Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Путин төртінші рет әлемдегі ең ықпалы адам атанды
Жуырда әлемге танымал Forbes журналы дәстүр бойынша «Әлемнің ең ықпалды адамдары» рейтингсін жариялады. 2016 жыл тізімінің басында қатарынан төртінші рет ең ықпалды адам болып В.Путин таңдалған. Ресейдің жаһандық өлшемдегі ықпалын Сириядағы ішкі соғыстан АҚШ-тағы сайлауға дейін бағалаған Forbes Путинді «қалағанына қол жеткізген лидер» деп сипаттады. Путиннен кейінгі орынға АҚШ-тың жаңа президенті Трамп, үшінші орынға Германия канцлері Меркель, төртінші орынға ҚХР президенті Ши Жин Пиң лайықты деп танылған. Расында да өтіп бара жатқан 2016 жылы Ресей президенті В.Путин «араласпаған» немесе «араластырылмаған» мәселе аз шығар. Сирия, Түркия, тіпті АҚШ-тағы сайлауда да көрші ел басшысының аты жиі аталды.
АҚШ-тың жаңа президенті «Жыл адамы» болып үлгерді
Биылғы ең маңызды оқиғаларының бірі ретінде АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамптың жеңісі аталуда. Сарапшылар оның жеңісін халықтың қалауын дұрыс түсінгенімен байланыстыруда. Жаһандану бұл елде жеңіліс тапты, өйткені Трамп «диктаторларға қарсы соғысуды» тоқтатуға, АҚШ-та өнеркәсіпті қайта жандандырып, жұмыс көздерін ашуға уәде берді. Бүгінде сарапшылар оның әр қадамына ерекше мән беріп отыр. Айтпақшы, қызметіне толық кіріспей жатып-ақ, Д.Трамп Financial Times газетінің нұсқасы бойынша «жыл адамы» атанды. Бұған дейін Трампты «жыл адамы» ретінде Time журналы атаған болатын. «Ол америкалық саясаттың ережелерін қайта жазып шықты. Енді президент-келісімшарттардың ұйымдастырушысы ретінде уәде еткен сөздері бағаның алғашқы ұсыныстары ғана болмағанын іс жүзінде көрсетеді», - деп жазады Financial Times Трампқа арналған мақаласында. Басылым жазғандай: «Трамп 8 қараша күні америкалық демократияны өзгерткен жоқ, ол көптеген жылдар бойы нашар жұмыс істеп келген еді».
Ресейдің Сириядағы басымдығы уақытша жеңіс пе?
Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде Ресейдің сириялық әскермен Алеппоны лаңкестерден босатып, Таяу Шығыста бекіп қалуға мүмкіндік алғаны айтылуда. «Алеппода содырлардың жеңілуі – бұл оларды бақылап отырған елдердің жеңілісі, оның ішінде АҚШ, Франция мен Ұлыбританияның. Алеппо олар үшін сириялық ұрыс алаңында ойналуы мүмкін болған соңғы ірі карта болды», -деп мәлімдеді ақпарат құралдарына берген сұхбатында Сирия президенті Башар Асад. Жалпы Сириядағы жағдай әлі күнге дейін әлем назарында. Мысалы, бір кездері араларынан «қара мысық» жүріп өткен Түркия мен Ресей ымыраға келіп бүгінде осы Сирияға қатысты бірлесе әскери әрекет жасауда. Дегенмен В.Путиннің Сирияға қатысты шешімдерін қолдамайтын ресейліктер де аз емес. Мысалы, ресейлік саясаткер Дмитрий Орешкин Владимир Путин Сириядағы соғысқа қатты тіреліп қалуымен үлкен қателік жасады деп есептейді. «Осылайша ол Ауғанстандағы соғыстың былығына батып, шыға алмай қалған КСРО бірінші хатшысы Леонид Брежневтің қателігін қайталап отыр. Сирияға қатысты Путиннің ешқандай да нақты саяси мақсаты жоқ. Кремль бастамасында: «Бүкіл әлем Путинді қолдап, оның күшін мойындауы керек» деген сияқты өтірік жеңістің боямасы бар. Сол себепті де, Кремль шындыққа жанаспайтын мақсаттар ойлап тауып жатыр, мысалы Башар Асадтың режимін қолдау секілді. Ресей әскерінің көмегінсіз жаулап алған жерлерін бақылай алмайтын сириялық диктатордың әрекетін қолдаймын деп Ресей үлкен ақымақтық жасады. Мұндай үлкен мақсатты орындауға оның ресурстары да, әскери де күші жеткіліксіз. Путин қазір Алеппоны өз қарамағына алды, алайда кезінде КСРО да Ауғанстан астанасын өз қолдарына алып, ол жерде тіпті инфрақұрылым жүйесін орнатқан еді. Алайда, КСРО-ның ресурстары мен қаражаты таусылған соң әскерлері ол жерден масқара болып қашуларына тура келді. Дәл осындай жағдай Путинді де Сирияда күтіп тұр», - деген саясаткердің сөзін dialog.ua порталы келтіріпті.
Орыстар мен түріктердің арасына от жағушы кімдер?
Түркиядағы сәті болмаған әскери төңкеріс әлемді елең еткізген оқиғаның бірі болды. Кенеттен болған әскерилер әрекетіне байланысты жазалау мен жауапқа тарту шарасы әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Түркияда 16 шілдеге қараған түні бүлікшілер әскери төңкеріс жасамақ болған. Алайда, олардың жоспары сәтсіз аяқталды. Билік бұл іске Америкада тұрып жатқан Фетхуллах Гюленнің қатысы бар деген мәлімдеме жасады. Сарапшылар осы оқиғадан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Ресейге қатысты көзқарасы өзгергенін айтуда. Еске сала кетсек, былтыр Түркияның Сириямен шекаралас аспанында ресейлік Су-24 әскери ұшағы атып түсірілгеннен кейін, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас әбден шиеленіскен болатын. Ресей Түркияға қарсы санкциялар енгізіп, сауда-экономикалық және туризм салалары бойынша шектеулер қойды. Әлемнің назарын аудартқан екі ел арасындағы келеңсіз жағдай Түркияның экономика саласына, әсіресе, өндірістің төмендеуіне, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық мөлшерінің күрт азаюына әсер етті. Теңіз жағалауындағы демалыс орындарына келетін ресейлік туристердің саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 92 пайызға азайды. Осы орайда, Қазақстан президенті Н.Назарбаев бітімгершілік келісімнің алғышарттарын жасап, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына өз септігін тигізді. Елбасы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының XIII саммитіне қатысып, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру мақсатында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Осы кездесуден кейін Түркия президенті Р.Т. Ердоған ресейлік әріптесі В.Путинге ресейлік ұшқыштың қаза табуына байланысты өкініш білдіріп, оның отбасынан кешірім сұрайтыны жазылған хат жолдады. Мәскеу көп күттірмей жауап берді. Осылайша екі ел арасындағы қарым-қатынас қалпына келе бастады. Тіпті Ресей Федерациясы әскери техника ынтымақтастығы бөлімшесі басшысы Александр Фомин Түркияға әуе қорғаныс жүйесін орнату үшін екі ел арасындағы ынтымақтастықтың күн тәртібінде екенін айтты. Дегенмен, күні кеше Анкарада орын алған оқиға бұл ынтымақтастыққа салқынын тигізуі де мүмкін. Желтоқсанның 19-ы күні Анкарадағы Қазіргі заман өнер орталығында «Түріктер көрген Ресей» атты фотокөрмені ашуға барған Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карлов қастандықтан қаза болды. Елшіні атып өлтірген адам полициямен атыс кезінде оққа ұшқан. Түркия билігі шабуыл жасаушының «Анкара полицейі Мевлют Мерт Алтинташ» екенін мәлімдеді. Осы оқиғаға қатысты екі ел президенті де мәлімдеме жасап «қастандық жасаушының Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын бұзуды көздегенін» айтты. «РИА Новости» агенттігі сілтеме жасаған Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Ресей мен Түркия елдерінің көшбасшылары телефон арқылы әңгімелесу барысында екі ел арасындағы қауіпсіздікті күшейту, ресейлік елшінің өліміне қатысты істі тергеу үшін Түркияға тергеу тобын жіберу туралы келіскен. Режеп Тайып Ердоған қастандық – Түркия-Ресей арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруге бағытталған қасақана арандату деп мәлімдеді. Ресми Мәскеу де бұл террорлық акт қос елдің өзара байланысы мен Сириядағы жағдайды реттеуге кедергі келтіру үшін жоспарланғанын алға тартты.
Үлкен өзгерістер үлкен ауыс-түйіс арқылы жасалады
Сондай-ақ, Ұлыбританияда маусымның 23-і күні өткен референдум ел назарына ілікті. Оның қорытындысы бойынша, референдумға қатысқан Британия азаматтарының 52 пайызға жуығы елдің Еуроодақ құрамынан шығуын қолдап дауыс берген. Ал, қазан айының басында Ұлыбритания премьер-министрі Мэй үкімет 2017 жылғы наурыздың соңына дейін Еуропа Одағынан шығу шарасын ресми түрде бастайтын болады деп мәлімдеді. Референдум Италияда да өтті. Бұл елдің премьер –министрі Маттео Ренцидің сенатты кеңес беруші органға айналдырып, оның мүшелерін 350-ден 100 адамға дейін қысқарту жөніндегі ұсынысы қолдау таппады. Италиялықтардың 59 пайызы премьер-министрдің реформаларына қарсылық білдірсе, 41 пайызы қолдап дауыс берген. Референдумнан кейін премьер-министр отставкаға кететінін мәлімдеді. Алайда, Италия президенті Серджо Маттарелла премьер-министрді отставкаға кету туралы өтінішін қабылдамады. Енді үкімет басшысы 2017 жылға арналған бюджет бекітілгенше қызметін атқара береді.
Тамыз айының соңында Өзбекстан басшылығына 1989 жылы келген, 1990 жылы ӨзССР президенті, ал 1991 жылы Өзбекстан Республикасының президенті болып сайланған Ислам Каримов өмірден өтті. Желтоқсанда өткен көрші елдегі президенттік сайлауда Өзбекстанның либеральдық-демократиялық партиясы атынан қатысқан президент міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев 88,61 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның президенттің тағына отыратыны Ресей президенті В. Путин сол елге сайлау басталмай тұрып-ақ барып қайтқаннан кейін айтыла бастаған. Сондай-ақ, биыл Австрия және Молдавия елдері жаңа президенттерін сайлап алды. Алдағы уақытта әлем халқының назарына ілігіп, талқылауына түсетін тағы бір сайлау өтпек. Биылғы 2016 жылдың 31 желтоқсанында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның қызметтік мерзімі аяқталады. Бұған дейін Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрі болған Пан Ги Мун 2007 жылы африкалық Кофи Аннанның орнына келген болатын. Ол БҰҰ басшылығы тарапынан жоғары сенімге ие болып, 2011 жылы Бас хатшылық қызметке қайта сайланды. БҰҰ Бас хатшысы қайсы құрылықтың өкілі және кімдердің болуы мүмкін деген мәселе бүгінде қызу талқылануда. Айта кетелік, өткен жетпіс жылдан астам уақыт ішінде БҰҰ-ның Бас хатшылық қызметін 9 адам атқарыпты. Оның төртеуі — Еуропадан, екеуі — Азиядан, екеуі — Африкадан, біреуі — Оңтүстік Америкадан сайланған. Мұнда мәселенің демократиялық және географиялық жағына мән беріліп отырған. Бірақ, о баста келісілген тәртіп бойынша Бас хатшылыққа БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері болып саналатын: АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Ресей және Франция азаматтары сайланбайды.