Албастысайда атылғандар
Осыдан 7-8 жыл бұрын Шымкент қаласындағы қазіргі Бәйдібек би көшесінің бойында орналасқан «Қасірет» кешені басталар тұста «Қасіретте жатыр шейіт-құрбандар. Ей, жолаушы тыныштықты бұзбаңдар» деген жазу болатын. Бертінде сол аумақтан «Нұрсәт» шағын ауданы бой көтеріп, әлгі жазу орналасқан аймақтан көпқабатты үйлер салынды. Жаңа шағын ауданында тіршілік қызып сала берді. Тұрғындар арасында «Бұл Қасірет емес, Нұрсәт» деген әңгімелер шыға бастаған соң, жазу ақыры алынып тасталған еді... Байқасаңыз, шейіт-құрбандардың әруағын мазалау осыдан кейін үдеп кеткен сияқты.
1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен арыстардың сүйегі осы «Қасіреттен» басталатын Албастысайда жатыр. Екіараның ұзақтығы 1-2 шақырымдай. 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылында ашылған «Қасірет» кешеніне Албастысайдан бірнеше адам сүйегі әкелініп жерленген деген әңгіме бар. Жылда 31 мамырда осы кешенде қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған қаралы жиын өтеді. Ал, мыңдаған адамның сүйегі жатқан Албастысай аяқасты болуға айналды. Шымкенттің жаңа бас жоспарын жасаған сәулетшілердің айтып жүргені рас болса, енді 1-2 жылда уақтысында адам аяқ басуға жүрексінетін Албастысай қаланың ордасы, дәлірегі Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығына айналады. Заманында ұлтының ұстыны болған азаматтар жатқан жерді сол кезде мүлдем жоғалтып алмасақ жарар еді.
- Осыдан екі жыл бұрын келгенімде мына ара басқаша еді. Құрылыс жұмыстарының қатты жүргені соншалықты, енді бұрынғы атақонысымыз Албастысайды, яғни атамекенді табудың өзі де қиындап қалды,--деді бізді Албастысайға ертіп апарған жергілікті тұрғын, өлкетанушы Өлмесхан Жәнібеков ақсақал. Албастысайдың тарихы туралы «Рейтинг» газеті уақтысында бірнеше мақалалар жазды. Қариялардың естеліктерін де жариялағанбыз. Бүгінде кеудесі көксандық сол ақақалдар да азайып бара жатыр. Солардың бірі Өлмесхан ақсақалдың Албастысайды Атамекен деп атауында үлкен сыр бар. Бабалардан жеткен мәліметтерге қарағанда, Албастысайдың алғашқы атауы Тереңсай болған көрінеді. Осы сайдың екі жағындағы шұрайлы жерлерге Шымыр ауылы қоныстаныпты. Жұрт сайдың күнгей жағынан үңгірлер қазып, осында мал қамаған, жем-шөбін сақтаған. Төңкерістен кейін ел қазіргі «Қайтпас» ауылына қарай көшеді.
- Тереңсайдың Албастысай атануы туралы әңгіме көп. Ел көшіп кеткеннен кейін иесіз қалған жұртқа отын теруге барған әйелдердің көздеріне әлдене елестейтін болыпты. Содан Тереңсай Албастысай атанған. Албастысайда адам ату жиырмасыншы жылдардың аяғынан басталған сияқты. Алғашқыда бай-құлақтарды отбасымен атқан дейді. Менің әкем Жәнібек ауылда мұрап болып істеген. Бірде таңертең су жығуға шыққан әкем Албастысай жақтан құстардың әлденеге үймелеп жатқанын байқапты. Жақын келіп қараса, қансырап өлген бойжеткеннің мәйітін көріпті. Бейшара оқ тигеніне қарамастан біраз жерге дейін қашып барғанға ұқсайды. Бірақ жендеттердің қолынан құтыла алмай, жан тапсырған. Әкем сол қыздың иманын үйіріп, көміп кеткенін айтып отыратын. Әжем Тәлім отызыншы жылдардың басында «Қайтпастағы» Кемержол арқылы солдаттардың әбден азып-аршыған адамдарды айдап өтетінін айтатын. Бұлар өкіметке қарсы көтеріліп, тұтқынға түскен азаматтар болғанға ұқсайды. Сол бейшараларға да топырақ Албастысайдан бұйырған болуы әбден мүмкін. Ал, 1937 жылы НКВД мұнда «халық жауларын» жаппай ата бастаған,--дейді Өлмесхан ата.
Мұрағат деректеріне қарағанда Албастысайда 1937 жылы 3 мыңнан астам адам атылған. Қаладан 20 шақырым қашықтықта жатқан сайға тұтқындарды көлікпен алып келген. Мәйіттерді үңгірлердің ішіне жасырып, бетін жауып кетіп отырған. Қайтпастықтар осы кезден бастап түн ішінде дүркірете атылған мылтық даусын естиді екен. Күндіз бұл араны арнайы өкімет адамдары күзетіп, жан баласын жолатпаған. НКВД қызметкерлері ауыл халқына Албастысайдан мылтық даусын естегіндері туралы ешкімге тыс жармауды қатаң ескертіп отыруды да ұмытпапты.
- Үңгерлер бертінге дейін жақсы сақталды. Адамға сұмдық үрей туғызатын. Сай ішінен адам сүйектері кейінгі кезге дейін шығып отырды,--дейді Өлмесхан ақсақал.
Талай сұмдық пен шындықты ішіне бүккен Албастысайдың қазіргі ахуалы адам аярлық. Сайдың күнгей жағындағы үңгірерлердің орны көзге әзер байқалады. Әр жерден техникамен қазып топырақ алынған. Бір жағынан жеке тұрғын үйлер ентелеп тұр. Ал сол жақта--қаланың келешек орталығында биіктігі көктіреген зәулім үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Сай ішіне күл-қоқыс, құрылыс материалдарының қалдықтары төгіле бастаған. Өлмесхан ақсақал осы жердегі ескі құдықтың орнын әзер дегенде тапты. Бұл құдық сол 1937 жылдары мәйіттерімен толтырылған көрінеді. Одан 10 шақты метр қашықтықта дәретхана орнатылыпты. Жекелеген тұрғын үйлер енді сайдың етегіне де салынуға көшкен. Бұл заңды ма, әлде жерді бас-көз демей басып алуға әдеттенген сол баяғы шымкенттік әдіс-тәсіл ме? Мына түрімен жазықсыз атылған арыстардың сүйегі жатқан сай енді 2-3 жылда топырақ алатын, күл-қоқыс тастайтын орынға айналып кететін сияқты.
31 мамыр--Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында мақала жазу үшін Албастысайға арнайы барғандағы көргеніміз, естігеніміз міне осы. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді деген кезеңнен бергі аралықта шейіт-құрбандар жатқан Албастысайда не ескерткіш, не қоршау белгілерінің орнатылмағаны таңқаларлық қой. Бұл білместік пе, әлде «Өлген арыстаннан тірі тышқан артық» деген тірлік пе? Бізге керек емес Албастысай бәлкім келер ұрпаққа керек шығар? Сіз бұған не айтасыз?