Шымкенттіктер Наурыз мерекесін ағаш отырғызумен бастады
Биыл көне Шымкент қаласының 2200 жылдығы! Және еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Мереке де көп, мерей де үстем. Осы тұста Шымкент қаласында Наурыз мерекесі қарсаңында біршама іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, "Наурыз айтысы", "Өнер барысы" өтіп жатыр. Барлығынан бұрын Наурыз мерекесі күні «Таза табиғат» экологиялық жалпыұлттық жобасы аясында ағаш отырғызу акциясы өтті. Қаладағы «Нұрсәт» тұрғын алабындағы «Астана» аллеясында өткен ағаш отырғызу шарасына қала тұрғындарымен бірге қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Бұлда бір 2200 тарихы бар шырайлы Шымқаланың болашақ ұрпаққа қалдырған теңдесі жоқ ізі, мұрасы іспетті. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" демекші, барша тұрғындарды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаған қала басшысы әр жылы Наурыз мерекесін көгалдандыру мен тазартудан бастауды дәстүрге айналдыру қажет екенін айтты.
Акция барысында аталған аллеяға өзіміздің дендросаябақта өсіп жетілген 250 арша көшеттері отырғызылды. Осылайша, Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау басталды.
Игі іс-шараға тұрғындар, ардагерлер, жастар жалпы саны 50-ге жуық адам қатысты.
Жалпы Шымкент қаласында 6 миллионға жуық жасыл желек бар. Өткен жылы 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» қалыптастырудың жоспары бекітілген. Жоспар бойынша 6,5 млн түп ағаш отырғызылатын болады. Осылайша, қаладағы ағаш қоры екі есеге артады.