Мешін жылы Оңтүстікте нендей оқиғалармен есте қалды?

Oinet.kz 06-08-2019 1049

image_l.jpeg

Қазақ өтіп бара жатқан Мешін жылын онша жақтыра бермеген сияқты. Бұл жылы бүліншілік, сәтсіздік, жайсыз оқиғалар көп болады, мешін халыққа ауыртпашылық алып келеді дейді. Табиғатында аңғарымпаз халық мұны бекер айтпаған сияқты. Тарихқа көз жіберсеңіз, 1920 жылғы, одан кейінгі 1921-32 жылдарғы қазақ даласын шарпыған қырғын- алапат ашаршылық осы мешін жылына сәйкес келіпті. Өтіп бара жатқан мешін жылы да Қазақ елі жайлы болды деп айту қиын. 2016 жыл өкіметке қарсы наразылықтармен, ешкім күтпеген оқиғалармен есте қалды. Ақтөбе мен Алматыда бірнеше адамның өмірін қиған террорлық оқиғалар орын алды. Жерге қатысты наразылық митингілері Қазақстанның бірнеше өңірінде өтті. Бұрын-соңды болып көрмеген қылмыстық істер, шулы сот процестері... Мешін жылы Оңтүстік Қазақстан облысы үшін нендей оқиғалармен есте қалды? Осыған тоқталайық. 

 Атамқұлов ауысып Түймебаев тағайындалды 

Оңтүстік Қазақстанда жыл сайын облыс әкімін жаңарту тағы да әдетке айналғандай болды. Байқасаңыз, кейінгі кездері өңірге әкімді елшіліктен әкелу де үрдіске ене бастады. Өңірді аттай алты жылдан астам уақыт басқарған Асқар Мырзахметовтың уақтысында Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметін атқарғаны белгілі. 2015 жылдың тамызында оны орнын алмастырған Бейбіт Атамқұлов Малазиядағы елшіліктен келді. Атамқұловтың дәуірі бір жыл екі айға созылды. Бұған дейін әкімдік қызметте тәжірибесі жоқ еді демесеңіз, бір жылда Атамқұлов тәп-тәуір тірліктің көзін таба білді. Кейбір ресми газеттер жазғандай, Атамқұлов атан түйеге жүк боларлық тірлік істемесе де облысқа инвестиция тартуға көп күш салды. Оңтүстік бұл салада көшбасшыға айналды. Жалпы Атамқұлов елмен жақсы қарым-қатынас орната білген, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына қарайласқан әкім ретінде есте қалды. Биылдың қазанында ол ойда жоқта жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министр болып кетті. Ойда-жоқта дейміз-ау, жалпы облыс басшысының ауысуы қай кезде де тосыннан болатын тірлік қой. Өйткені облыстың әкімін мына сіз бен біз сайламаймыз, Ақордадан жіберілетіні бесенеден белгілі. Десек те Атамқұловтың орнын басқан Жансейіт Түймебаевты тосын кадр деуге болмайды. Мұнымен көпшілік келісетін шығар. Түймебаев әкім болып келеді деген әңгіме бұрын да айтылатын... Айтқандай, Жансейіт Түймебаев та бұл орынға елшіліктен, Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметінен келді. 

Жансейіт Қансейітұлын көпшілік Білім министрі кезінен жақсы біледі. Осы өңірдің тумасы. Ауылдың топырағына аунап өскен, көп балалы отбасыда тәрбиеленген. Оңтүстіктің менталитетіне, жай-күйіне қанық. Өткен үш айға жуық мерзімде Түймебаевтың жұртқа ұнаған бір 

қасиеті, барлық мәселені елмен, зиялы қауыммен ақылдаса отырып шешеді, кадрлық мәселеге өте ұқыптылықпен қарайды. Облысты басқарған өзінің жерлестері Өмірзақ Шөкеев пен Асқар Мырзахметов сияқты келген бойда апыр-топыр ауыс-түйіс жасаған жоқ. Басқа қызметке ауысып кеткен Бәйдібек ауданының әкімі Батырбек Көшербайдың орнына бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып жүрген Бахытбек Танагөзовты тағайындады. Өз еркімен қызметінен босаған Шардара ауданының әкімі Арман Абдулллаевтың орнына күні кеше Болатбек Қыстауовты апарды. Басқа әкімдер әзірге командадан шыққан жоқ. 

Оңтүстікті басқарған тоғызыншы әкім Түймебаевтың іскерлігінің қай деңгейде екендігі алдағы тауық жылында белгілі болады. 

Мәслихаттағы мазасыздық 

Биылғы жылдың ең үлкен саяси жаңалығының бірі мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтті. Наурызда өткен сасяи додада мәслихаттардың құрамы анау айтқандай жаңара қойған жоқ. Бірақ  жаңалық жаңа құрам жасақталған соң болды. 

Сайлауда «Нұр Отан» партиясынан түскен кандидаттарға басымдық беріліп, мықты қарсыластарды орта жолда аттан аударып тастау науқаны қызған кезде кейбір кандидаттардың шалт қадамға барғаны рас. Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры Амангелді Сопбековтің сайлау комиссиясының отырысы өтетін ғимаратқа басып кіріп, үстіне белгісіз сұйықтықты құйып, өртеймін деп қорқытуы елді біраз дүрліктірді. Дегенмен іс насырға шапқан жоқ. Сопбеков сайлауда жеңіске жетіп, кезекті рет депутат мандатын иеленген. Алайда жолы болғыш Сопбеков арада төрт ай өтісімен білім басқармасының лауазымды қызметкеріне 3 миллион теңге пара берді деген айыппен ұсталып, жуырда сот үкімімен 90 миллион теңге айыппұл төлеуге сотталды. 

Облыстық мәслихаттың депутаттарына куәлік үлестірілмей жатып, Мақтарал ауданынан сайланған, додаға «Нұр Отан» партиясының атынан түскен (биліктің партиясына да дәл сайлау болар кезде өткені де кейінірек белгілі болды) Айдархан Орынбасаров «қорқытып алу» бабы бойынша қамауға алынды. Тергеу амалдарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері жүргізген қылмыстық істің тағдыры осы уақытқа дейін белгісіз қалып отыр. Бірақ бір белгілісі, істі болғаннан кейін Айдархан Орынбасаров депутаттық мандатынан өз еркімен бас тартқан. Оның орны экс-депутат, бір кездері мәжілістегі үміткерлердің тізіміне енген Бауыржан Жамаловқа бұйырды. 

Мәслихаттағы мазасыз күндер мұнымен тоқтаған жоқ. Жаңа сайланған депкорпустың хатшысы, Шардара ауданының бұрынғы әкімі Қамытбек  Айтөреев арада алты ай өтпей жатып қызметінен айырылды. Шардара ауданында Білім күнінде болған ыңғайсыз жәйттан (бұған алда тоқталатын боламыз) кейін Айтөреев хатшылықты өз еркімен тапсыруға мәжбүр болды. Жаңа хатшының креслосын осы шақырылымдағы су жаңа депутат, бизнесмен, уақтысында құзырлы органдарда қызмет еткен Қайрат Балабиев иеленді. 

Төлешовтың бүлігі 

Иә, Тоқтар Төлешовтың бүлігін қазірдің өзінде тек Оңтүстік Қазақстан емес, мешін жылында Қазақстанда болған ең елеулі деген 10 оқиғаның қатарына кіріп жатыр. Шымкенттік бизнесмен қаңтарда ұсталды. Құрықтау операциясын Астанадан келген арнаулы жасақ жүргізді. Төлешовтың өзін тұтқындаған бойда Астанаға алып кетті. Алғашқыда оған есірткі саудасымен айналысты, қылмыстық топтарды қаржыландырды деген айып тағылған. Артынша бұл іс адам сенбес деректермен толықты. Төлешов мемлекеттік билікті күшпен басып алмақ болыпты. Оны айыпталушының өзі де ашық мойындады. Жер сатуға қарсы наразылық акцияларын қалай қаржыландырғанын, вице-президент лауазымына қалай қол жеткізбек болғанын тергеушілерге түгелдей тәптіштеп түсіндірген Төлешов өзінің сыбайластарының да әрекетін әшкерелеп берді. Оның сыбайластары да ұзамай құрықталды. Ұсталғандардың арасында уақтысында облыстың құзырлы органдарын басқарған шенділер де бар. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, Бас прокурордың бірінші орынбасары қызметтерін атқарған, кейінірек Конституциялық кеңестің мүшесі болған Ильяс Бақтыбаев, ОҚО ішкі істер департаментін басқарған Хибратулла Досқалиев, ОҚО ІІД бастығы Асқар Оспановтың бірінші орынбасары Сәкен Айтбеков тұтқындалды. Алайда Төлешовтың айтқандары қаншалықты шындық, қаншалықты дәлелденді? Бұл жағын айту қиын. Өйткені сот отырысы толығымен құпия жағдайда өтті. Сот үкімімен Төлешовтың өзі 21 жылға бас бостандығынан айырылып, сыбайластары әртүрлі мерзімдегі жазаларға кесілді. Ал шымкенттік бизнесменнің иелігінде сыра зауыты АТФ банкінің меншігіне өтіп кетті. 

Басына бөтелке тиген әкім 

Наурызда өткен мәслихат сайлауынан кейін Шардара ауданына әкім болып барған Арман Абудллаев туралы алғашқыда тек жақсы сөздер айтылды. Жұрт жаңа әкімді іскер деп мақтады. Бәрі аяқ астынан болды ғой. 1 қыркүйек-Білім күнінде Шардарада жаңадан білім ошақтары ашылып, осы салтанатты шараға ауданның экс-әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы Қамытбек Айтөреев арнайы барып қатысқан. 

Ресми іс-шараларадан кейін жайылған дастарханның басында аудан әкімі Арман Абдуллаевтың жергілікті кәсіпкермен ерегісіп, оның соңы кәсіпкердің әкімнің басына бөтелкемен ұруына ұласқаны бүкіл елге тарап, масқара болды. Осы уақытқа дейін бұл оқиғаның жай-жапсары толық белгілі емес. Алайда әкімнің басына тиген бөтелкенің дауынан кейін Қамытбек Айтөреев облыстық мәслихаттың  хатшысы қызметін өз еркімен тапсырып кетті. Ал Арман Абдулллаев әкімдік креслосынан арада екі ай өткен соң, қарашада кетті. 

Әрине, өткен-кеткен келеңсіздіктерді еске сала берген де жақсы емес шығар. Дегенмен бұл оқиға атқамінерлер үшін үлкен сабақ болғаны анық. 

Қазақтың таным-түсінігі бойынша мешін жылында болған қауіп-қатер, ауыртпашылық тауық жылында да сейілмейді. Алла елімізге тыныштық беріп, береке-бірліктен ажыратпасын деп тілейміз! Өйткені тыныштық пен береке-бірлік бар жерде кез-келген ауыртпашылықты, қауіп-қатерді жеңуге болады емес пе? Жаңа жыл құтты болсын! 

Бақытжан Әбдірашұлы, 

"Рейтинг" газеті, 2016 ж

Елде қытайлықтар саны үш жылда үш есеге қысқарған
Президент: «Азаматтық қоғам өз пікірлерін ашық айта бастады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу