Көтере алмас шоқпарды белге байламаңыз, Мұздыбеков мырза!

Oinet.kz 27-11-2024 308

 xGKZBvcPGPErSZ0NKiEhnzNr1hfI1wKJwwxgUh8P.jpg

Шенеуніктерді тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлмен жазалау қалыпты тәжірибеге айналып келе жатыр. Бірақ оны әркім әр қилы жолдармен төлеп жатыр...  Естеріңізде болса, «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде Қызылорда облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дінмұхамед Әбсаттаровтың (ол уақтысында дәл осы лауазымды  Оңтүстік Қазақстан облысында атқарған) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін жазғанбыз. Сот үкіміне қарағанда, басқарма басшысы сұйытылған газ көлемін бөлуде бұра тартып, кәсіпкерлерге түрлі «алым-салықтар» салған, тіпті Алматыда оқитын ұлының оқу ақысына дейін төлеткізген. Бір қызығы, Әбсаттаров кәсіпкерлерден түскен ақшаны қалтасына баса бермей, ара-тұра сауапты іс жасап қоюды да ұмытпаған. Мәселен, ол бір жолы кәсіпкерлерден алған 550 мың теңгені осы басқармада өзіне дейін басшы болған азаматқа салынған әкімшілік айыппұлды төлеп берген. Не деген адамгершілік десеңізші. Шенеуніктің мұң-зарын шенеунік түсінбегенде кім түсінсін?! 

...Мұны неге еске алып отыр дейтін шығарсыздар?

Жуырда біз «Рейтинг» газетінде прокуратураның Түркістан  облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасының әділ бәсекелестікке қарсы әрекеттер жасағанын анықтап, сол үшін басқарма басшысы Руслан Мұздыбековке әкімшілік жаза ретінде 2,2 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік (басқарма басшысы сонымен бірге газ бөлу жөніндегі комиссия құрамынан да шығарылған). Өкінішке қарай, Мұздыбековке қарайласатын, қамқоршылық танытатын ешкім табыла қоймаса керек. Басқарма басшысы өзіне салынған айыппұлды төлеу үшін банктен несие алуға мәжбүр болыпты. Мұны Мұздыбековтің өзі өткен аптада облыстық Әдеп кеңесіне берген есебінде мәлім етті. Бір жағы айналдырған 400-500 мың теңге жалақы алатын шенеунікке обал болған екен дейсің. Бір жағы мемлекеттің жүктеген міндетіне жүрдім-бардым қараған шенеуніктердің өздеріне де обал жоқ-ау.

Осы Әдеп кеңесінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына биыл тексеру комиссиясы жүргізген аудиторлық шаралардың қорытындысы қызу талқыланды. Қорытындыға қарағанда, Президенттің тапсырмасына сәйкес елді мекендердің келесі жылы 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау қызу жүріп жатқан кезде атқамінерлер инвесторлардың асты-үстіне түсіп, бәйек болып, соларға көмектесіп жатырмыз деген сылтаумен қазынаның қаржысын тиімсіз мақсаттарға жұмсаған. Бір-екі мысал келтірейік.

Айталық, Түлкібас ауданында «Састөбе» химиялық кешені жобасы жүзеге асырылған. Басқарма  2022 жылы бюджет қаражатына зауытқа «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін газ желісін тартып беруге ұйытқы болған. Алайда инвестор зауыт құрылысын аяқтамаған және зауыт орналасатын жер аумағын өзгертіп жіберген. Нәтижесінде мемлекеттің қыруар қаржысына салынған газ нысаны пайдаланылмаған.  Шенеуніктер осы зауытқа деп су алу және су тарату қондырғыларын да салып берген. Жоғарыдағы себептерге сәйкес ол да әлі күнге кәдеге аспаған.

Басқарма былтыр Келес ауданы Бірлік ауылдық округінде көлемі 51 гектарды құрайтын жылыжай кешеніне газ құбырын тартып берген. Алайда жылыжай құрылысы әлі күнге аяқталмаған. 

«Осылайша бюджет жүйесінің нәтижелілік және тиімділік қағидаттары сақталмай, 2022-2023 жылдары пайдалануға берілген 3 жоба бойынша жалпы көлемі 1,2 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған»,– делінген тексеру комиссиясының қорытындысында.

Облыстық мәслихат төрағасы, Әдеп кеңесінің мүшесі  Нұралы Әбішев отырыста шенеуніктердің басты міндеті тұрғындардың өмір сапасын жақсарту екендігін, өйткені мемлекеттің ең басты байлығы оның халқы екендігін алға тартып, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға 100 миллион теңгені сұрап алудың мұң екендігін, ал инвесторларға миллиардтаған қаражаттың неге тез табыла қалатынын сұрады.

Басқарма басшысы Руслан Мұздыбеков Президенттің тапсырмасы бойынша инвесторларға барлық жағдайдың жасалуы тиістігін, сонымен бірге бұл жағдайдың өзіне дейін болғанын айтып ақталды. Бірақ Президент инвесторлардың жағдайын дәл осылай жаса демеген шығар. Әрине, зауыт ашу, халықты жұмыспен қамту, бюджетке қосымша кіріс түсіру керек дүние. Мәселе осындай тиімді жобаларға мемлекеттік қолдауды да тиімді жасай алмаған атқамінерлердің жауапсыздығында, бюджет қаржысына деген жанашырлығының жоқтығында болып тұр ғой.  

Тексеру комиссиясының қорытындысында мынандай да қызық бар. «Оңтүстікқазнедра» өңіраралық департаменті жанындағы жер қойнауын зерттеу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі хаттамасы негізінде Жетісай ауданының  Абай ауылдық округі Бейбітшілік елді мекенінде  жерасты суларымен қамтамасыз ету  ету үшін іздестіру-барлау жұмыстары  жүргізілуі тиіс болған. Алайда бұл жұмыстар Бейбітшілікте емес, Отан елді мекенінде жүргізілген. Ең қызығы, басқарманың мәліметі бойынша Бейбітшілік пен Отан ауылдары ауыз сумен толық қамтамасыз етіліп қойылған. Дәлірегі шенеуніктер ауыз сумен қамтамасыз етілген Бейбітшілік ауылында жер асты суларын іздестіру жұмыстарын жүргізуге қаржы бөледі. Бірақ іздестіру жұмыстары Отан ауылында жүргізіледі. Атқамінерлердің  адамның ақылына қонбайтын осындай қисынсыз әрекетінің нәтижесінде қазынаның 36 610 мың теңгесі тиімсіз пайдаланылған.

Әдеп жөніндегі кеңестің  төрағасы Абылайхан Наурызбаевтың айтуынша, басқарманың қызметкерлері түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Осы жөнінде Мұздыбековке  арнайы хат жіберіліп, қызметкерлердің тәртіптік мәселесін қарау ұсынылғанымен,  ол орындалмаған. Мекемеде қызметкерлер негізсіз іссапарларға жіберіледі, тіпті кеңесте басқармадағы қызметтік көліктердің жиі жол ережесін бұзатыны да айтылды. Мұның бәрі де Мұздыбековтің басшы ретіндегі қарым-қабілетінің, жауапкершілігінің қаншалықты деңгейде екендігін байқатса керек. Мұндайда «Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген халық даналығы еріксіз еске түседі.

Айтпақшы, биыл жыл басында  облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен ауыз суға қатысты  жиында облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков Түркістан облысында былтырғы жылдың қорытындысы бойынша  737 елді мекеннің немесе  91,3  пайызының ауыз сумен қамтылғанын мәлім еткен болатын. Алайда сәуірде басқарма басшысы бұл цифрды 89,1 пайызға төмендеткенін бұған дейін де жазғанбыз. Сонда кімге сенеміз?

Тексеру комиссиясының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 829 елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 88,8 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс бойынша 93 ауылдық елді мекен (53,3 мың адам) ауыз сумен қамтылмаған.

«Рейтинг» газеті, 27 қараша 2024 жыл.



 

 


Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
«Қасқырға қой бақтыру»: Немесе жемқорлықпен шымкентше күресу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу