Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Абайдан басталған арман жолы
Абай атамды Алла қазақтың маңдайына бере салды ғой. Бір ғана Абай қазақ санасына қаншама төңкеріс жасады! Ғажабы сол, Абай көз жұмғаннан кейін бірден абайтану дәуірі басталып кетті! Көп өтпей-ақ оның өлеңдерін жинақ етіп шығару қолға алынды. Түрлі кедергілер туындаса да, 5 жыл ішінде «Құнанбай ұғландары» Турағұл мен Кәкітайдың құрастыруымен сонау Петербордан Абай сәулесі шашылды. Оның тасасында аты аталмай Әлихан Бөкейханов тұрды. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп «Қазақ» газетіне үлкен мақала жазды. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жастарға» өлеңінде: «Жалыналық, Абайға, жүр, баралық! Білімді сол кісіден ізденелік», – деп ұран тастады. Абайдан қалған «екі ұрты бірде қан, бірде май қалың қазақты» Міржақып оятуға тырысты.
Сөйтсек, Абай Құнанбайұлы өзінің «соқтықпалы соқпақсыз өмірімен», «мыңмен жалғыз алыса жүріп», қазақтың білімділер династиясына жол салған екен ғой! Династия сөзі бір әулет ұрпақтарының бір саламен нешеме буын бойы айналысып келе жатқанын білдіреді. Қазақ сол кезде бір әулет еді. Оның басына Абай сияқты «қайғы ойлаған, ұйқысы сергек» адам қажет еді. Абай дәуір сахнасына дәл қажет уағында шықты. Абай тағлымы өзінен кейінгі қазақтың барлық игі-жақсысына дарыды. Бірі – заңгер, бірі – теміржолшы, бірі – географ, енді бірі баспагер қазақ зиялыларының жауыннан кейінгі көктей дүр көтеріліп, еңсе көтеріп келе жатқанын патшалық билік көре алмады. Олардың ойынша, бұратана халық мұншалықты серпілмеуге, оянбауға тиіс еді, мүлгіген үстіне мүлгіп, «шыбындап», не айтсаң да бас шұлғи беруге тиіс болатын.
Абай қазақ білімділерінің династиясын құрды! Әрине, оны өзі білген жоқ. Тіршілігінде ол, өзі айтпақшы, «ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу, бала бағу» рақатынан бас тартып, білгенін қағазға түсіруге көшті. Айналасына сері мен салдарды емес, білімге құмартқан жастарды жинады. Бір ғана адамның осы әрекеті қазақты жаңа өмір – білім дәуірі күтіп тұрғанын ұқтырды. Абайдың өзі Семей кітапханасына тон киіп кіріп, «дала түйесінің кітапханаға кірмейтінін» елестетсе, кейінгі династиясы сол кітапхананың төрінде отыруға жарады. Перзенттерін де Абай қазақ үшін мүлде соны тарапқа жұмсады. Әбіш Петербордан білім алды, Мағауия Семейде училищеде оқыды. Әттең, осы қос жұлдыздың ғұмыр жарығы қысқа болмағанда, Абай сәулесі әлдеқайда молырақ шашылар ма еді...
Әттең, араға алмағайып заман килікпегенде, сол кездегі Абай династиясының салтанаты артып, қазақты жаңа сападағы ұлт дәрежесіне көтерер ме еді? Абайдан басталған ұлы жол Әлихан, Ахмет, Мағжандармен жалғасып келді де... 1940 жылға жетпей бірнеше рет кесілді, туралды, жойылуға шақ қалды. Қазаққа таңсық саланың бәрін меңгерген, жан-жақты, би де, басшы да бола алатын марқасқалар «халық жауы» атанып, оқ ұшына байланып кете барды. Ғажабы сол, олар өз тағдыры қыл үстінде тұрса да, қазаққа пайдасы тиер кей жастардың жан сақтап қалуына ықпал етті. Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Ғабит Мүсірепов Сталин аждаһасының жалынына тұтылып барып, аман қалды.
Қысқаша айтқанда, Абай династиясы – ізгілік династиясы еді. Ізгілікке адам парасатпен, ақылмен, біліммен жетсе керек. Абай қазақ қоғамына осындай алғышарттарды жасай алды, кейінгілер оны іліп әкетті.
Әркім өзінен бастасын
Қалтай Мұхамеджанов бір әңгімесінде: «Қазіргі қазақ байлары бай емес. Өйткені, олар алдындағы «малының» түбі қайдан екенін айтып бере алмайды. Баяғының байлары қандай еді?! Ұлын ертіп жүріп, малын аралатып көрсетіп: «Мынау – шұбар айғырдың үйірі, оны бабаң бәленшеден сыйға алған. Мынау – жирен айғырдың үйірі, бәйгеден алған үш тоғыздың біреуі», т.т. деп танытатын. Бай баласы ертең соның бәрі өзіне қалатынын біліп, ұғып алуға тырысатын. Енші бөлгенде, өзіне бұйырғанының түбін жақсы біліп тұратын. Қазіргі байлар солай істей ала ма? «Мен мына миллионды мынадай еңбегіммен таптым, мына миллионға мынадай еңбек сіңірдім», – дей ала ма? Жоқ, оның байлығы өзінікі ғана. Бір жұттан, бір зауалдан артылмайды», – депті. Рас сөз.
Өкінішке қарай, өз қолымыз өз аузымызға жеткен 23 жылға жуық уақытта қазақ байларының династиясы әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Оншақтысы бар, бірақ олар жап-жабық. Бай екенін жұрт біледі, бірақ мырзалығы жоқ. Байлығы жеті ұрпағына жетуі мүмкін, бірақ бірнешеуінің ғана сол байлыққа ақылмен жеткенін мойындайсың. Жұрттың олигархының байлығы өз елінен асып, жатты жарылқап жатады. Бізде – құмға сіңген судай. Әлде біздің елде шын бай болу, адал еңбекпен баю қауіпті ме?
Не істемек керек?
Абай атамның жолы дұрыс.
Яғни, қазіргі көзі ашық қазақ баласы өзінен кейінгі ұрпағы ізгілікті, парасатты, білімді, ақылды болуына алғышарт жасамақ керек!
Шөкімдей ақылымыз мынаны айтады: дүние есігін 1950 жылдардың соңы, 1960 жылдардың өн бойында ашқан ұрпақ әлсіздеу екен! Өйткені:
1. Дәл солар әке-ана атанып, өмір қызығын енді сезіне бастаған тұста тәуелсіздік бұйырды. Заман кілт аунады, баяғы адамды қоғамға итеріп кіргізіп жіберетін механизмнің күлі-көкке ұшты. Сонда олар ер қайратын көрсетуге тырыспай, жанбағыстың жеңілдеу жолдарын іздеп кетті. Сауда үйренді – хош. Бірақ кәсіп үйренуді қойды.
2. Өздері үлде-бүлделі болмаса да, біркелкі өмірден «алғашқы қауымдық құрылысқа» бір-ақ түскен соң ба, перзенттеріне де өмірден жеңіл жол іздеп кетті. Оқуға түсіру үшін, жұмысқа орналастыру үшін, баласының баспалдақтармен өрлеуі үшін – таныс іздеу, құлқындарды бітеу шаруаларын меңгеріп алды. Басты айыптары да – осы.
Соның нәтижесінде қазір олардың баласы да ата-ана болып, өмір сүруге қабілетсіздік танытып отыр. Қалтасында – табақтай диплом, бірақ жетінші сыныптың бағдарламасынан хабарсыз. Өзі заңгер, бірақ күзетші. Бәрі емес, бірақ басым бөлігі.
Ең жаманы, дәл осы ұрпақ, ұшы тұқылданып қалған қарындаштай, өндіршектеп өмір сүріп жүр. Төрт құбыласында – таныстар, өзі – әлем кіндігіндей. Білмейді, білгеннің тілін алмайды.
Осыны көре отырып, Абайша – «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», Мағжанша – «сұм өмір абақты ғой саналыға» екенін мойындайсың. Бірақ бұлай кете беруге болмайды.
Демек, әр қазақ азаматы, ақылы болса, білімділер династиясын бастап жіберуге тиіс. Өзінің шала білімі бар екенін мойындасын да, ұрпағына жүйелі білім беруге тырыссын. Байқап жүрміз ғой, білімді ұрпақтың бағындырмайтын белесі жоқ. Әкесінің кейбір нотаны қате алып отырғанын байқаған Ғазиза Жұбанова осыны ескерткенде, Ахмет Жұбанов: «Қайдам, менің сенікіндей академик әкем болмады ғой», – депті деседі. Перзентің шалыс басқаныңды байыппен ескертіп отыратын күнге жетсек, арман не? Қазақ азаматы қазақ тілінде баласының жақсы білім алуына жағдай жасаса, ертең кетіктердің орын өзі-ақ толады. «Алма, піс, аузыма түс» дейтін заман жоқ.
Бір досым «Ең үлкен инвестиция – балаңның тамаша білім алуына мүмкіндік тудыру. Ертең еселеп қайтады» дейді. Өте дұрыс. Бізге білімді династиялар қажет.