Тәтті ұйқының жеті тәсілі қандай?

Oinet.kz 30-04-2019 955

«Ұйқың шала болса болсын, күлкің шала болмасын!» дейтін халықпыз. Неге күлкінің жолында ұйқыны құрбандыққа шаламыз? Негізі, екеуінің де шала болмағаны жақсы ғой... «Мамандар ұйқының тәтті де тыныш болуы үшін мынадай шарттар орындалуы қажет деп есептейді.

ұйқы.jpg

1. Ұйқы режимін сақтаңыз. Яғни, күнде белгілі бір уақытта жатып, белгілі бір уақытта тұруды әдетке айналдырған абзал. Жұмыс күні де, демалыс кезінде де. Сонда ағзаңыз осы талапқа бейімделеді де, ұйқыңыз бірқалыпты болады.

2. Ұйқыңыз келген кезде ғана ұйықтаңыз. Яғни, ұйқыңыз келмесе, өзіңізді қинаудың керегі шамалы, бекерге түнімен төсекте дөңбекшіп шығасыз. Мұндайда құр аунап жата бермей, теледидар қарап немесе кітап оқып, бойды босаңсыту керек.

3. Жатар алдында шай-кофе ішпеңіз. Қазақтар шайсыз жатпаймыз ғой. Бірақ соның өзін ұйықтардан 2-3 сағат бұрын ішкен жөн. Өйткені, шайдың, кофенің, басқа да сергітетін сусындардың, шоколадтың құрамында кофеин болады. Ол ұйқы шақырмайды, керісінше, келіп тұрған ұйқыны қуады.

4. Темекі мен алкогольден аулақ болыңыз. Темекі құрамындағы никотиннің әсері ағзаны кофеиннен де бетер сергітеді. Яғни, жатар алдында оған мүлде жоламаңыз. Ішімдік туралы да осыны айтуға болады. Дегенмен, дәрігерлер жатар алдында ішкен 50 грамм арақ немесе бір бокал шараптың денені балбыратып, ұйқыға бейімдейтінін айтады. Алайда бұдан артық ішілген әрбір грамм ұйқыңызды нашарлатпаса, жақсартпайтыны анық.5. Жатар алдында ештеңені уайымдамаңыз. Жұрттың көбі жастыққа басы тиген соң да ертеңгі кездесу, жұмыстағы тапсырма, қаржыға байланысты уайым секілді мәселелерді ойлап, бас қатырады. Бұл дұрыс емес. Барлық уайымды ұйқыға жатардан бірер сағат бұрын ойлап, ақылдасып, шешіп алыңыз. Ал жастыққа бас қойған соң тек қана жақсы ой ойлаңыз, миыңызға тыным беріңіз.

6. Тойып та, мүлде аш та жатпаңыз. Екеуі де – денсаулыққа, ұйқыға зиян. Жатардан 2-3 сағат бұрын тамақтанып алыңыз. Егер сіз тым кеш жататын «үкі» типіндегі адам болсаңыз, түнде асқазанға жеңіл шағын тіскебасар немесе жеміс-көкөніс жегеніңіз жөн. 7. Өзіңізді ұйқыға дайындаңыз. Күндізгі қарбалас тірлік сізді күш-қуат тұрғысынан әлсіретсе, кей әңгімелер, отбасылық мәселелер психологиялық жағынан шаршатуы мүмкін. Демек, жатар алдында сізге әрі денеңізді, әрі жүйкеңізді босаңсыту маңызды. Жылы ванна қабылдайсыз ба, лирикалық музыка тыңдайсыз ба, әйтеуір бойыңызды балбыратып, санаңызды демалдыратын бір тәсілді тұрақты әдет етіп алыңыз. Ағзаңыз бірте-бірте соған бейімделіп кетеді.

Серікбай Әлібаев, қоғам қайраткері: «Ресейде тұрып, орысша білмедік»
Жылқы жылы туылған қазақстандық жұлдыздар кімдер?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу