Ұлттық тағамдар ұмыт қалмайды

Oinet.kz 21-03-2021 771


WhatsApp-Image-2021-03-21-at-18.16.46.jpeg

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығы мен Шымқаламыздың  2200 жылдық мерейтойларының аясында, 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар» күніне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы  «Жеті шаңырақ» мейрамханасында «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» атты танымдық шара өткізді. Шараның мақсаты ұмытылуға айналған ұлттық тағамдарын ұсынып жүрген «Кәусар», «Жеті шаңырақ», «Төрлет»  т.б.  мейрамханалар желісінің имиджін төл тағамдар насихаттау арқылы  көтеру. Көне заманнан бастау алған ұлттық асымызды жаңғыртып, туристерге қаламыздың тағамтану мәдениетін таныту.  

Заман алмасып, керуен көшкенімен көшпелі қазақ халқының таңдай қағып, тамсанатын тағамдары жетерлік. Қарын көмбе, белкөтерер, сірне, жаужүрек сынды тағамдар бүгінгде елдің есінен шыға қоймаған екен. Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкентте қазақ халқының ұмытыла бастаған ұлттық тағамдары біршама қонақтардың назарына ұсынылды. Іс-шараға келген қонақтар қатарында ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли, «Nur otan» партиясы Шымкент қаласы филиалы Төрағасының Бірінші орынбасары Жанар Бектаева, сондай -ақ елімізге танымал өнер жұлдыздары да бар.

Мегаполистің 5 ұлттық тағам ұсынатын дәмханасының аспаздары атаулы іс-шарада өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Дәмі тіл үйірер тағамдарды жасап қана қоймай, олардың жасалу жолын көрсетіп, дайындау әдістерімен бөлісті.  Шымкент қаласының әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Сұлтан Срайлов аталмыш іс-шараның басты мақсаты кейінгі ұрпаққа ұлттық тағамдардың көне дәстүрге сай нұсқасын тереңінен таныстыру деп мәлімдеді.

Ұсынылған ұлттық тағамдар қатарында «үлпершек» бар. Бұл астың ерекшелігі жылқы жүрегінен жасалады, сондай-ақ дәрумендер мен нәрге бай келеді. Мұндай асты көбіне ұзатылып кеткен қыз еліне төркіндеп келген кезде арнайы әзірлейтін болған.

Келесі халқының төл асының бірі – сірне. Бұл жеңсік ас көбіне қозының қом жинаған шағында дайындалады. Жас төлдің еті өте жұмсақ, әрі сіңірсіз сіресіп пісетіндіктен де «сірне» деп аталады екен.

Және естіген құлақты елең еткізер тағамның бірі «Белкөтерер» . Белкөтерер – дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. «Тоқсан көрем деген жасым ба еді, быламық жеймін деген асым ба еді»,- дегендей, жанары суалып, тісі түсіп, бойдан қуат кетіп, жасы келген жандар быламық секілді тағамды талғажау ететіні бар. Осындай жағдайда қарт кісілерге арнап жұмсақ әрі дәмді, қазы, қымыз секілді құнарлы тағамдардан бойға сіңімді сыбаға әзірлеген. 


«Шымкент мәдениет үйі» мерекелік бағдарламасын ұсынды
Шымкенттіктер Наурыз мерекесін ағаш отырғызумен бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу