Шымкентте Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» қойылымы өтті
Шымкентте жазушы Мархабат Байғұттың Желтоқсан көтерілісі туралы жазған трагедиялық қойылымының премьерасы өтті.
Желтоқсан көтерілісі туралы көркем дүниелер көп деп айта алмайсыз. Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Желтоқсан туралы түсірілген көркем фильмдер дегенде «Қызғыш құс» пен «Аллажар» еске түседі. Ал, көркем әдебиетте біраз дүниелер баршылық. Солардың бірі қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» деген әңгімесі.
Әңгімеде оқиға желісі бұрынғы Брежнев алаңында емес, тас еден түрмеде де, қуғын-сүргінде де емес, қарапайым қазақ ауылында өтеді. Алматыдағы Желтоқсанның жаңғырығы Қазығұрттың баурайындағы алақандай ауылға теңіздің толқынындай болып соғылады. Ауылдағы ағайын оқиғаға әрқалай баға береді. Желтоқсан талайлардың тағдырын тәлкекке салады. Көлемі жағынан онша ауқымды емес, бірақ көтерген жүгі ауыр дүниені селт етпей оқымау мүмкін емес. Қазақы мінез-құлықты, қым-қуат тіршілікті керемет кескіндей білетін Махаң оқырманын үнгіз егілтеді, сол кездегі мектеп оқушысының көзімен Желтоқсан қасіретін жүрегімен сезіндіреді.
Кейінгі жылдары драматург ретінде көрерменге бірқатар тәуір дүниелерін ұсынған Мархабат Байғұттың жуырда жоғарыдағы әңгіменің желісімен жазылған «Жоғалған жұрнақ» атты трагедиялық қойылымы Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында сахналанды. Қойылымның режиссері Иманалы Сапаров, көркемдік жетекшісі Ерғали Оразымбетов.
...Бәрі де Алматы вокзалынан басталады. Осы жерге сүйген жігітін күтіп алуға асыға жеткен бойжеткен қыз--Алма. Ал, сүйген жігіті –Мәскеудегі ең үздік оқу орнының студенті-- Жұрнақ туған ауылына да аялдамастан, тұп-тура Алматыға тартып кеткен. Қойылымда сексенінші жылдардың соңындағы қазақ жастарының мінез-құлқы, жігері, өмірге деген ерекше құштарлығы өте шебер суреттелген. Олар өздерінің алып мемлекетте өмір сүріп жатқанын мақтан ететін, келешегін керемет көретін нағыз белсенді студенттер. Жастардың өзара әңгімесінен сол кездегі саяси жағдай, дәлірегі Горбаечевтің қайта құру, жариялық саясаты, тіптен оның Қонаевпен арадағы салқынқандылығы да аңғарылады. Жастар отанымыздың жүрегі деп мақтан ететін Мәсукеуде оқитын Жұрнаққа қызыға қарайды. Мәскеуде бәрі тамаша, бәрі кереметтей көрінеді. Бірақ сол Мәскеуде төрінде жүрген Жұрнақтың пікірі басқаша. Ол Кремльдің озбыр саясатын, өзге ұлттарға «тобыр, тағы» деп қарайтын отаршылдық пиғылын өз көзімен көріп, санасымен түйсінген...
...«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қонақбайдың Мәскеудегі ең үздік оқу орнында оқитын ұлы—Жұрнақ Алматыға келген сапарында көтеріліске қатысып, темір торға қамалыпты» деген сөз Қазығұрттың баурайындағы Айқұмырсқа ауылына де жетеді. Біреулер даттаған, біреулер бейкүнә Жұрнақты, алаңға шыққан жастарды жаладан арашалағысы келеді. «Бәсе-бәсе, Қонақбайды қайта-қайта облысқа тергеуге шақыра беруі тегін емес, Жұрнақ бірдеңені бүлдірмесе бүйте ме?» деген пыш-пыш әңгіме айтылады. «Жоқ, алаңға шыққан жастар маскүнем, нашақор емес» дейді қариялар. Кезінде Шымкенттегі педагогикалық институтты үздік бітіріп, дипломмен бірге ауылға қалыңдығын да қоса әкелген Қонақбай, бертінде келіншегі егіз ұл тауып, оған Жұрнақ пен Жалғау деп ат қойған Қонақбай ағайға бұл үлкен соққы еді. Жалғау жас күнінде шетінеген. Оның артынша әйелі де о дүниелік болған. Енді міне, өмірдегі жалғыз шырағы Жұрнақтың тірідей айырылып отырғаны мынау. Ақыр соңында қайғыға шыдай алмаған Қонақбай ағай құсадан қайтыс болады... Желтоқсан қаншама адамның тағдырын талқан етпеді десеңізші.
... Кезінде Мәскеудегі ең үздік оқу орнының студенті, Алма деген ақмаңдайлы қалыңдығы бар» деп жұрт әңгіме еткен Жұрнақ ауылға жынды болып оралады. «Әй, бір сом берші» деп әркімге алақан жайып, жаман коляскасын сүйреткен ол «жынды Жұрнақ» атанады. Сол жынды Жұрнақ күндердің күнінде жаман коляскасымен тас тасып жүреді. «Мұны қайтесің?» дегендерге «Ескі үйімнің орнын таптым, сол жерге там саламын» дейді. Ескі ескі үйінің іргтасына тас тасып жүрген Жұрнақ тастардың үстіне көк жалаушаны іледі. Осы жерде автордың, жалпы туындының негізгі идеясы байқайсыз. Ол идея--желтоқсаншылардың азаттық рухын жаңғыртқаны, тәуелсізігіміздің тұғырын қалап кеткені, ұлттық санаға сілкініс әкелгенін көрсетуі еді. Боранды тас тасып жүріп, үсіп өлген Жұрнақ автордың өзі айтқандай, «жынды емес еді, ол адам еді». Ол тәуелсіздік жолындағы құрбандық еді.
Бір қуантары, премьераға жастар көп жиылды. Қойылым барысында олардың жиі-жиі қол соғуы, «Жоғалған Жұрнақтың» жүректеріне жол тартқанын байқатса керек. Желтоқсанның өшпес рухы жастардың бойында жалындай берсін, сол рухты сезіндіре білген осындай дүниелер көбейе бергей!
Премьерадан кейін
Мархабат Байғұт, жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты, қойылымның авторы:
--Қазақ тарихында көптеген көтерілістер болды. Солардың ішінде Желтоқсан көтерілісінің жөні бөлек. Ол ұлттың санасын өзгерткен, санаға серпіліс әкелген көтеріліс. Желтоқсан қазақты дүниежүзіне танытты.
Желтоқсан туралы қаншама кітаптар жазылды, бірақ Желтоқсанға қазақы көркемниеттік көзқарас емес, мазақы көзқарас бар. Өкінішке қарай, Желтоқсанның намысы мен рухын ұмытып кете береміз.
...Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайда, ақын Ханбибі Есенқарақызының ұйытқы болуымен Желтоқсан оқиғасына арналған керемет іс-шара өтті. Оған оншақты желтоқсаншы қатысты. Сол жерде бір келіншек--Желтоқсан оқиғасы кезінде 16-17 жастағы бойжеткен сөйлей алмай қайта-қайта булыға берді. «Кешіріңіздер, мен айта алмаймын» деп отырып қалды. Ол нені айта алмады? Ол оқиға кезінде мұздай қаруланған жендеттердің тепкінің астына алып, арматурамен ұрғанын, мұзға жатқызғанын айта алмады. Мәшинеге малша артып, Алматыдан алыстағы омбы қарға лақтырып тастағанын айта алмады. Қаншама студенттер оқиғаға қатысқаны үшін оқудан шықты, тағдырлары талқан болды. Шығарма осы Желтоқсанды бір сәт болса да жадымызда жаңғыртсақ деген ниетпен туындап еді.
О баста бұл әңгіме ретінде жазылған. Кейіннен ол мектеп, жоғары оқу орындарында сахналана бастады. Көпшілік арасында «осыны неге үлкен сахнаға алып шықпасқа» деген пікірлер көп айтылған соң, осы драманы жаздым. Қазіргі театрлардың материалдық жағдайы белгілі ғой. Біраз уақыт жатып қалды. Бірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов «Жоғалған Жұрнақты» мектеп сахнасынан көріп, оны үлкен сахнаға алып шығу туралы ұсыныс беріпті. Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітовке рахмет, ұсынысты жерде қалдыған жоқ. «Отау-құрылыс» компаниясын демеуші ретінде тартып көмек көрсетті. Бұл көмек авторға, театрға жасалған көмек ғана емес, желтоқсаншылардың рухына, сонда марқұм болғандардың әруағына көрсетілген көмек деп білемін. Осыны ұға білген «Отау-құрылыс» компаниясының басшысы Әлімқұл Құсейінұлына елдің атынан айтар алғысымыз шексіз.
Мұрағаттан, 13.12.2012 ж