Шымкентте тағы да кадрлық кризис. Жұртты шулатқан Шәмшиева әкім Сыздықбековтің сенімін ақтамады

Oinet.kz 20-11-2024 530

Screenshot_1.png

Шымкенттің білім саласында тағы да кадрлық кризис басталды. Мегаполисте Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Жайлы мектептер» бірінен кейін бірі ашылып, жаңа бастамалар, жаңа жобалар қолға алынып жатқан тұста қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева қызметінен кетті. Мектептер мен балабақшаларды жайлаған жемқорлықты жояды деп сенім артқан Шәмшиеваның Шымкенттің бас мұғалімі лауазымы бір жыл бір айдай уақытқа ғана созылды. Көпшілікті аң-таң қалдырған бұл ауыс-түйістің арғы жағында, астарында не бары әлі белгісіз.

Өткен аптада Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Әкімдіктегі баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, мегаполис басшысы жиынды мемлекеттік қызметкерлерді адал жұмыс істеуге шақырып, «халыққа құрғақ уәде беруді тоқтатыңдар» деп ескерту жасаудан бастаған. Естеріңізде болса, Сыздықбековтің биыл ақпанда шенеуніктерге жасаған осындай ескертуінен кейін қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновты жиналыс үстінде антикордың қызметкерлері тұтқындап әкеткен болатын (Момыновтың жуырда сот үкімімен сыбайлас жемқорлық баптары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін біз бұған дейін жазғанбыз. Қазір бұл іс апелляциялық алқада қаралып жатыр).  Абырой болғанда, Сыздықбековтің  бұл жолғы ескертуінен кейін  құзырлы органдар ешкімді жиналыс үстінен ұстап әкеткен жоқ. 

Күн тәртібіне сәйкес қала әкімінің орынбасары С.Құранбек қоғамдық саяси ахуал туралы, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Дәрібаева мектепке дейінгі ұйымдардың жағдайы, ваучерлік қаржыландыру жүйесінің жай-күйі туралы баяндама жасаған. Ал білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева бұл жиыннан төбе көрсетпеген...  Оның қызметінен кетіп қалғаны өткен аптаның аяғына қарай белгілі болды.

Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Нұргүл Шәмшиеваны шығарып салу шарасы қаладағы білім ұяларының бірінде өткен. Оған бас-аяғы елу шақты білім мекемелерінің басшылары, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш  Асылов қатысқан. Сол жерде Шәмшиеваның жуық арада басқа лауазымға тағайындалуы мүмкін екендігі айтылған көрінеді. Әзірге оның не қызмет екендігі белгісіз.

Егер байқасаңыздар, бас мұғалімді  шығарып салу рәсімінен түсініксіз біраз жәйттің құлағы қылтияды. Мұндай шара  басқармада емес, неге мектепте өтеді? Біздің білуімізше, басқарма отырған ғимараттың ішінде де  атшаптырым үлкен залы бар. Екіншіден, әкімдікте білім саласына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бақылау жасайды. Алайда жиынға әкімнің өзі немесе Сәрсен Құранбек емес, бірінші орынбасар Қуаныш Асыловтың келгені түсініксіздеу.

Шәмшиева Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы лауазымына былтыр қазанда тағайындалған болатын. Оған дейін  Шымкентте білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету  департаментіне жетекшілік еткен. Еңбек жолында Қызылорда облысының білім мекемелерінде, министрлікте жұмыс істеген. Басшылық қызметте жинаған тәжірибесі бар. Оны Шымкенттің бас мұғалімі лауазымына тағайындау кезінде осы тәжірибесінің ескерілгені анық. Алайда ол өзіне жүктелген сенімді қаншалықты ақтады?

Қызметіне тағайындалған бойда Шәмшиеваның Шымкенттің білім саласын шырмаған сыбайлас жемқорлықпен күресуге білек сыбана кіріскені,  алайда қызды-қыздымен, науқаншылықтың буымен  тәжірибесі мол, білім саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген біраз кадрларға қырғидай тиісіп жатқаны айтылды. «Шәмшиева ай жоқ, шәй жоқ, орныңды босат деп жатыр» деген директорлардың біразы сол кездері біздің редакциямызға да хабарласқан болатын. Әлеуметтік желіде бас мұғалімнің  босаған орындарға өз кадрларын отырғызып жатқаны туралы да жазылды.

Қазіргі уақытта Шәмшиеваның қызметінен кетуіне қатысты әлеуметтік желіде ұстаздар, қоғам белсенділері әрқилы пікір білдіріп жатыр. Біреулер оның қызметті адал, таза атқарғанын, ешкімнен пара алмағанын, өзіндік жұмыс істеу стилі болғанын айтса, енді бірі Шәмшиеваның мегаполистің білімін басқаруға тәжірибесінің жетпегенін алға тартуда. Біз осыған байланысты шымкенттік ұстаз, «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірілестігінің жетекшісі, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Өмір Шыныбекұлымен хабарласқан болатынбыз. Ол Шәмшиеваны қалалық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болған кезден танитынын, оған қолдан келгенше қолдау көрсеткенін атап өтті. Дегенмен бірқатар ұсыныстар бергенімен, бас мұғалім оларға онша құлақ түрмегенге ұқсайды. Кейінірек Шәмшиеваның жұмысына қатысты өкпе-реніштер көбейе түскен.

– Шәмшиева педагогтық қызметпен бір-екі жыл ғана айналысқан, одан кейінгі карьерасы шенеунік салада жалғасқан. Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болған. Менің білуімше, бұл департаменттің штаты 8-10 қызметкерді құрайды. Ал қалалық білім басқармасына қарасты ұйымдарда 39 мың мұғалім бар. Мегаполис бюджетінің 45 пайызы білім саласына жұмсалады. Шәмшиеваның осының бәрін игеріп кетуге әлеуеті жетпеді деп ойлаймын. Биыл жазда білім саласында біраз жәйттар орын алды. Осыған байланысты басқарма басшысын қоғамдық кеңеске үш мәрте шақырдық. Алайда ол кеңес отырысына келмеді. Қайбір жолы Шәмшиева жергілікті журналистің әлеуметтік желідегі каналына сұхбат (подкаст) берді. Сұхбатында ол «кіші жүздің қызымын, бетке тіке айтамын, мені сол үшін жақтырмайды» деген мағынадағы сөздерді айтып отыр. Бұл миллионнан астам халқы бар мегаполистің бас мұғалімі айтатын әңгіме ме? Шәмшиева адал, таза жұмыс істеген шығар, бірақ үлкен қаланың білім саласын басқарып кетуге адалдық пен тазалық аздық етеді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті төмен болды, – деді Ө.Шыныбекұлы.

Әйтеуір, Шымкент қаласы білім саласының соңғы жылдары даудан арылмай тұрғаны рас.  Естеріңізде болса, Әбдірахымовтың тұсында мегаполистің білім басқармасының басшылығына «Болашақтың» түлегі Ақерке Абылайхан тағайындалып, жаңа басшы елді біраз шулатқан. Шымкентте бос тұрған мектеп директорларының орнына өткен конкурстардан шу шықты. Ақыр аяғында Шымкенттің білім саласында өзгеріс жасаймын деген Ақерке Абылайханның орынбасары парамен ұсталған соң, қызметінен кетіп тынғаны есте қалыпты. Бұдан кейін білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарған Айгүл Текебаева сотталып кетті. Қылмыстық іс «ауадан оқушы жасаған» жекеменшік мектепті бюджеттен қаржыландыруға қатысты қозғалды. Өзінің міндетіне салғырт қарағаны үшін Текебаеваға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, артынша рақымшылыққа ілікті.

Шымкенттің бас мұғалімі лауазымына осыдан кейін тағайындалған Жанат Тәжиева жасыратыны жоқ, мектеп пен балабақшадағы былық-шылықтарды реттеуге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін біршама жұмыстар атқарғанын мойындау керек.  Басшының бастамасымен антикор білім басқармасын толығымен тексерді. Оның қорытындысы бойынша қылмыстық істер қозғалып, біраз қызметкер сотталды.

Айтпақшы, Шымкенттің білім саласында сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталу Шәмшиеваның кезінде де тоқтаған жоқ. Биыл мегаполисте 4 жеке балабақша құрылтайшысы балабақшаға келмеген балалар үшін жалпы сомасы 29,6 миллион  теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденгені үшін әртүрлі жазаларға кесілді. Жалақыдан жымқырғаны үшін сотталған мектеп есепшілері де бар.   

Енді Шәмшиеваның орнына қандай кадр келеді? Ең бастысы қайдан келеді? Ол онсыз да шуы мен дау-дамайы көп саланы игеріп кете алады ма?

Әліптің артын бағып көрейік.

 

«Рейтинг» газеті, 20 қараша 2024 жыл.


1,5 млрд теңгені жымқырған. Еріктілердің белсендісі Перизат Қайрат ұсталды
Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу