Қарбызды қалай таңдаймыз?
29-05-2022
Енді көп ұзамай сауда нүктелеріне дарбыз түсе бастайды. Ал жақсы дарбыз таңдай білу де өнер. Дарбыз таңдарда мынадай жайлар есіңізде болсын:
1. Тым кішкентай немесе ебедейсіз үлкен дарбыз алмаңыз. Ең дұрысы – салмағы 5 килодан артатын дарбыз. Ұсақ дарбыз көлеңкеде өскен, азықтық заттары мөлшерден аз сіңірген, ал үлкен дарбыз «нитратты» көп жеген болуы мүмкін.
2. Дарбыздың қабығының түсі ашық болғаны жақсы. Яғни жарық пен жылуды, азықтық заттарды жеткілікті мөлшерде алған дарбыздың қабығындағы қара-көк, жасыл-ала түстер өз сызығымен айқын көрініп тұрады.
3. Дарбызды қысып көріп таңдайтын әдет бар. Бірақ бұл үзілгеніне ұзақ болмаған, көп тасымалданбаған дарбызға қатысты. Ал үзілгеніне көп болған, ұзақ тасымалданған дарбыз қысып көргенде шыртылдаған дыбыс шығармайды, өйткені оның еті біршама босаған. Сондықтан дарбызды сол қолға ұстап тұрып оны бүйірінен шапалақпен жоғарыдан төмен, төменнен жоғары қарай ұрып көру керек. Сонда ол оң қолдың соққысын сол қолға толық сезіндіреді. Бұл оның жақсы піскенінің белгісі.
4. Дарбыздың жерде жатқан жері сары емес, күңгірт қызғылт сары түсте болғаны жақсы. Бұл да оның сапалы піскенін білдіреді.
5. Дарбыздың «құйрығы» емес, осы «құйрықтың» дарбызға жалғасқан тұсы «құрғақ кіндік» түрінде болғаны жақсы. Яғни өз күшімен, дұрыс піскен дарбыз сабағынан өз күшімен бөлінеді, құйрығы қурайды.
6. Сапалы піскен дарбыз қабығын тырнақпен жыруға болмайды. Өйткені ол қатты, толық пісіп, сабағынан өз күшімен ажыраған дарбызды күн қызуынан, буланудан сақтайды. Ал егер саусақпен сырып көргенде қабық жырылып-тесілсе, онда дарбыздың толық піспеген болғаны.
7. Дарбызды бір тұсынан саусақ ысығанша ысқылап, иіскеп көрсе де болады. Егер осы кезде жаңа шабылған шөп иісі шықса, онда ол дарбыздың піспегенінің белгісі.
8. Ашыған немесе ашиын деген дарбызды алуға болмайды. Ал ондай дарбыздар жұмсақ, былқылдақ болады. Алақанмен ұрып көргенде адам су толы пакетті ұрғандай болады. Бұл – сырты бүлінбеген болса да, еті езілген дарбыз.
9. Дарбыз ірі әрі жеңіл болса, ол оның жақсы піскенінің белгісі. Яғни шикі дарбыз сырт көрінісіне қарағанда салмақты болады. Өйткені дарбыз жетілген сайын оның өзіндік салмағы ортая береді.