Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Жаңа жылды Өзбекстан жаңа президентпен қарсы алды. Былтыр желтоқсанда өткен президент сайлауында жеңіске жеткен Шавкат Мирзияев дәл қазір билікте үлкен кадрлық ауыс-түйіс жасап жатыр. Жаңа президентті ұлықтау рәсімін өте қарапайым өткізді. Конституциямен бірге Құран ұстап тұрып, халыққа адал қызмет етемін деп ант берді.
Жалпы Мирзияев сарапшылардың «үмітін» ақтамады. Өңірдің әкімі, одан кейін ұзақ жылдар Өзбекстан үкіметін басқарған Мирзияев уақтысында өзін қатал басшы, ымырасыз билеуші ретінде көрсеткені белгілі. Алайда премьер Мирзияев пен президент Мирзияевтің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мирзияев осы салған соқпақпен кете береді ме, жоқ әлде мұның бәрі өзінің билігін орнықтырып алу үшін жасалып жатқан уақытша амал ма? Біз осы жөнінде Өзбекстанда туып-өсіп, ұзақ жылдар лауазымды қызметтерді атқарған сарапшы Сейіт Иматовпен хабарласып, пікірін сұраған едік. Сарапшы былай дейді:
-Мен Өзбекстанға осы жуырда ғана болып қайттым. Ағайын, туыс әлі сонда тұрады. Бір байқағаным, халықтың санасында үлкен серпіліс бар.
- Мирзияев Каримовтың орнын басу мүмкін ықтимал кандидаттардың бірі ретінде аталып келді. Оның билікке ұзақ уақыт бойы дайындалғаны, алдын ала жоспар құрғаны, халықпен жұмыс істеуде, көпшіліктің сүйкіміне ие болуда тәжірибесінің бар екендігі байқалады. Халық жаңа басшыға түңіліп емес, қайта үлкен үмітпен қарай бастады. Елдің санасында «жаңа президент келді, енді өміріміз жақсы жағына қарай өзгереді» деген сенім бар. Мирзияев аңыз адамға айнала бастағандай әсерде боласыз. Ел арасында «Мирзияев ескі-құсқы киімін киіп алып, базар аралап, халықтың жағдайымен танысады екен», «пәлен күні ауруханаға барып, дәрігерлердің қарапайым халықты қалай қабылдайтынын өз көзімен көріпті, кемшіліктерді анықтап, біраз басшыны қызметінен босатыпты» деген рас-өтірігі белгісіз әңгімелер айтылып жүр. Бұл қалыпты жағдай. Өзбекстандағы қазіргі жағдай Сталин өлгеннен кейінгі дәуірді еске түсіреді.
Бұрын өзбекстандықтар билік туралы әңгіме айтуға қорқатын. Президентке қатысты бір ауыз сөз айту үшін жан-жағына жалтаңдап отыратын. Барлық жерде биліктің «құлақтары» бар, айтылған сөзді сол заматта жоғарыға жеткізіп барады деген үрей болатын. Ал қазір халық мұндай қорқыныштан арылған. Мирзияев сайлауда 88 пайыздан астам дауыс алды. Бұл көпірігі жоқ, нақты баға деп ойлаймын. Жалпы өзбектер сайлауда өте белсенді халық. Таң намазын оқып бола салысымен жұрт дауыс беруге ағылады. Мен сөйлескен азаматтардың бәрі сайлауда отбасымен Мирзияевқа дауыс бергенін айтып жатты. Тіпті Мирзияевқа дауыс береміз деген көпшілік сайлау учаскесі ашылмай жатып, кезекке тұрған.
-Мирзияев Каримовтың жолын жалғастыруға уәде берді. Дегенмен оның сөзі мен ісінің арасында қаншалақты айырма болады деп ойлайсыз?
- «Биліктің 48 заңдылығы» деген кітапты оқығаным бар еді. Осы кітап «бұрынғы билеушінің жолын жалғастырамын деген мәлімдеме жаса, алайда өз жолыңды қалыптастыра бер» деген кеңес айтады. Менің ойымша Мирзияев осы кеңеске құлақ түрген президент сияқты. Ол «Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған Ислам Әбдуғаниұлының жолын жалғастырамын, ол кісіні түсімде көрдім, ақылдастым, кеңестім» деген сөздерді айтады. Алайда шын мәнінде іс басқаша. Мирзияев Каримовтың кезінде биліктен аластатылған шенеуніктерді қызметке қайта әкеліп жатыр. Уақтысында қызметінен қуылған бұрынғы Ішкі істер министрін жуырда коррупцияға қарсы күрес жөніндегі комиссияның төрағасы етіп бекітті. Каримовтың кезінде қамалып кеткендер бостандыққа шығарылды. Бұрынғы президенттің күйеу балалары қайын аталарының көзі тірісінде бизнестерін жүргізді, бірақ билікке араласқан жоқ. Ал қазіргі мәліметтерге қарағанда, Мирзияев екі күйеу баласына биліктен лауазымды қызмет берді. Бірі президент әкімшілігі басшысының орынбасары, бірі президенттің күзет қызметі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осы жерде айта кетейін, Мирзияевтің күйеу балаларының бірі Каримовтың кезінде де лауазымды қызмет атқарған. Кейінірек үстінен іс қозғалып, отбасымен Мәскеуге көшіп кеткен. Мирзияев сол күйеу баласын міне, қызметке қайта алып келді. Бұрын сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталған Абдулла Арипов премьер-министрдің креслосын алды.
-Ал уақтысында президенттің мұрагері ретінде қарастырылған, АҚШ пен Еуропаға бүйрегі бұрады дейтін Рустам Азимов қазір қайда? Азимов премьер-министрдің креслосын алуы мүмкін деген болжам расталмады...
-Азимов қазір сол баяғы вице-премьер лауазымын атқарып жатыр. Каримовтың кезінде ол Қаржы министрі қызметін де қоса атқарған. Мирзияев оны екінші лауазымынан босатқан. Жуырда Азимов бастаған делегация Тәжікстанға барып қайтты. Жалпы вице-премьерлер бастаған топтар қазір Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстанға барып, қарым-қатынасты тереңдетіп жатыр. Өйткені көршілермен еркін сауда айналымын жасау, достық қарым-қатынас ұстану Мирзяев саясатының басым бағытына айналып тұр.
- Өзбекстан Еуразиялық одаққа мүше емес. Қазақ-өзбек арасындағы еркін тауар айналымы қаншалықты нәтиже береді? Бұл алдымен кімге тиімді?
-Екі жаққа да тиімді. Осы жуырда ғана қазақ-өзбек шекарасында болып қайттым. Әзірге анау айтқандай өзгеріс болмағанымен алдағы уақытта жағдай тек жақсы жағына қарай өзгереді деген сенім бар. Каримовтың дәуірінде қазақ-өзбек қатынасы нашар болды деп айтуға негіз бар. Неге десеңіз, екі ел басшылары арасында аймақтық көшбасшылық үшін бәсекелестік болды. Рас, Каримов соңғы жылдары Назарбаевтың беделі туралы жақсы сөздер айтып жүрді. Дегенмен өзбектің марқұм президенті қазақ президентіне қызғанышпен қарайтынын ашық айтатын. Әрине, өлген адам туралы әртүрлі әңгіме айтқан дұрыс емес, бірақ мен білетін Каримовтың күншілдігі басымдау еді. Ол солтүстіктегі көрші елдің президентінің бастамаларын үлкен мінберлерде мысқылдап, әжуалап отыратын. Қазақстанның жеткен жетістіктері оған жағымсыз әсер ететінін жасыра алмайтын. Ал Мирзияевта мұндай бақталастық жоқ. Мирзияев билікке енді келді. Ол Назарбаевты өзінің ұстазы ретінде құрметтейтін тұлға деп ойлаймын.
Жалпы Мирзияевтың алға қойған мақсаты-елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту, реформалар жасау, экс-президент Каримовтың ақылға сыйымсыз шектеулерін алып тастау. Нарықтық қатынастарды қалыптастыру, көршілермен байланысты нығайту. Осы реформалардың өзі-ақ Мирзияевтің беделіне қызмет етеді деп ойлаймын.
-Әңгімеңізге рахмет!
«Рейтинг» газеті,
Мұрағаттан, 2017 ж