Серікбай Әлібаев, қоғам қайраткері: «Ресейде тұрып, орысша білмедік»
Ең алдымен біз қорада тұрдық. Әкемді балалар үйінен асырап алыпты. Сол шаңырақта мен бас жасқа толғанша тұрсақ керек. Бөлек шығып, алдымен қора салдық. Сабы қысқа күрегім бар еді. Қолымнан тастамай, ірге тастың орынын қазысып, ойнайтынмын. Қорада біраз уақыт тұрған соң оған жапсарлатып, сыз-балшықтан екі бөлмелі үй салып, сонда көштік. Ал, қораны сатып алған сиырға босатып бердік. Ауылдың айналасы ақ қайыңды орман еді. Қарағайдай боп қалақай өсетін. Жанына жолауға жүрек шыдамайтын. Жас шыбықтан садақ жасап ойнадық. Бір күні көршінің баласын байқаусызда атып салдым. Ұшы қаңылтырмен қапталған жебе тура екі көздің ортасына барып тиді. Бақырып ол қалды, ауыл сыртына мен қаштым. Алды-артыма қарамай зытқаным соншалық өзім өлердей қорқатын қалың қалақайдың ішіне қалай еніп кеткенімді аңғармаптым. Түннің ортасына дейін тапжылмай тығылып жаттым. Бүкіл ауыл аяқтарынан тік тұрып, «Серікбайлап» мені іздеп, шарқ ұрды. Қатты ашуланғаны болмаса, әкем қол көтеріп соққан жоқ. Жалпы, оқушы кезде бұрышқа тұру секілді жазаның дәмін таттым. Алайда, әкем саусағының ұшын маған өмірі тигізген емес. Рас, бір кезі шындап ұрғысы келді, бірақ маған қуып жете алмады (не үшін ұрғысы келгені есімде жоқ, көңіл күйі болмаған шығар). Жалаң аяқ болсақ та, қатты жүгіруші едік. Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін біз аяқ киімнің не екенін білмедік. Жазда шалғында жақсы. Ал, күзде қиын. Орылған егіс алқабында сабан жинау керек. Ондай кезде аяқты көтермей, жер сипалай, сүйретіп жүреміз. Себебі, аяқты сәл көтеріп бассаң, шабылған егіннің сойдайған сабағы табанға инедей қадалады.
Бау-бақша дегенді ел біле бермейтін кез. Көршіміз жұрттың алдына түсіп, капуста екті. Ал, бізден ұйқы кетті. Түн торуылдап, бақшаға «барымта» түсіп, қырыққабақты ешкілерше кеміргенбіз. Картоптан өзгені көрмеген біз үшін көршінің сол капустасы дәмді еді, тәтті еді.
Сталиннің өлгенін радиодан естіп, бүкіл ауылдың жылағаны есімде. Бізде қарап тұрмай, қосылдық. Жеті-сегіз жасар баламын. Сталиннің кім екенін сол сәтте білдім бе? Білмеймін. Әйтеуір, елден қалмай, мен де жыладым.
Бірде көршіміздің үйі өртенген. Ауылдағы және менің өз көзіммен көрген ең алғашқы төтенше жағдай еді бұл. Көршінің баспанасыз қалғанын, алдағы қиын тағдырын түсінбеген де шығармын. Бірақ, солардың зар еңіреп жылаған, айғайлап шошынған түрлеріне қарап, мен де екі көзімнен көлдей жас ағыздым. Бәлкім, сол кездегі адамдар өзгелердің қайғысын, қиындығын өзінікіндей сезінген шығар!?
Әкемнің өз атын көбі білмейтін. Елдің бәрі оны Мұғалім дейтін. Біздің шағын ауылдағы мектепте тек бастауыш сыныптар оқыды. Соның бәріне әкем жалғыз өзі сабақ берді. Бір өзі оншақты ойыншымен ары-бері жүріп шахмат ойнайтын гроссмейстр секілді кластан класқа кіріп-шығып бір мезетте бәріне бірдей сабақ беретін.
Бастауышты бітірген соң үш шақырым жердегі Ортақшы ауылына көштік. Әкем «суда» алып, қызыл кірпіштен үш бөлмелі үй салды.
Бір ауыз сөз орысша түсінбегеніме қарамастан әкем мені орыс мектебіне берді. Қатты қиналдым. Табалаушылар да болды. Қарапайым сөздің аудармасын айта алмадым. Жалпы, біз тұрған ауылда тек қазақша сөйлейтін. Немістердің өзі қазақшаны бізден артық білетін. Ал, менің анам өмірінің 70 жылын Ресейде өткізді. Соның 20 жылын Омбыда тұрды. Осыған қарамастан, орысша білмей, орысша сөйлемей кетті.
Әкем мұғалім болғандықтан шығар біз өзгелермен салыстырғанда баршылықта өскен секілдіміз. Жаңа салған кірпіш үйіміздің өзі мен мұндалап көзге бірден түсетін. Көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ болғандай. Дегенмен, үйімізден тігін машинкасының жүйкені тесетін тырсылы кетпейтін. Әкем мата сатып алып келетін, шешем содан бізге киім тігетін. Кеш батса болды, тарсылдақ тігін машинкасы оталатып, балақ, жең, бұт, жаға дегендей алты қырды армансыз аралап келмейінше, оңайшылықпен тоқтамайтыны әлі есімде.
Анам 11 құрсақ көтеріпті. Өкінішке қарай, үш інім бала кезінде шетінеп кетті. Мен үйдің үлкенімін. Бес інім, екі қарындасым және мені орта бойлы, тарамыстай арық, өзі аурушаң анам байқұс бағып, өсірді. Тамақ жасаудан, үй шаруасынан қолы босамайтын. Көмектесіп, бір шетіне шығысатынбыз. Бірақ, сонда да бар ауыртпашылық анамның мойнында болды. Бітпейтін қу тіршіліктен белі бүгілсе де бізді өсіріп, жетілдірген анашым еді.
Былтыр Ресейдің Омбы қаласынан жүз шақырым жердегі туған ауылым «Новый Тұрсынға» бардым. Балалық кезіме саяхат жасап, ақ батпақпен қабырғасы сыланған үйімді көргім келді. Міне, тоқтамай жүріп келем. Балалық сезіміме шабыт берген ақ қайыңдар сиреп қалғандай ма!? Сан мәрте маңдайымнан сипаған самал жел де еркелігін ұмытқан ба?! «Ұшар биіктей көрінген көктерек те соншалықты алып емес екен ғой» деп ойладым бір сәтте. Қарқылдаған қалың қара қарғаның «қарғысынан» да бала кезімдегідей қорықпадым. Шөмеле жинаған кең шабындық та тарылып қалғандай. Мен тоқтамай жүре бердім, жүре бердім. Ақ батпақпен сыланған, тақтай еденді қара шаңырағымды тапқым келді. Жауырынын күнге қақтай, ешкі жүнін түте отырып, балаларына «абайлаңдар!» деп айғай салған анамның, шыбықпен қылыштасып, шайқасып ойнаған інілерімнің, енесінің келуін тағатсыздана күтіп, қайта-қайта мөңіреген қашадағы сары бұзаудың дауыстарын әне-міне еститіндей болған едім. Көрші ауылға жетелеп кеткен жол естіртпеді. Үй түгіл ауылымның орыны да қалмаған...