Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Келесі, яғни 2017 жылы Қазақстанда зейнетақы көлемі 20 пайызға өседі. Яғни, 1 қаңтардан бастап 9 пайызға, 1 шілдеден тағы 11 пайызға көбеймек. Сондай-ақ, жаңа туған сәби үшін берілетін жәрдемақылар 1 қаңтардан 7 пайызға, ал 1 шілдеден 13 пайызға өседі. Бұл өсім 2 миллион 200 мың қазақстандықты қамтиды. Әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер мен олардың отбасы 2016 жылды осындай қуанышты хабармен аяқтамақ.
Жиырма пайыз жөнінде биылғы жылдың басты оқиғасы болып табылатын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Н. Назарбаев мәлім еткен болатын. Мерейтой қарсаңында ширек ғасырдағы ел ахуалына шолу жасалып, естеліктер айтылды, есеп берілді. Сондай-ақ, көптеген азаматтардың еңбегі бағаланып марапатталды, әр өңір өз мүмкіндігіне қарай сыйақы тағайындады. Бұл орайда Астана мен Алматының тұрғындарына қызғана да қызыға қарағандар да болды. Осылайша 2016 жылдың соңы көпшілік үшін көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жер дауы биліктің зәре құтын қашырды. Мораторий жариялануы – митингтердің нәтижесі
Десек те, мешін жылында бірқатар даулы мәселелер мен елді дүрліктірген оқиғалар да орын алды. Бұл орайда, еліміздің барлық өңірі тұрғындарын өре тұрғызған жер дауы маңыздылығы мен ауқымы бойынша бірінші айтылатын мәселе. Қазақстандағы жерге қатысты дау наурыздың соңында сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатыны туралы мәлімдемесінен соң басталды. Сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында мыңдаған адам қатысқан рұқсат етілмеген митинг өтіп, жиналғандар жер кодексіндегі өзгерістерге наразылық білдірді. Жер дауы биліктің зәре құтын қашырғанын атап айту қажет. Сәуірдің 27-сі Ақтөбе мен Семей қалаларында да наразылық жиындары өткен. Ал сәуірдің 28-і күні Ақтаудағы Ынтымақ алаңында ондаған адам жиналып, жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы пікірлерін білдірді. Алматыда жерге қатысты митинг өткізуге рұқсат сұрайтындары жөнінде баспасөз жиынын өткізбек болған белсенділерді полиция күшпен ұстап әкетті. Ұйымдастырушылар "баспасөз жиынында "Жерімізді қорғаймыз - Ана тілімізді сақтаймыз!" деген атпен Алматыда жалпыхалықтық митинг өткізуге рұқсат сұрау туралы қала әкімдігіне өтініш беру мәселесін талқылайтындарын" хабарлаған еді. Полиция жасағы саясаткерлер мен қарсылық танытқандарды күшпен көліктерге мінгізіп алып кетті. Шымкентте де митинг өткізуге рұқсат берілмеді. Желтоқсан айында Атырауда жердің шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы шыққан белсенділер - Макс Бокаев пен Талғат Аян 5 жылға сотталды. Және екеуіне де 3 жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тиым салынып, әрқайсысы жарты миллионнан астам айыппұл төлеуге міндеттелді. Шымкенттік кәсіпкер Т.Төлешовке митинг өткізгендерге ақша берді деген айып тағылды.
Жерге қатысты дау еліміздегі көптеген мәселенің бетін ашты, биліктің назарын аударды. Мысалы, Қызылорда облысында өткен жер комиссиясының кезекті отырысында ірі жер иеленушілері туралы ақпаратты ашық жариялау мәселесі көтерілді. Олар кадастрлық тізімде бар. Бірақ аты-жөндері көрсетілмеген. Астанада болған комиссияның соңғы отырысында аталған мәселе қайтадан көтерілді. Осыған қатысты журналистерге сұхбат берген Ауыл шаруашылық министрі, комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов қазіргі заңнамаға сәйкес, ірі жер иеленушілері туралы ақпарат құпия мәліметтерге жататынын мәлімдеді. Қысқасы, халықтың талап-тілегін ескерген комиссияның ұсынысымен Жер кодексінің кейбір баптарына жарияланған мораторий 5 жылға ұзартылып, бұл мәселеге уақытша нүкте қойылғандай болды.
Еңбек даулары, жұмысшылардың жалақы ала алмай наразылық білдіруі, үлескерлер мәселесі, өкінішке қарай, жыл сайын көрініс табады. Мысалы, қазанда Жаңаөзендегі «Бұрғылау» кәсіпорынының кәсіподаққа қысымды тоқтату, жалақыны көтеру және жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылары аштық жариялайтындарын мәлімдеп, қала әкімдігіне арыз тапсырды. Жұмысшылардың сөздерінше, арызға 150 адам қол қойған.
Мемлекеттік тілдің мәселесі де жыл сайын қозғалатын болды. Бұл тақырып тәуелсіздік алғаннан кейін де саябырсыған емес. Соңғы уақыттары өткір талқыланып, жұрттың назарын өзіне тағы да аударды. Білім беру саласындағы реформа, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басқаратын министрлік қызметкерлерінің төрт бет қағазда 50 қате жіберуі де осы тіл мәселесін көтеруге «тамызық» болды. Еліміздің мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсетпегендер биылғы жылы да қоғам назарынан тыс қалмады. Мысалы, наурыздың соңында Тбилисиде футболдан өткен Грузия мен Қазақстан құрамалары арасында жолдастық кездесу алдындағы Қазақстан Әнұраны орындалған сәтте көптеген жерлестеріміздің құрмет көрсетпеуі желіде қызу талқыланды. Трибунада тұрған Қазақстанның Грузиядағы төтенше және өкілетті елшісі Ермұхамбет Ертісбаев қолын жүрек тұсына апарудың орнына, іш аумағына қойған, Әнұранды орындауға тырыспаған. Сондай-ақ, жуырда салтанатты іс-шарада Әнұран орындалған сәтте өздерін бөтен мемлекеттің азаматтарындай ұстаған шымкенттік екі журналистің әрекеті де қоғамда көп талқыланды.
Тероррлық акт өршіді. Бұл өлім жазасына кесу қайта қолдануға мәжбүрледі
Маусымның бесі күні Ақтөбеде елді алаңдатқан қайғылы оқиға орын алды. Лаңкестер салған ойраннан кейін қаншама отбасы қайғы жұтты. Өңірде террорлық қауіптің «қызыл» деңгейі белгіленді. Оқиғаға қатысы бар лаңкестердің барлығы ұсталған соң ол «сары» деңгейге ауыстырылды. Содырлар қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасап, 7 адам оққа ұшқан болатын. 30 адам жарақат алды. Ал жат ағымның жетегінде кеткен 18 содырдың көзі жойылды. Қараша айында Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға қатысты сот үкімі шықты, сотталушы А. Әбдірахманов 20 жылға, А. Жұбанов 22 жылға, Ж.Қуанышбаев, Ә.Ақпанбетов, Б.Қуанышбаев, А.Таңатаров, А.Рахметов, А.Садихов, А.Ималиев өмір бойы, қылмысты жасырып қалған 18 сотталушы 2 жылдан 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Елді дүрліктірген тағы бір оқиға шілденің 18-күні Алматыда орын алды. 8 құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлерін және 2 бейбіт тұрғынды өлтірді, террорлық акт жасады деген айып тағылған, сонымен қатар, 3 бейбіт тұрғынды өлтірмек болды деп айыпталған Руслан Күлікбаевқа қатысты сот өлім жазасына кесу туралы үкім шығарды. Айта кетелік, 2003 жылдың желтоқсан айында Елбасы Н. Назарбаев өлім жазасына қатысты мораторий жариялаған болатын. Қазақстанда өлім жазасына тыйым салынғанға дейін 536 өлім жазасы қолданылған екен.
Мораторий енгізілген соң елімізде 5 адамның өлім жазасына кесілгені белгілі болды.
Жемқорларға жайсыз жыл
Сыбайлас жемқорлық өтіп бара жатқан 2016 жылы да өсе түспесе азаймапты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюроның мәліметтеріне қарағанда, биылғы тоғыз айда 9,5 млрд. теңге шығын өндірілген, 871 шенеунік жауапкершілікке тартылған, оның 15-і республикалық, 53-і облыстық, 103-і қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар. Бұл орайда алдымен «ЭКСПО-2017 Астана» ҰК» АҚ-ының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевтің ісі еске түседі. Мүлкі тәркіленіп, маусым айында 14 жылға бас бостандығынан айырылған экс-төрағадан ұлттық компания пайдасына 5 млрд. 901 млн. теңге өндірілуі тиіс. Жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, ұлттық компанияда жалпы сомасы 10 млрд. 200 млн. теңге ұрланған. Қылмыстық іске 23 адамның қатысы болды. Олардың бірқатары тағылған айыпты мойындап, келтірілген шығынды өтесе, енді бірқатары үш жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.
Жемқорлығымен аты шыққан «Қорғас» халықаралық сауда-ынтымақтастық орталығы президенті Василий Ни миллион доллар пара алып жатқан жерінде құрықталды. Ол «Қорғас тюльпан» компаниясының өкілінен тендерде жеңіске жету үшін осынша ауызбастырық сұраған. Ал кәсіпкер халықаралық орталықтың аумағында 5 жұлдызды қонақ үй салуға ниеттенген екен. Осы Қорғастан қыруар қаржы қымқырған тұтас бір қылмыстық топ бірер жыл бұрын ғана сотталған еді. Енді олардың қатарына, алдыңғылардан сабақ алмаған Василий Ни де қосылып отыр. Сондай-ақ, жуырда сот санкциясымен «Бәйтерек Development» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Жақыпов бастаған лауазымды қызметкерлерге «тұтқындау»- бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу мәліметінше, "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ лауазымды тұлғалары құрылыс компанияларынан пара ретінде 288 миллион теңге алған. Аталған лауазымды тұлғаларға қатысты факті бойынша, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың бірі - бұрынғы басқарма төрағасы, Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғырту орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Б.Жақсыбаев тұтқындалды. Аталған азаматтардың барлығына «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында өңірлерде жалға берілетін тұрғын үйлерді құрылысын жүргізу үшін қажетті мемлекеттік қызметтерді сатып алу кезінде құрылыс компанияларына басымдық бергені үшін жүйелі түрде аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылып отыр. Жалпы жемқорлықпен ұсталғандарды тізе берсек өте көп, өкінішке қарай. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов 5 млн. теңге көлемінде кезекті параны алып жатқан кезде тұтылды. Күні кеше "Қазақавтожол" басшылығы мен Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторлары ұсталды. Министрліктерде, өңірлерде ұсталып жазасын алғандар үшін мешін жылы расында да жайсыз болды.
Үкімет басшысының ауысуын да биылғы жылдың басты жаңалығы деуге болады. Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев — 2016 жылдың 9 қыркүйегінде Премьер-министр болып тағайындалды. Бірқатар кадрлық өзгерістерге мұрындық болған бұл тағайындаудан кейін де ел тұрғындарының назарына ілігіп, талқылауына түсетіндей әрекет жасалған жоқ. Үкімет Елбасы көрсеткен бағыттан ауытқымай, барлық істі Мемлекет басшысы тапсырмасымен орындап келеді. Яғни, қосылғыштардың орны ауысқанымен қосынды өзгермеді.
Айтпақшы, 20 наурызда елімізде Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша «Нұр Отан» партиясы – 82% дауыс, «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» – 7,17%, «Ақ жол» партиясы – 7,22%, «Бірлік» партиясы – 0,35% дауыс, Жалпыұлттық әлеуметтік-демократиялық партия – 1,21% , «Ауыл» партиясы- 2,05% дауыс жинады. Бұл да қоғам өміріне айтарлықтай өзгеріс әкеле қоймаған науқан ретінде ұмытылыңқырап бара жатқан саяси оқиға.
Мешін жылы қарсаңында қазақтардың пайымдауынша, мешін – жайсыз жыл болатынын айтушылар аз болмап еді. Жұлдызшылар бұл жылы бүліншілік, сәтсіздіктер мен жайсыз оқиғалардың көп болуы мүмкін екенін де айтқан-ды. Дегенмен, биылғы мол жақсылықтар алдағы жылы еселене берсін делік.
Еркін Досымбай,
"Рейтинг" газеті, 2016 ж