыңғыс Мұқан Наурыз мерекесінің аясында Шымкентте 325 көшеге атау берілгенін айтты. Оның ішінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің құрметіне қойылған «Егемен Қазақстан, сонымен бірге Ана тілі, Жас алаш, Абай жолы, Қалқаман – Мамыр, Ақ білек, Қамар сұлу секілді тағы басқа да көше аттары бар.
– Наурыз тойының аясында Шымкенттегі 325 көшеге атау берілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің ұсынысымен, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетовтің ұйытқы болуымен 18 наурызда мәслихатта Қазақ радиосы көшесі ресми бекітілді. Санаулы 3 сағаттың ішінде осы көшені салтанатты түрде ашып тұрмыз. Шымкенттің қандай оперативті екенін осыдан-ақ біле беріңіздер. Шаһарымыз осы жаққа қарай өсіп келеді. Шымкенттің дамып келе жатқан тұрғын алабында ашылған көшеміз құтты болсын. Болашақта Қазақ радиосы көшесі даңғылға айналып жатса таңғалмағайсыздар! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.