Шымкентте өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны байқалады
Шымкентте өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласы қарқынды даму үстінде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сараласақ, бір ғана өнеркәсіп саласының 87 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 566,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 68,8 млрд теңгеге артқанын аңғартуда. Дегенмен, кез келген жетістік еселі еңбекпен келетіні анық.
Карантиндік режим іскер азаматтардың өз кәсібін дөңгелетуіне әжептеуір қиындық келтірді. Бірақ, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Бірінші кезекте біз жұмыс орындарын сақтап қалуға, жаңа жобаларда мейлінше жұмыс орнының көп болуына баса назар аударудамыз. Себебі, әрбір жұмысшы – бір отбасының асыраушысы. Қиын жағдайда әр үйге аз да болса табыс кіріп тұрғаны әлеуметтік жағдайды әлсіретіп алмауға кепіл бола алады.
– Пандемия салдарынан экспорттың шектелуі, тұтыну нарығының кең қанат жая алмауы өңдеу өнеркәсібі тауарларына деген сұранысты азайтқаны рас. Дегенмен, Шымкентте өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларында өсу динамикасын байқауға болады. Мысалы, фармацевтика өнеркәсібі 66,1%-ға, машина жасау 38,6%-ға, тамақ өнеркәсібі 18,4%-ға, өзге металл емес минералдық өнімдерді өндіру 10,3%-ға, металлургия 2,6%-ға өсті. ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 366,9 млрд. теңгеге 5 мыңнан аса жаңа жұмыс орны мен 45 жоба 5 жылдыққа іске асады. Оның ішінде бүгінгі таңда 22 жоба іске қосылып, 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды,- дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.