Мейірім мен әдептілік туралы тәмсіл
Бір бозбала ұстазға келіп, одан білім үйренгісі келетінін айтады. Сонда ұстаз:
— Оның саған керегі не? – деп сұрайды. Бозбала:
— Мықты, әрі жеңімпаз болғым келеді, – деп жауап беріпті.
— Онда жан-жағыңдағының бәріне мейіріммен қара, сыпайылық, әдептілік таныт, қырағы бол. Мейірімді және әдепті болсаң, ел саған құрметпен қарайды. Ал сенің жаның тазарып, мейірімің артады, демек күшің де көбейе түспек. Қырағылықтың арқасында кез келген өзгерісті байқай білесің. Осылайша түрлі келеңсіздіктің алдын алып, күреске түспей-ақ жеңімпаз бола аласың.
— Қалайша?
— Өйткені сенімен күреске түсетін ешкім де болмайды, – дейді ұстаз.
Бұл әңгімеден кейін өз жөнімен кеткен бозбала бірнеше жылдан кейін ұстазға қайта келеді.
— Саған не керек болды? – деп сұрайды ұстаз. Сонда ол:
— Мен Сіздің хал-жағдайыңызды біліп, көмегім керек емес пе екен деп келдім, – депті...
Бозбаланың сөзіне разы болған ұстаз оны шәкірт қылып жанына алыпты...
Аударған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз : anabol.kz