Дәрігер болуды армандаған қыз - Шахзада Шонанова
1921-54 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан аса адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан аса адам ең ауыр жаза – ату жазасына кесілген деген дерек бар. Қазақстандағы НКВД қызметі 183 ұйымды «әшкерелеп», жалпы саны 3720 «тыңшыларды» тапқан...Ату жазасына кесілген адамдардың үшеуі – қазақ әйелі. Олар – Ш.Шонанова, Т.Сүлейменова, М.Таңатовалар еді.
Бүгінгі әңгімеміз текті төре қызы Шахзада Шонанова жайлы болмақ.
Тағдыр талайы аласапыран уақытқа дөп келген қазақ қызының бар арманы – дәрігер болу еді. Осы арман жетегінде ол бір емес, екі бірдей медициналық оқу орнына құжат тапсырып, екі рет студент атанады. Бірақ, өз заманының «салқыны» тиіп, екеуінде де жақсы оқуына қарамастан, оқудан шығарылған. 1931 жылы Алматы медицина институтына оқуға түскен Шахзада Шонанова «әлеуметтік тегі» бойынша бақылауға алынып, институт Шонанованы «қоғам жұмыстарында тексере» бастайды. Осылайша,29 жастағы Шахзада, 1932 жылдың 12 наурызынан 11 сәуірге дейін ең қауіпті ауру – бөртпе сүзек індеті жайлаған Қарағанды қаласы маңындағы Прибалхаш стройдың Спасск бөлімшесіне (АЛЖИР-дің бір бөлімшесі) медицина қызметкері ретінде жұмысқа жібереді.Ал ол бүкіл Қарағанды, Балқаш маңындағы ел сүзек ауруынан қырылып жатқан тұс болатын. Бірақ, қайтсем де дәрігер боламын деген арманы бар Шахзада бұл қауіпті жұмыстан бас тартпай, бел шеше іске кіріседі. Нәтижесінде сол жердегі жұмыс орнынан: «Жолдас Шонанова өзін қайратты, іскер қызметкер ретінде көрсетті… Қоғам жұмыстарына қатысты… Санитарлық шаруаларды жүргізуші ретінде Шонанова ең сенімді қызметкер болды» деген мінездемемен институтқа қайта оралады. Бірақ, бұл 1932 жылдардағы қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны тулаған шақ болатын. Нәтижесінде, 2курс студенті Шахзада Шонанова «әлеуметтік тегіне байланысты» оқудан шығарылған.
Оқырман Шахзада Шонанованың «әлеуметтік тегінің» кім болмағын білгісі келуі заңды.
1903 жылы 5-ші сәуірде Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Сырым ауданында дүниеге келген Шахзада Аронқызының тегі – бай, жартылай феодал. Қаратаев Арон – белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі. Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне (1920), кейіннен Алматы медицина институтына (1931) түскен Шахзада «тап жауының қызы» деген айып тағылып, екеуінде де оқудан шығарылған. 1922–26 ж. Оралда губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші, Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет істейді. 1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болған. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарады.
1936 ж. қызметтен еріксіз босаған Шахзада ҚазМУ-дің биология факультетіне оқуға түседі. Бірақ оны да аяқтай алмайды. 1937 жылы осы факультеттің 3-курс студенті Шахзада тұтқындалады.Бұл уақытта Шахзаданың жары Телжан Шонанов Алаш ісі бойынша айыпталып, ол да «Халық жауы» есебінде ату жазасына кесілген болатын. Алаштықтардың қатарындағы белгілі тарихшы, аудармашы, ғалым Телжан Шонанов Алашорданың оқу комиссиясының мүшесі еді. Зерттеу жұмыстарындағы А.Байтұрсыновқа, жалпы, Алаш істеріне қатысты тұстарына байланысты «халық жауы» деген айып тағылған Телжан Шонанұлы 1937 жылы шілденің 20-сында Алматы қаласында тұтқынға алынды.
ҰҚК мұрағатындағы № 06007 іс Шонанова Шахзадаға арналған.
Шонанова 1937 жылға дейін Алматы қаласында, Красина көшесі, № 51 үйде тұрған. Дәл осы үйден тұтқынға алынған. Тағылған айып: «1926 жылдан буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер одағынан аластатуды көздеген, Жапонияның басшылығындағы қазақтың буржуазиялық мемлекетін орнатпақшы террористік, диверсантты-зиянкестік ұйымның басшылары Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған. 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген. Ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген... Жасаған қылмыстарына кінәлі деп табылған Шонанова Шахзада ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесіліп, оның иелігіндегі дүние-мүлкі түгелдей тәркіленсін». (ҰҚК мұрағаты, № 06007 іс, 1938 жылдың 9 наурызындағы жабық сот отырысының Үкімі. Төраға – А.Д.Горячев, мүшелері Г.А.Алексеев, А.И.Микляев. Хатшы – 3 дәрежелі әскери заңгер Н.И.Шапошников).Үштіктің үкімі сол күні орындалған.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі, сталиндік репрессия жылдарында ату жазасына кесілген қазақ қыздарының бірі Шахзада Аронқызының ісіне көз жүгіртіп отырып, оның сауатты болғанына көзіміз анық жетті. Тіпті, «Тұтқынның қолы» деген жерде де «Шонанова» деген маржандай тізілген жазу тұр. 1958 жылы «қылмыс құрамының жоқтығына» байланысты ақталған. Өкінішке қарай, жазықсыз құрбан қазақ әйелдерінің қай жерге жерленгені осы уақытқа дейін белгісіз. Алаш істеріне қатысты «Халық жауы» деген айып тағылған Телжан Шонанұлы 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесілсе, араға небәрі 10 күн салып, 9 наурыз күні әйгілі Қаратаевтардың тегі, қазақтың маңдайалды мақтанышы Шахзада Шонанова атылып кете барады...
Осылайша, дәрігер болсам деген Шахзоданың арманы да өзі де оққа байланып, небары 35 жасында ату жазасына кесілген болатын.