Түскі ұйқының пайдасы

Oinet.kz 26-10-2020 1843

Пайғамбарымыз түс уақытында үнемі бір пәс жатып демалатын болған, әрі өзінің үмбетіне де түсте демалуды өсиет еткен. Ол (с.а.у.) бір сөзінде былай дейді: «Қәйлүлә жасаңдар (түсте дем алыңдар). Шынында шайтан қәйлүлә жасамайды». Пайғамбарымыздың әрбір сөзінің астарында үлкен мән-мағына бар екендігі мәлім. Алла елшісінің осы бір өсиетінің де астарында үлкен мағына жатқандығы бүгінде дәлелденіп отыр. Қазіргі таңда шет елдік мұсылман емес мемлекеттер де түскі ұйқыны насихаттап, жергілікті халықты осыған дағдылануға шақыруда.

unsleep6.jpg

Испания мен Италияның түстік пұшпағын жайлаған халықтың тіршілік кебі үйлес, дәстүр-салты ұқсас келеді. Басқасын айтпағанда, «сиеста» деп аталатын дәріпті ғадет – екеуіне де ортақ. Испан тілінде түскі ұйқы деген мағнаны білдіретін «сиеста» сөзі – әлем тілдеріне әлдеқашан еніп кеткен. Ешбір өзгеріссіз, қаз-қалпында.

Испанияның астана байтағы – Мадрид қаласында жұмыс уақыты 09:00 басталады. Алайда халық отырған орнында шегеленіп, сәскеге дейін қимылсыз қатып қалмайды. Сағаттың тілі 10:30 көрсетіп, күн түске тармасқан шақта кофе ішуге далаға шығады. Дәл осы уақытта көше бойында үйездеп отырған адамдарды көптеп кездестіресіз. Айтылмыш мәуріт көпке созылмайды. Үлкенді-кішілі шара аяқ кофелерін сыздықтап ұрттап, дәмдеп, баптап ішкен жұрт бір кезде жапыра түрегеліп, қайтадан жұмыс орындарына ағылады. Бұлжымас рәсім.  Қанға сіңіп, буынға түскен мінез.

Қызметкерлерге жасалатын алабөтен кеңшілік мұнымен бітпейді. Түскі ас 2-3 сағатқа дейін созылады. Жай мызғып алу емес, ұйқыны қандырып алуға болатын дарқан уақыт. Есесіне, міндетті жұмыс қас қарайғанда бір-ақ бітеді. Британияда прайым-тайм бағдарламалары 19-00, ал Испанияда 22-00 басталатыны содан. Отбасы мүшелерінің алды-арты жиналып болғанша ымырты жабылып, сам жамырайды деген сөз.

Ел экономикасының шабандығы ойлап, уайым жеген испан саясаткерлерінің жұмыс уақытын өзгерту туралы мәселе көтеріп жатқаны бекер емес. Соңғы уақытта түскі асты 1 сағатқа дейін шегеріп, әлемнің басқа елдері сияқты 9-6 моделіне көшу қажеттігін айтып жүргендердің дауысы зорайып келеді.

Сиестаның тума жұрты өстіп бүлініп жатқанда оқшау аралдар иесі Жапония иігілікті рәсімді шамасынша енгізіп бағуда. Деректерге сенсек, корпоративтік құрылымдарға байланған жапондар орташа есеппен 6 сағат 22 минут ұйықтайды екен. Бұл – әлемдегі ең төменгі көрсеткіш. Британдықтар 6 сағат 49 минут, ал канадалықтар, мексикалықтар және алмандар кем дегенде 7 сағат тынығады. Жанкешті жапондар жылына бір мәрте берілетін тиесілі демалыстарын да қағыс қалдырады. Теңіз жағасында байыздап жүргенше, мұрнынан шаншылып жұмыс істегенді ұнатады. Тәрізі, таң азаннан қара кешке тынымсыз бейнеттенетін қызметкерлердің денсаулығы сыр бермес үшін жапон компаниялары түскі ұйқыны насихаттауға көшкен. Мәселен, Токиодағы GMO internet компаниясы кеңсеге дивандар орнатса, Осакадағы Омеда Бизнес қызметкерлері тақау төңіректегі қоғамдық ұйқы орындарына баруға міндеттелген. Әлбетте, бұл – заңмен бекітілген низам. Жапонияның денсаулық министрлігі қызмет бабындағы барлық адамдардың түскі астан кейін 30 минут ұйықтап алуын қоштайды.

Түскі ұйқының пайдасы көл-көсір. Осы тарапта жүргізілген ғылыми зерттеулер де күмән қалдырмайды. Күндізгі уақытта аз-маз мызғып алатын адамдардың жүрек ауруына сирек шалдығатыны белгілі боп отыр.

Жақында AAAS (Advancing Science, Serving Society) өткізген Сан Диего конференциясы атаулы тұжырымды тағы да бекітіп тастады. Калифорния университетінің профессоры Мэтью Уолкер мен оның әріптестері жүргізген зерттеу түскі ұйқыға айрықша мән беретін жандардың есте сақтау қабілеті жоғары болатынын анықтаған екен. Доктор Уолкердің айтуынша, адамның миы түскі ұйқыдан кейін үйренуге, жаңа ақпарды сіңіруге мейлінше бейім тұрады.

Түскі ұйқының пайдасы қандай болса, салқар карьера жолында бірнеше жыл тынығып алу да сондай пайдалы. Кейде адам баласы ұзақ жылдарды жұмыс астында өткізеді де, тіршлігінің мақсатын түсінбей, мәреге жетіп бір-ақ тоқтайды. Жас, албарынды кезінде пәлен биікті бағындырамын деп даңғыл жолға түседі де, тағдыр талқысымен бағдарынан жаңылып, түген төбешіктен бір-ақ шығады. Неге олай болғанын өзі де аңдамайды. Осы орайда Хакім Абайдың: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» - деген сөзі ойға оралады.

Айтпағымыз – табандап төрт-бес жыл жұмыс істеген адам бір-екі жыл аулаққа кетіп, тынығып алғаны, жол мұратын пысықтап, қайыра оралғаны дұрыс.  Неге дейсіз ғой? Өйкені заман құбылмалы, толқымалы. Сіз жасап жүрген жұмыс ертең қажетсіз қалуы бек мүмкін.

"Жаһан" жұрналы.

05.2016 ж.

Көздің көруін жақсартатын тағамдар
Тырнақтағы ақ дақтар шығу себебі мен емдеу жолдары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу