Мақтаралда жеті бірдей ауыл әкімі парамен ұсталды

Oinet.kz 13-07-2019 1035

Screenshot_21.jpg

Антикоррупциялық қызмет деп атала бастаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының қарқыны қатты. Әсіресе, Ұлттық бюроның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жыл басынан бері жемқорларды үйір-үйірімен, тоб-тобымен ұстайтын дәрежеге жетті. 

Қайбір жолы департаменттің қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясына қарасты тіркеу-емтихан бөлімінің бірнеше лауазымды офицерінің қолына кісен салған болатын. Департамент бөлімінің жұмысына тексеру жүргізген. Біраз кемшіліктерді анықтаған. Ақыр аяғында офицерлер ауызбастырық үшін ортадан ақша жинап, тергеушілерге пара ұсынған ғой. Пара ұсынушылар табанды құрықталады.  Бір офицер кабинетінің есігін ішінен кілттеп алып, айғақтық заттар-ақшаларды өртеген көрінеді. Кейбір ақпараттарға қарағанда түтінге тұншығып қалған оны ауруханаға жеткізгенге ұқсайды... Тағы бір айта кететін жайт-антикоррупциялық қызмет парамен  ұсталып жатқандардың аты-жөндерін ашық айтатын болды. Бұрынғыдай Б. немесе  К. деп күмілжімейді. Пәленше Пәленшев парамен ұсталды деп, нақты айтады. Күні ертең оның қылмысы дәлелденбей қалса ше, ақталып кетсе ше, деген күдік мазаламайды.  Бір таңданарлығы, антикоррупциялық қызметтің құрығына түскендер кінәларын жерден жеті қоян тапқандай мойындайтын дәрежеге жетті. Әйтеуір түсініксіздік көп.   

Мақтаралда жеті бірдей ауыл әкімі парамен ұсталды. Мәселе былай: жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауданда «Балапан» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан балалбақшаларды тексеру ерте көктемде басталған. Осы тексеру барысында біраз шикіліктер анықталғанға ұқсайды. Ауыл әкімдері тыпырши бастаған.

 Біз көп нәрсені біле бермейді екенбіз, бақсақ ауыл әкімдері мемлекеттік бағдарламаларды сауын сиырға айналдырып алған екен. «Балапан» бағдарламасына қаралған қаржы алдымен облысқа, одан кейін аудан әкімдігіне, соңында ауыл әкімінің қазанына түседі. Балабақшаның бухгалтериясына ақшаны осы ауыл әкімі аударады. Есеп айырысу балабақшаға баратын баланың санына қарап жасалады. Міне, ауыл әкімдері балабақша қожайындарымен ауыз жаласып, бала санын өтірік көбейтіп, біраз ақша жеген. Мақтаралдағы жеті ауылдың әкімі осындай жолмен 100 миллион теңгеден астам қаржыны жоқ қылған. Бір баланы бірнеше балабақшаға тіркеген. Қаржыны аямай бөлдірткен. Бір жағы ақша түсіп жатыр, екіншіден, балабақшамен қамтылған баланы саны да еселеп көбеюде. Қалай алып қарасаңыз да тиімді.  

Нақты мысал келтірейік, Жаңажол ауылдық округінің әкімі У.Сатыбалдиев есепшісі К.Омаров екеуі «Айсана» және «Жас шуақ» балабақшаларының құрылтайшыларымен ауыз жаласып, 40 миллионға жуық қаржыны қолды еткен көрінеді. Нұрлыбаев ауылдық округінде 25 миллион теңге жымқырылған. Антикоррупция осы жайттарды анықтаған.  Жағдай қиындап бара жатқан соң ауыл әкімдері ескі әдеттеріне басқан. Нәтижесінде тексерушілерге пара ұсынған жеті әкімің қолына кіскен салынған. Олар: Жаңажол ауылдық округінің әкімі У.Сатыбалдиев есепшісі К.Омаров екеуі- 500 мың теңге, Атакент ауылдық округінің әкімі К.Алиев -900 мың теңге, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Д.Ибрагимов -450 мың теңге, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Т.Қалдыбаев-490 мың теңге, Иіржар ауылдық округінің әкімі И.Тұрашев-630 мың теңге, Мырзакент ауылдық округінің әкімі Д.Ерімбетов-660 мың теңге, Қалыбекова ауылдық округінің әкімі З.Бектұрсынов -460 мың теңге пара берген. Параның  жалпы көлемі 4 миллион 90 мың теңгені құрайды. Айыпталушылар Мақтарал аудандық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысында жатыр. Бүгін-ертең соттан санкция алынуы мүмкін. 

Осыдан екі-үш жыл бұрын дәл осы Мақтарал ауданында «Балапан» бағдарламасына қатысуға ниет еткен балабақшалардың саны шектен тыс көбейіп кетіп, оның соңы дау-дамайға ұласқан. Әкімдердің құрғақ уәдесіне сеніп қалған құрылтайшылар тірліктерін бастап жіберіп, артынан қыруар шығынға батты. Наразы кәсіпкерлер Астанаға дейін арызданған.  Мінекей, бағдарламаға іліккен балабақшалардың істеп келген тірлігі мынандай болып шықты. Балабақша құрылтайшыларымен тіл табысу ауыл әкімдері үшін оншалықты қиын шаруа емес-ау. Себебі біздің естуімізше, «Балапан» бағдарламасына ілігіп, қазынадан миллиондап қаржы алып келген балабақшалардың қожайындары  сол ауыл әкімінің жұбайы немесе жақын туысы болып келеді. Отбасылық бизнес дегеніңіз осы. 

 Жасыратыны жоқ, Мақтарал психологиялық ахуалы қиындау аудан. Әсіресе, білім саласында былық-шылық көп. Бір-екі жыл бұрын ауыл мектептерінің жанынан ашылған жылыжайлардан ши шығып, білім бөлімінің басшысы істі болған. Одан кейін мектептерге орнатылуы тиіс пантустардан заңбұзушылықтар анықталып, білім саласының басшысы ақыры орнынан босатылған еді. Мына оқиғаның соңы да жаппай қызыметтен қуу науқанына айнала бастаған сияқты. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда жеті әкімнің ұсталуынан кейін аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы орнынан кеткен. Қазір бөлім басшыларының да мәселесі майшаммен қаралып жатқанға ұқсайды. 

Жалпы мемлекеттік бағдарламалардың артында бүркемеленген дүние, көзбояушылық көп. Бір баланы бірнеше балабақшаға тіркеп, өкіметтің су тегін ақшасын сытырлатып тұрып санап алу  Мақтаралдағы барлық  ауыл округтеріне тән жағдай. Қала берді бұл бүкіл Оңтүстік Қазақстан облысында «Балапан» бағдарламасына қатысып жатқан балабақшалардың бәрінде кездеседі.  Оның бәрін тексерер болса, жеті емес жетпіс жеті  әкімнің қолына кісен салынуы мүмкін. Мұндай үлкен көлемде операция жүргізуге антикоррупциялық қызметтің шамасы жетер ме екен?

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы 

2016 ж

«Иттің баласы»
Елімізде 24 Дариға Назарбаева тұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу