Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?

Oinet.kz 20-11-2024 358

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев жаңадан сайланған Парламенттің (Олий Мажлистің) төменгі палатасы – Заң шығарушы палатаның  алғашқы отырысында Парламентте оппозицияны қайта жаңғырту қажеттілігін атап өтті.

Президенттің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, Мирзияев осыған байланысты Парламенттегі заңмен кепілдік берілген оппозициялық партия өкілдеріне арналған орындардың санын 3-еуден 6-ауға дейін көбейтуді ұсынды. Оппозициялық саналатын партияларға қазір Мәжілісте 1 комитет төрағасы мен 2 комитет төрағасы орынбасарының орны берілген. Мирзияевтың айтуынша, жуырда өткен Парламент сайлауында партиялар арасында әжептәуір бәсекелестік болған. Бұдан әрі ол Өзбекстан Парламентінің жаңа дәуірі басталғанын, төменгі палата идеялардың генераторы, пікірталастардың ордасы болу қажеттігін атап өтті.

Бұл жолы Заң шығарушы палатаның құрамы 60 пайызға жаңарды. Депутаттардың 11-і 35-ке толмаған жастар. Халық қалаулыларының жаңа құрамына мүгедектігі бар бір азамат та енді. Депутаттардың 38 пайызы нәзік жандылар. Бұл Орталық Азия бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Палатаның алғашқы отырысында депутаттар жаңа төрағаны сайлады. Нуриддин Исмоилов спикерліктің креслосын сақтап қалды. Ол Заң шығарушы палатаға 2015 жылдан бері жетекшілік жасап келеді. Бірақ Ата заңға енгізілген өзгерістер бойынша енді бір адам спикерлікке екі реттен артық сайлана алмайды.

Конституцияға енген тағы бір өзгеріске сәйкес Мәжіліс төрағасының жеті орынбасарының саны екеуге төмендетілді. Тәртіп бойынша вице-спикерлер сайланған бойда партиядағы мүшелігін тоқтатады. Сонымен бірге оларға Парламенттегі депутаттық фракциялар мен бірлестіктерге кіруге тыйым салынған. Ал төменгі палатаның төрағасында мұндай тыйым бұрыннан бар. 

Бұл жағына келгенде Өзбекстанның Қазақстанмен салыстырғанда мейлінше демократияшылдау екендігін мойындау керек. Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы –  Мәжілістің төрағасы Ерлан Қошанов қазіргі уақытта әрі спикер әрі «Аmanat» партиясының жетекшісі қызметтерін қатар атқарады. Бұл енді Қошановтың өзбек әріптесінен артықшылығы ма, әлде кемшілігі ме, бұл жағын өзіңіз бағамдаңыз.

Осы жерде айта кетері, өткен аптада Өзбекстанда Парламенттің жоғары палатасы – Сенаттың жаңа құрамы жасақталды. Бұған дейін елде Сенатқа әр өңірден 6 депутат сайланса, енді олардың саны 4-еуге төмендетілді. Нәтижесінде сенаторлардың жалпы саны 100-ден 65-ке азайды.

Тәртіп бойынша Өзбекстанда Сенат отырысы қажет кезде ғана шақыртылады. 9 сенаторды Президент тағайындайды. Заң бойынша Өзбекстанда Сенаттың құрамына Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, барлық өңірдің әкімдері кіреді.

Шымкентте тағы да кадрлық кризис. Жұртты шулатқан Шәмшиева әкім Сыздықбековтің сенімін ақтамады
Көтере алмас шоқпарды белге байламаңыз, Мұздыбеков мырза!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу