Бақытқа бастар 10 жол
Әр адам бақытты болғысы келеді. Ал сол бақытты болып, шат-шадыман ғұмыр кешкенге не кедергі? Бастар жолы қайда? Бақыт жайлы аңыз да көп, әпсана да көп. Себебі әр адам бақытты әрқилы сезінеді. Бір ғұламалар "бақыт деген - бір ғана сәт" деп түсінік береді. Енді бір данышпандар "бақыттың теориясы жоқ, болған да емес, болмайды да" деп айтады. Біреулерге бақыт - денсаулық, біреулерге - мансап, біреулерге - ақша, біреулерге - отбасы... Ал кейбір жандар үшін өмірдің өзі - бақыт. Адам өзін бақытты сезіну үшін не істеу керек? Бұл кез келген пенде баласын толғандырары хақ. Ал психологтар не дейді? Бақытқа бастар жолға түсу үшін қандай әдет пен қылықтардан бас тарту керек?
→ 1. Сәтсіздік үшін өзге кінәлі емес Өзінің қателігін өзгеден көретін жандар баршылық. Өзін қалай болсын, іштей ақтап алады. Сәтсіздігі мен қателігін өзгеден көреді. Осылайша айналасындағы жандар арасында сыйы да жоғалады. Өзі де біреуге сенім артудан қалады. Дұрысы өз қателігіңді мойындап, мақсатыңа жету жолында талпыну керек. Сенің сәтсіздігің үшін өзге кінәлі емес. Өзің ғана...
→ 2. Жалқаулық жарға жығады "Еріншектің ертеңі бітпес". Бұл мақалды мектеп кезінен есітіп келе жатқан боларсыз. Тіпті өзіңізге қаратыла айтылған сәттер де бар болар. Адам мақсатына жеткісі келсе, бір жолын табады. Ал ерінетін болса, сылтау іздей бастайды. Жалқаудың сылтауы көп (мұндайда ми да қатты жұмыс жасап кететін секілді). Бұл да бақытқа бастар жолдағы бір кедергі.
→ 3. Қорқынышты жеңу керек Адам бойындағы қорқыныш пен үрей - табиғи құбылыс. Бірақ бұларды жеңе білу керек. Қорықсаң, қорқып жүре бересің. "Тәуекел түбі - желқайық, мінесің де өтесің, уайым түбі − тұңғиық, батасың да кетесің".
→ 4. "Менікі әрқашан дұрыс!" Дәл осындай ұстанымдағы адамдардың жоғары жетістікке жетіп, бақытты болуы қиын. Себебі өзінікін әрқашан дұрыс деу - қателік. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. "Менікі әрқашан дұрыс!" деп кеуде қағу мен оны қашан да дәлелдеуге тырысу - мақсат жолындағы қолбайлау. Өзгенің көзқарасын да ескеру қажет. Сыннан сабақ алып, жағымсыз пікірлерді назарға алмаған жөн-ақ.
→ 5. Өзгеге қатты еліктемеу де керек Адам жетістікке жету үшін, өзін бақытты сезіну үшін біреуге еліктеуі де мүмкін. "Еліктеу қажет емес" деп айтуға болмайды. Ол да жоғары өрлеуге талпындыратын бір мотивация. Бірақ тым қатты еліктеудің де қажеті жоқ. Ол адам секілді емес, өз өміріңнің иесі ретінде өмір сүру маңызды.
→ 6. Жаның қалаған істен қашықтама Адамның қызығушылығы көп істе көмектеседі. Өзің таңдаған сала бойынша қызмет жасау да, өзіңді бақытты сезіндіреді. Жетістігің де, шығар шыңдарың да көп болады. Құлшынысың да жоғары. Себебі өзің қалаған салада жүрсің. Сондықтан да жаның қалаған істен қашықтамаған жөн.
→ 7. Келеңсіздік үшін өзіңді қатты кінәлаудың қажеті жоқ Басында айтқандай, кінәні өзгеден іздейтін жандар бар. Бірақ өзін кінәлі санап, жерден алып, жерге салатын адамдар да арамызда кездеседі. Бастаған ісіміздегі келеңсіздіктер мен кедергілер бәрімізде болады. Ештеңе жасамаған, ештеңе бастамаған, алға мақсат қоймаған жан ғана қателеспеуі мүмкін.
→ 8. Өткенмен өмір сүруден аулақ болған жөн Өткенге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп. Бәріміз де өте шыққан уақытты еске аламыз. Кейде сағынамыз да. Кейде сол кезде бұлай жасау керек еді деп өкінеміз де. Бірақ өткенмен өмір сүруден аулақ болған жөн. Бұл - мүлде еске алмау деген сөз емес. Бұл - болашаққа жоспар құр, алға қадам бас деген ой!
→ 9. Өзіңе көп талап қою да қажытады Кей жандар бар ісін алдын ала жоспарлап, уақытын бекітіп жүреді. Бұл керек-ақ. Бірақ өзіңе қатты талап қоюдың да кедергі келтіретін тұстары бар. Адамға бір ауық демалыс та қажет. Ағайын-туыс, дос-жаранмен араласуға да уақыт табу керек. Қайырлы іспен айналысуға да уақыт табыңыз. Жақсылық жасаңыз, өзгелерді қуантыңыз. Бұл сізге бақыт сыйлайды.
→ 10. Өзгерістен қорықпаңыз Күнделікті бір іс, қайталана беретін тірлік сізді жалықтырып, әрі қажытады. Өміріңізге өзгеріс жасап тұрыңыз. Пайдалы іспен айналысыңыз. Өзіңізді рухани тұрғыда байытыңыз. Жаңа қызығушылықтар тауып, жаңа арнаға түсіңіз. Иә, психологтар осындай кеңестер ұсынады. Ал психология пәнінің көптеген оқулықтарында "бақыт" термині "өз өмірінен толық қанағаттанушылық сезімін сезінген адамның психологиялық көңіл-күй ауаны" деп түсіндірілген.
Сіз үшін бақыт деген не?
Дереккөз: massaget.kz