Максим Рожин: «Мемлекеттік тілді білу-білмеу адамның парасатын, мәдени деңгейін көрсетеді»
Максим Рожин, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша бас жүлде иегері
«Тәрбие отбасыдан басталады», «Тәрбие ананың сүтімен беріледі» дейді атам қазақ. Ұлты басқа болса да мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, өзіне ғана тән ерекше қазақы мәнірімен көрерменнің көзайымына айналған тележурналист Максим Рожин әңгіме барасында қазақ тілін үйренуіне анасының себепкер болғанын айтты. Мемлекеттік тілді үйрену отбасындағы тәрбиеден басталатынына бұдан кейін күмәнсіз көзіміз жеткендей болды. Ұрпағының күні ертең қиналып қалмасы үшін, мемлекеттік тілді меңгеруіне бар жағдай жасаған ананың пейіліне, ықылас-ниетіне ризашылық білдірдік.
Кейінгі кезде Максим көрінбей кетті. Қазір ол қайда? Нендей шаруамен айналысып жатыр? Онымен арадағы сұхбатымызды осы сауалдан бастадық.
- Максим, сені көгілдір экраннан «жоғалтып» алғанымызға біраз уақыт болды. Қазір қайдасың? Не істеп жүрсің?
- Астанадамын. Осында жарнамамен айналысатын бір компанияда медиа-директор болып істеймін.
- Алдында «Астана» телеарнасында, одан кейін «7 арнада» жұмыс істедің. Телеарнадан неге кетіп қалдың?
-Арнада құрылымдық өзгерістер болды. Жағдай солай болды, өткен сәуірде жұмыстан кетуге тура келді.
- Журналистикадан кетіп қалғаныңа өкінбейсің бе? Қайтып келу ойыңда бар ма?
- Телеарнадан кеткеніммен, журналистикадан кеткенім жоқ. Мен үшін «бұрынғы журналист» деген ұғым болмайды. Алға қойған жоспарларым бар. Жігіттермен біраз әдемі жобалар жасағанбыз. Оны жүзеге асырамыз. Тек ол үшін біраз уақыт керек.
«Арыс-өскен жерім»
- Естуімізше, осы Оңтүстік өңірінде дүниеге келген екенсің?
- Кіндік қаным тамған жер –Алматы облысының Қаскелең ауданы. Алты жасқа келгенімде отбасыммен Арыс қаласына көшiп келдiк. Оңтүстік--қазағы қалың өңір. Мұнда бірден қазақы ортаға тап болдым.
- Яғни, қазақ тілін еркін меңгеруіңе қазақы орта әсер етті ғой?
- Иә, алғашында аздап қиындау тигені рас. Қатарлас балалардың барлығы қазақша, мен орысша сөйлеймін. Бір-бірімізді түсінісе алмаймыз. Бірақ қанша дегенмен бала емеспіз бе, уақыт өте келе тіл табыса бастадық. Қазақша тіл сындыра бастадым. Құрдастарымнан үйренген сөздерді ұмытып қалмайын деп, іштей қайталай беретінмін. Қазақшаны жетік білуге анамның зор септігі тиді. Анам – Ирина Викторқызы қазақтардың iшiнде өскен. Қазақшаны бiр кiсiдей бiледi. Ол маған жаттаған сөздерімнің мән-мағынасын түсiндiрiп беретін. Мiне, осылайша, айналдырған бiр жылдың iшiнде қазақ тiлiн ел қатарлы үйренiп алдым. Қазір қарындасым да қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Ал, әжем қазақ тілінен гөрі өзбек тіліне жақынырақ. Әжем бұрын Қарақалпақстанда, Нүкісте қызмет істеген. Сол жақта жүріп өзбек ағайындармен араласқандықтан, өзбек тілін де жақсы түсініседі.
- Орыс мектебінде оқыпсың. Бірақ соған қарамастан жоғары оқу орнын қазақ тілінде бітірген екенсің. Бұл саған қиын болған жоқ па?
- Ата-анам мені орыс мектебіне берді. Шамасы, «қазақша оқып, қиналып қалады» деп ойласа керек. Мектепті бітірген соң М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне түстім. Алғашқыда орыс тобында оқығанмын. Кейіннен өз еркіммен қазақ тобына ауысып алдым.
- Қазақ тілінде сөйлеу бір басқа, сөздің майын тамызып, әдеби тілде сөйлеу бір басқа. Кәсіби тележурналист болу үшін шешендік қажет. Бұл қасиеттерді қайдан алдың?
- Өмір жолымда көптеген жақсы адамдар кездесті. Мектепте де, студенттің кезімде де. Дұрыс бағыт-бағдар беріп, қолдау білдірген сол азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіріп отырамын.
Қазақ тілін меңгеруім сол кісілердің тәрбиесі деп білемін. Университетте оқып жүргенімде этнопедагогикадан дәріс берген Асма Ахметова деген апайымыз болды. Сол кісіден үйренгенім көп.
- Тіл байлығы көркем әдебиетте емес пе? Қазақтың қандай ақын-жазушыларының шығармаларын жақсы көресің?
- Абайдың, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін сүйсініп оқимын. Мұхтар Әуезовтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармаларымен жақсы таныспын. Қазақтың көркем тілі осы ақын-жазушыларының еңбектерінде тұнып тұр.
«Қызымның тілі қазақша шығып келеді»
- Арысқа жиі келіп тұрасың ба?
- Мүмкіндігім болғанша Арысқа жиірек баруға тырысамын. Туған-туыстарым сонда тұрады. Соңғы рет осы тамызда болдым.
- Өзіңнің отбасыңмен таныстырып өтсең. Үйленген боларсың?
- Иә, жарымның есімі – Дiлбар. Түлкiбастың қызы. Екеуiмiз университетте бірге оқығанбыз. Мамандығы мұғалім. Отау құрардың алдын қазақы дәстүрге сай барлық жора-жоралғыны жасадым. Сырға салдым, құда түстiк. Келіннің бетін беташар жасап аштық. Некемiздi мешiтте қидырдық.
Қазір екеуіміз бір қыз тәриелеп отырмыз. Қызымның есімі—Аяла.
- Қазақ қызына үйленерде әке-шешең қарсылық білдірген жоқ па?
- Жоқ. Анамның бір қасиеті—адамды ұлтына, дініне қарамайды, адамгершілігіне қарайды. Үйленердің алдында-ақ «кіммен бас қоссаң да өзіңді сыйлай білетін адам болсын» дейтін. Келінін жатырқамай қарсы алды.
- Отбасыңда қай тілде сөйлесесіңдер?
- Әрине, қазақ тілінде. Қызымның да тілі қазақша шығып келеді.
- Болашақта Аяла қандай мектепке барады?
--Міндетті түрде қазақ мектебіне баратын болады.
- Максим, мемлекеттік тілді менсіне бермейтін құрбы-құрдастарыңа не айтар едің?
- Өзіңнің тұрып жатқан Отаныңдағы мемлекеттік тілді білу-білмеу адамның парасатын, мәдени деңгейін көрсетеді деп ойлаймын. Қазақстанда тұрып, қазақ тіліне немғұрайлы қарау ұят. Мемлекеттік тілді алдымен өзіміз сыйламасақ, оны кім сыйлайды?
Келешегін қазақ елімен байланыстырған кез келген азамат мемлекеттiк тiлдi меңгеруі тиiс. Қазiргi күнi бiз қазақ тiлiнде сөйлейтiн өзге ұлт өкiлiне таңқалып қараймыз. Ал, шындығында Қазақстанда тұрған соң кез-келген ұлт өкілінің қазақ тілін білуі парыз емес пе? Бiз қайта қазақ тiлiн бiлмейтiн, мемлекеттiк тiлде сөйлемейтiн өзге ұлт өкiлiне таңқалуымыз керек. Өзi қазақ тiлiн бiлiп алғаннан кейiн солай сөйлеп тұр деген ой ешкiмде тумасын. Кейде қазақша бiлмейтiндердiң жанында тiлдi бiлгенiм үшiн ыңғайсыз жағдайда қалатыным бар. Мемлекеттік тілге деген теріс түсініктен арылу үшiн бәрiмiз де патриот болуымыз керек. Қазақ тілі қазақстандықтарды біріктіретін тіл болуы тиіс.
«О баста телеарнада жұмыс істеу оңай болған жоқ»
- Журналистикадағы еңбегің жеміссіз емес. Республикалық «Жастар» сыйлығының «Жас журналист» аталымында жеңiмпаз болдың. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң «Журналистика» номинациясында жеңiске жетiп, бас жүлденi алдың. Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлiгi ұйымдастырған мемлекеттiк тiлге қатысты республикалық сайыстың «Үздiк автор» номинациясының иегері атаныпсың. Байқауымызша, қазақ тілінің мәселесі шығармашылық жолындағы ең басты тақырыптың бірі сияқты.
- Иә, қазақ тiлiнің мәселесiн қанша көтерсем де жалықпаймын деп ойлаймын. Қайта қазақ тілін жаңа қырынан аша түскендей боламын. Қазақ тiлiн бiлетiн өзге ұлт өкiлдерiнiң өмiрi арқылы адамға ой тастайтын, намысын қозғайтын хабарлар әзiрлеуге тырыстым.
- Тележурналистикаға қалай келдің?
- Әуелі Астана телеарнасында үш жыл, бұдан кейін «7 арнада» үш жыл істедім. Бұл жылдар мен үшін нағыз ізденіске толы, шығармашылық шыңдалу кезеңі болды. Көп нәрсені үйрендім.
Мен негізі универсиетті «Кәсiптiк оқыту» мамандығы бойынша бітіргенмін. Журналистикаға келуіме қазақ тілін білгенімнің септігі тиді.
...Бәрі де күтпеген жерден болды. Университетті бiтiргеннен кейiн мен осындағы Жастар iсi жөнiндегi комитеттiң төрағасы қызметін атқардым. Осы кезде Астанада «Нұр Отан» мен «Асар» партияларының бiрiккен алқалы жиыны өтті. Соған университеттiң атынан делегат болып қатыстым. Жиынның соңында жергiлiктi «Астана» телеарнасы арнайы бағдарламаға қатысуға шақырды. Жүргiзушiсi жерлесіміз Оксана Петерс екен. Ол туралы бұған дейін де көп естiгенмiн. Бағдарлама барысында оның қазақша қойған сұрақтарына қазақша жауап қатып отырдым. Бағдарламадан кейін телеарна қызметкерлері «осында қалып, хабар жүргiзсеңiз қайтедi» деген ұсыныс білдірді.
Ұзақ ойландым. Отбасымның жағдайына көп алаңдадым. Ақыры не де болса тәуекелге бел байладым. Қабылдаған шешімімнің дұрыс болғанына қазір күмәнданбаймын. Әрине, о баста телеарнада жұмыс істеу оңай болған жоқ. Әсіресе, мәтiн жазуда қиналатынмын. Бірақ әрiптестерiм қол ұшын берді. Басшылар да қолдау білдіріп отырды. Солардың жанашырлығы мен қамқорлығының арқасында журналистік өмірдің қыр-сырына қанықтым. Шығармашылық жол үздіксіз ізденісті қажет етеді. Сондықтан «болдым-толдым» демеймін. Әлі де жетілдіретін тұстарым көп. Үйренуден қашпаймын.
- Қазақ, орыс тілдерін қатар меңгергенсің. Алдағы уақытта қос тілде хабар жүргізу ойыңда жоқ па?
- Шынымды айтсам, орыс тілінде хабар жүргізгенім оншалықты сәтті шыға қоймады. Даусымда қазақы мәнер басымдау болып шықты. Мұны орыс тілді әріптестерімнің өздері айтты. Бірде орыс бөлiмiнде жұмыс iстейтiн әрiптестерiм «орысша дубляж жасап бершi» деген өтініш білдірді. Бiр-екi дубляждан кейiн мазалағанды қойды. Сөйтсем, олар «акцентпен» шыққан дүниемді эфирге шығаруды ұят санапты.
- Әңгімеңе рахмет. Алға қойған жоспарларың сәтті жүзеге асып, өзіңді жақсы көретін көрермендеріңмен ертерек жүздесуіңе тілектеспіз.