Журтналистер форумы өтті

Oinet.kz 27-10-2019 525

Screenshot_32.jpg

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Turkistan open media» форумы өтті. Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруы-мен, облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткен форум еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналды.

Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі жайы мен мәселелері талқыланды, «Жаңа және дәстүрлі медиа: ынты-мақтастықтың заманауи модельдері» тақырыбы аясында әңгіме өрбіді.Дидарласуға келгендер алдымен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің медиаресурстарымен танысты. Одан соң форум келелі жиынмен жалғасты.

Форум жұмысын жүргізіп отырған Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын оқыды.Жиында журналистика саласына елеулі еңбегі сіңген ардагерлерге құрмет көрсетіліп, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт пен Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев ардақталды. Өз кезегінде С.Матаев форум жұмысына сәттілік тілесе, М.Байғұт «Егеменнің» ел тарихындағы ерекше орны мен бүгінгі өзгеше бағыты туралы әңгімеледі. Жас журналистерді жаңашылдыққа, өз міндетін атқаруда жауапкершілікке үндеді.

Ал «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Хамит Есаман басылымның бүгінгі бағытына, жаңа айдарларға кеңінен тоқталды. Жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ, «Фейк жаңалықтар индустриясы: зардабымен күресу жолдары» тақырыбы да қызу талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Форум аясында Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстық, Шымкент қала-лық филиалдары және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі арасында бірлескен меморандумға қол қойылды.


Медициналық сақтандыру - денсаулық сақтаудың сенімді жолы
«Оқсыз» қаласы туристер қызығатындай болуы керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу