«Қасқырға қой бақтыру»: Немесе жемқорлықпен шымкентше күресу
Әділетті Қазақстан деген түсінік әзірге жай ғана сөз болып тұрғанын мойындау керек шығар. Басқа өңірлермен салыстырғанда Шымкентте шындықтың жолы ауыр екендігі рас.
Көзі қарақты, санасы ояу оқырманның ойына оралтып қоялық, биыл үшінші мегаполисті жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының жаңа басшысы Асқар Булешовтің креслосына отырған бойда қарамағындағы қызметкерлерді әртүрлі сылтаулармен жұмыстан заңсыз шығарып жатқанын бұған дейін де «Рейтинг» газетінде кеңінен жазған болатынбыз. Осы жөнінде редакцияға арызданып келген, аталған кәсіпорынның бұрынғы жұмысшылары, Ерғали Рүстембеков пен Жанғали Әшірбайдың арыз-шағымын жариялағанбыз. Содан бергі аралықта жарты жылдан астам уақыт өтті. Осы мәселеге бақылаушы органдар да, құзырлы органдар да нүкте қоя алмай келеді. Сол баяғы сергелдең, бітпейтін дау-дамай.
Жуырда Шымкент қаласының апелляциялық алқасы «Қуатжылуорталық-3» мекемесіндегі осы дауға өзінің төрелігін айтты. Мәселенің мән-жайына тереңірек тоқталайық.
«Рейтинг» газетінің редакциясына арызданып келген Ерғали Рүстембековтің айтуынша, директордың міндетін атқарушы лауазымына кіріскен Асқар Булешов қызметкерлерге әртүрлі қысымдар жасаған. Жұмыстан кетірудің түрлі амалдарын ойлап тапқан. Алдымен өзінің туысқан ағасы А.Апитановты мекеме директорының орынбасары лауазымына тағайындаған. Артынша оны кәсіпорында қызметкерлердің біліктілігін тексеру комиссиясының төрағасы етіп бекіткен. Осыдан кейін жұмысшыларды біліктілікті тексеру комиссиясы арқылы жұмыстан шығаруға көшкен. Босаған орындарға кадр мәселесіне жауапты бөлім басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Ешанқұл арқылы басқа азаматтарды қабылдаған.
«Өз еркімен арыз жазып кетуден» бас тартқан қазандық басшысы Жанғали Әшірбайдың айтуынша, ол да жоғарыдағы комиссияның ұсынысымен жұмыстан босатылған. Ең қызығы, жоғарыдағылар жаңа кадрларды тағайындауда қисынға келмейтін әрекеттерге барған. Мәселен, мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алумен айналысатын офицер-комплаенс лауазымына бұған дейін прокуратура органдарында қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін, дәлірегі сыбайлас жемқорлықпен байланысты баптар бойынша сотталған Данияр Толыбаевты тағайындаған. Нақтырақ айтқанда, жемқор деген айыппен кінәлі деп танылған адам жемқорлықпен күресумен айналысқан (әлі де айналысып жатыр). «Қасқырға қой бақтыру» деген осы шығар.
Е.Рүстембеков пен Ж.Әшірбайдың берген арызынан кейін Шымкент қаласының Еңбек инспекциясы тексеру жұмыстарын жүргізіп, «Қуатжылуорталық-3 кәсіпорнының басшысы Асқар Булешовтің біраз былықтарын анықтаған. Осыдан кейін инспекция Е.Рүстембеков пен Ж.Әшірбайды жұмыстан босату, сыбайлас жемқорлық бабымен, сотталған Толыбаевты жұмысқа қабылдау туралы шешімдерінің заңға қайшы келетінін, заңсыздықтарды дереу қалпына келтіру туралы нұсқама береді. Тіпті осындай жөнсіздіктерге жол бергені үшін Булешовтің өзіне әкімшілік айыппұл да салған. Бірақ мұнымен келіспеген басшы Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына талап арыз береді. Соттасудың басы осылай басталады.
Әкімшілік сот шілдеде еңбек инспекциясының әрекетін заңды деп тауып, «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны басшыларының талап арызын қанағаттандырусыз қалдырады. Алайда мұнымен келіспеген мекеме Шымкент қалалық сотының апелляциялық сотына шағым береді. Тамызда басталған сот осы жуырда аяқталды. Алқа Рүстембеков пен Әшірбайдың жұмыстан шығарылғанын заңсыз деп тапқанымен, нұсқаманың Д.Толыбаевқа қатысты бөлігінің күшін жойды. Соттың жасаған тұжырымынан түсінгеніміз, сыбайлас жемқорлық бойынша сотталған адамға квазимемлекеттік сектор субъектілерінде тек басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарды ғана атқаруға болмайды екен. Осындай түсініктемені Конституциялық сот берген көрінеді. Осыны негізге алған әкімшілік сот:
– «Офицер-комплаенс» жұмыскері басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдар қатарына жатпайды. Аталғандардың негізінде сот алқасы еңбек инспекциясының нұсқамасының Д.Толыбаевқа қатысты 15-бөлімі заңсыз деп танылып, күші жойылуға жатады деп табады,– деген тұжырым жасаған.
Алайда Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының 2019 жылдың 8 сәуіріндегі үкімінде Толыбаевты мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды (басшылық деген сөз жоқ. Ж.Т.) атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, оны 750 мың теңге айыппұл салу жазасына кескен. Бұл жерде мәселе Конституциялық соттың қандай түсініктеме бергенінде емес, оны қалай қолдануда болып тұр ғой. Гәп Толыбаевтың қайда, қандай қызметте отырғанында емес, оның мойнына қандай функциялардың жүктелгенінде емес пе? Жемқорлық бабымен сотталып шыққан азамат мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлықпен күресетін офицер-комплаенс лауазымын атқара алады ма? Бұған енді Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен Шымкент қалалық прокуратурасы не айтады?
Айтпақшы, апелляциялық соттың қаулысы әлі күшіне енген жоқ. Қаулыға бір ай ішінде кассациялық шағым беруге болады. Осы мерзім біткен соң заңды күшіне енеді екен. «Әләулайым бітсе, хәләуләйім тағы бар» дегендей тірлік болып тұр.
Өткен аптада «Рейтинг» газетінің редакциясына қайта келген Е.Рүстембеков пен Ж.Әшірбайдың айтуынша, әкімшілік сот істі тым ұзаққа созып жібергендіктен олар Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап арыз берген. Жеке-жеке берілген талап арызда олар өздерін жұмыстан шығару жөніндегі Булешовтің бұйрығын заңсыз деп тануды, бос жүрген уақытындағы еңбекақысын және моральдық шығын талап еткен. Сот Е.Рүстембековтің талап арызын қанағаттандырып, оның пайдасына «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнынан соңғы алты айдағы орташа жалақысы және 100 000 теңге моральдық зиян өндіру жөнінде шешім шығарған. Ал сотқа дәл осындай негізбен жүгінген Жанғали Әшірбайдың талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Екі сот шешіміндегі судьялардың жасаған тұжырымдары бір-біріне қайшы келеді. Сотқа беріліп отырған талап арыздың мәні, заң біреу, бірақ төрелік екі түрлі. Сонда бұл заңның осалдығы ма, әлде соттың солқылдақтығы ма?
Тағы бір таңданарлығы, Булешовтің қысымымен жұмыстан заңсыз қуылдық деп сотқа арыз беріп жатқан Рүстембеков пен Әшірбай ғана емес. Айталық, басшылардың қолдан жасаған сылтауларымен жұмыстан босатылған директордың орынбасары Нұрғали Қосмұратовтың талап арызы қанағаттандырылған. Сот оның бос жүрген уақыттағы жалақысы мен моральдық шығынын өндіріп берген. Бұл сот шешімінде де «Қуатжылуорталық-3» басшыларының жұмысшыларға қысым жасап, жаппай қызметтен кетіріп жатқаны жазылған.
–Маған қатысты сот шешімінде жұмысқа орналасу мен еңбекақыны өндіруге қатысты бөлігі дереу орындалуға жатады деп жазылған. Осы аптада мен сот шешімін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнына апарып тапсырдым. Ондағылар апелляциялық шағым береміз деп отыр. Істің қалай шешілетінін дәл қазір айту қиын,– дейді Е.Рүстембеков.
Наурыздан бері арызданып, әділдікке қол жеткізе алмау, ұзақ жылдан бері атқарып келе жатқан жұмысынан лажсыз айырылу оның денсаулығына кері әсер еткен. Инсульт алып, мүгедек болып қалған. «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының басшылары Рүстембековке қатысты сот шешімін орындамау үшін түрлі қитұрқылықтарға баруы мүмкін. Мәселен, жоғарыда әңгіме еткен директордың орынбасары Н.Қосмұратовты сот шешімінен кейін кәсіпорын басшысы Булешов жұмысқа қайта қабылдауға мәжбүр болғанымен, артынша оның штатын қысқартып жіберген. Жақында ол қайтадан жұмыссыз қалады деген сөз.
Ал Жанғали Әшірбай өзіне қатысты Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешіміне апелляциялық шағым бергенін айтып отыр. Дәл қазіргі уақытта оның қолында бір-біріне қайша келетін екі түрлі сот шешімі бар. Біріншісі Әшірбайдың жұмыстан заңсыз босатылғанын анықтаған еңбек инспекциясының нұсқамасын заңды деп тапқан Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімі. Екіншісі – жұмыстан босатылуды заңды деп тапқан Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегің ауданаралық сотының шешімі. Шымкенттің соттарының осындай шым-шытырық, бір-біріне керағар келетін парадокс екі шешімінің қайсысы заңды, қайсысы орындалуы керек?
Ал енді қарамағындағы қызметкерлердің конституциялық құқығын аяққа таптап, осыншама заңсыздақтарға барған А.Булешов талапкерлердің еңбекақысы мен моральдық шығынын, бұдан бөлек өзіне Еңбек инспекциясы салған айыппұлды мекеменің есебінен төлей ме, әлде қалтасынан төлей ме? Бұл мәселеге оның тікелей басшысы, жұмысында жіберген кемшіліктері үшін әкімшілік айыппұл төлеуде әжептәуір тәжірибе жинап қалған Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың нендей уәжі бар? Қызметкерлерінен тек адал позицияны талап ететін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков не айтады?
Әліптің артын бағып көрейік.
«Рейтинг» газеті, 4 желтоқсан 2024 жыл.