Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Тәуелсіздіктен бергі аралықты түгендемей-ақ қоялық, соңғы 5-6 жылдың көлемінде Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен ұсталған, сотталған лауазымды шенеуеніктер жетерлік. Соңғы жылдары атауы өзгерген қаржы полициясының «коллекциясында» қазір премьер министр де, облыстың әкімдері де, министрлер де, Ұлттық компанияның президенті де бар. Енді ұсталмаған кім қалды?
Дегенмен «Кез-келген шенеуніктің қолына кісен салуға болатын» елде ұсталған, сотталған ірі шенеуніктің артында бір гәптің, біз білмейтін құпияның бары айдан анық. Мұнымен көпшілік те келісетін шығар.
Жаңа жылдың қарсаңында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ойда-жоқта қызметінен кетті. Президенттің осы жөніндегі жарлығында «басқа қызметке ауысуына байланысты» деген әдеттегі сөздер жазылған жоқ. Ал мұның алдында уақтысында Бишімбаев басшылық жасаған «Бәйтерек» холдингіндегі шенеуніктер бірінен кейін бірі топырлап Ұлттық бюроның құрығына түсіп жатты. Осының өзінен-ақ, Бишімбаевтың басына қара бұлт үйірілгелі тұр ма деген күдік қылаңдаған.
Солай болып шықты. Артынша Бишімбаевқа қатысты тергеу амалдарының жүріп жатқанын Елбасының өзі Ақордада өткен жиында айтты. Міне, осы аптада тергеуде жүрген Бишімбав қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының таратқан ресми мәліметіне қарағанда, Бишімбаев «Бәйтеректе» жүрген кезінде топтармен алдын ала келісіп, бірнеше рет ірі көлемде пара алғаны үшін тұтқындалған. Заңсыз түрде алынған ақшалай қаражатты ол өз қажетіне жұмсап жіберген. Бишімбаев қазір Астана қалалық ішкі істер департаментінің уақытша ұстау оқшаулағышында отыр. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы биыл отыздың жетеуіне келетін Қуандық Бишімбаевтың еңбек жолы өте бай. «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алған. Карьерасын банк, ірі кәсіпкерлік компанияларда бастаған. Министрдің, бұдан кейін вице-премьердің кеңесшісі қызметін атқарған. Президент әкімшілігінде бөлім меңгерушісі қызметін бір емес екі қайтара атқарған. Екі министрлікте вице-министр болды. 2009-2010 жылдар аралығында Президенттің көмекшісі болып істеген. Бұдан кейінгі жылдары «Самұрық-Қазына» қоры төрағасының орынбасары, 2013 жылы «Бәйтерек» холдингінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Биылғы Мәжіліс сайлауында Қ.Бишімбаевтың аты-жөні «Нұр Отан» партиясы бекіткен кандидаттарының тізіміне де енгені есте. Мамыр айында ол отставкіге кеткен Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың орнына тағайындалды. Бишімбаев бұл қызметті сегіз ай ғана Қуандық Бишімбаев әлдебір топтардың жасаған ойынының құрбаны емес пе? атқарды.
Әрине, отыздан асқан жігіттің осындай жоғары лауазымды қызметтерге әлдебір көкелерінің арқасында, таныс-тамырдың көмегімен тұрды деуге болмайды. Басқасы басқа Президент әкімшілігіне, Президенттің көмекшісі қызметіне жеке басының қалтасын ойлайтын қайдағы жоқ бір қаптесерлердің тағайындалмасы бесенеден белгілі ғой. Бишімбаев жаңа заман ағымын түсінетін, жаңаша ойлайтын, жаңаша жұмыс істейтін жас шенеуніктердің көш басында жүрді десек қателеспейтін шығармыз. Қызмет барысында оның соңынан «пәлен кланның өкілі, түген топтың адамы» деген қаңқу сөздер де ерген жоқ. Өкінішке қарай, жұрт келешегінен үлкен үміт күткен жігіт ойда-жоқта жалп етті. Сенуге бола ма? Қуандық Бишімбаев әлдебір топтардың жасаған ойынының құрбаны емес пе? Тергеу, сот орындары экс-министрге қатысты айыптауларын, шешімін кезі келгенде айта жатар. Ал әзірге көпшіліктің ұсталып кеткен минстр туралы пікірі осылай болып тұр. Ақырын күтейік.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ.
Мұрағаттан, 2016 ж