Шұрайлы жерлерді шенеуніктердің туыстары жекешелендіріп алған

Oinet.kz 10-08-2019 1273

Screenshot_6.jpg

         Жерді жалға беру, сату-сатпау, ел игілігі үшін дұрыс, нәтижелі пайдалану, ұрпақтан-ұрпаққа күтімді, құнарлы күйінде жеткізіп отыру - қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе.  Көпшілік ірі жер иеленушілер кімдер екенін білгісі келеді. Деректер де жариялануда. Мысалы, Ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Қойшыбаев оңтүстік өлкеде мыңдаған гектар егістік жерлері бар жер иеленушілер – егемендіктің алғашқы жылдары еліміздің премьер-министрі болған Сергей Терещенко сияқты бірен-саран жеке немесе заңды тұлғалар екенін айтыпты. «Солтүстік Қазақстан облысында «Авторота» деп аталатын Ресей компаниясына ондаған мың гектар жер жалға берілген, оның қарамағындағы шаруашылықтар дәнді және майлы дақылдар өсіреді. Естуімше, аталған компанияға кіретін серіктестіктер мен Қиялы элеваторының негізгі иесі – Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужков», -дейді профессор.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірнеше отырысында жақсы-жақсы пікірлер айтылды. Мәжіліс депутаттарының кейбірі 2003 жылы заңның қабылдануына қатысы жоқтығын айтып, ақталуда. Сол жылдары заңды қолдап дауыс берген депутаттардың бірқатары қазір де парламентте, бірқатары лауазымды қызметтерде. Дегенмен, мәселе өткенді қазбалау емес, қателікті түзетіп, қайталамау. Сондықтан бүгінгі жүргізіліп жатқан жұмыстар маңызды. Комиссия мүшелерінің сегізінші отырысы Атырауда өтті.  Бұған дейін комиссияның Астанада төрт және Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында үш көшпелі отырысы өткен болатын.  Түрлі пікір-ұсыныстар комиссия мүшелері тарапынан да айтылуда, халықтан да түсуде. Штаб жетекшісі, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев келтірген деректерге қарағанда, жер дауына қатысты арнайы құрылған Call-орталыққа 14 мамырдан бастап кешегі күнге дейiн 12 мың 458  қоңырау түскен. Байланыс орталығына түскен қоңыраудың 77 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына байланысты болып отыр. Бұдан басқа, жер реформасына байланысты Jerturaly.kz сайты жұмыс iстеп жатыр. Сайтқа  947 сұрақ келiп түскен.  Оның 756-сына тиiстi жауаптар дайындалып, сайтқа орналастырылыпты.

         Жуырда Президент Н.Назарбаев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовты қабылдап, жер реформасы бойынша республикалық комиссияның жұмыс нәтижесін ұсынуды тапсырды. Осы және басқа да мәселелер тамыздың соңында өтетін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде қаралмақ. Ел назарындағы мәселеге қатысты  Атырауда өткен отырыста комиссия мүшелері көтерген мәселелердің бірқатарын жариялап отырмыз.

 

 

Мұхтар ШАХАНОВ:

Шындық ашылмай проблема шешілуі мүмкін емес

Өткен жиындарда біз санаулы ғана адам «Жер шетелге сатылмасын, жалға да берілмесін және өз адамдарымызға да сатылмасын, оларға жалға беруге ғана болады» – деген пікірге табан тіредік. Бұл пікірден бізді ешкім трактормен сүйреп шығара  алмайды. Өйткені жердің шетелге жалға берілуі және өз қалталыларымызға сатылуы – болашақта Қазақстан мемлекетінің ыдырауына, қазақ ұлтының жойылуына кең жол ашады.

Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстары басқару комитеті басқармасы бастығының 2016 жылдың 4-мамырындағы сөзі мынау: «Қазақстан жерінің жалпы аумағы – 272 миллион гектар. Оның ішінде ауылшаруашылығына пайдаланып жүрген жер – 100 миллион гектар, бос жатқан босалқы жер – 100 миллион гектар. Жер 2003 жылдан бері сатылуда. Сол жылғы жер кодексі қабылданғаннан бері жердің 3 миллион гектары жеке меншікке сатылған. 65 мың гектар жер шетелдіктерге жалға берілген. Шамамен 1,7 миллион гектар жер алғашқы сатылуға дайындалып жатыр».

Енді қоғам белсендісі Мұхамедкәрім Қажырбайұлының мәліметіне тоқталалық: «Еліміздің барлық көрікті жерлері әлдеқашан сатылып кеткен. Бәрінің сырты шарбақпен қоршалған. Ішіне мүлдем кіргізбейді. Кіргізетіндері әкесінің құнын сұрайды. Мысалы, Көкшетаудағы «Бурабай», Шымкент қаласы маңындағы «Машат» шатқалы, Маңғыстаудағы «Ақмыш» пен «Талшалы»...

Ал өз рухтасымыз Дос Көшім былай дейді: «Біз  қазір Қапшағайдың жағасына барып суға түсе алмай қалдық, балық аулай алмай қалдық. Алакөл, Балқаш бәрі солай. Бөгенбай, Қабанбайлар тіріліп келсе, бетін де жуа алмайды Қапшағайдан, өзінің қорғаған жерінен. Міне 2003 жылы жер жекеменшікке еніп, халықтың көрген күні осы».

Қызылорда облысында өткен Жер реформасы бойынша өткен қоғамдық комиссияның отырысында журналист Жанарбек Әшімжан ірі жер иеленушілер туралы ақпаратты ашық түрде жариялау мәселесін көтерді: «Райымбек ауданының өзінде барлық жерді төрт-ақ адам бөліп алған. Ел қыстаудан жайлауға көше алмайды. Жолға дейін меншіктеп алған».

Мен осыдан 12 жылдай уақыт бұрын Республика парламентінде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы жердің едәуір бөлігі арабтарға жалға берілгенін, олардың ол жерді түгелдей қоршап алғанын мәлімдеген болатынмын. Ал, Төле би ауданы Қасқасу ауылының табиғаты әсем жерлерін бір қалталы адам жекешелендіріп алыпты да, оның үлкен бөлігін арабтарға 49 жылға жалға беріпті.

Жер комиссиясының мүшесі Жанұзақ Әкімнің пікіріне жүгінелік. «1994 жылы Қазақстанның 10 миллион гектардай жерін Ресей әскери полигоны ретінде 80 жылға жалға алды. Ол полигондардың аймағында онкологиялық аурулардың деңгейі орташа статистикалық деңгейден 10-12 есе,  ана мен бала өлімі 2-3 есе  жоғары. Қазақстанның  ішінде Ресейдің полигондары мен әскерінің болуы – ол аннексияның бір түрі. Елдегі қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында Ресейдің  Қазақстандағы әскери полигонын жауып, ондағы әскерді елден шығару мәселесін қойды».

Жуырда: «Жердің ірі иеленушілері туралы  ақпарат, мемлекеттік құпиялар қатарына жатады, яғни ол жайлы арнайы заң бар. Жердің иесі жайлы ақпаратты меншік иесінің келісімі бойынша ғана жариялауға болады» – деген пікір айтылды.

Елміздің үлкен қалталылары, үлкен ұрылары өздерінің жағдайларын жақсы қарастырған екен. Ондай әділдік абыройынан жұрдай заңды бәріміз бірлесіп «о дүниеге аттандыруымыз» керек.

Мәселен,  барлық таулардың етектеріндегі шұрайлы жерлерді үлкен билік басындағылардың жақын туыстары, інілері, қыздары жекешелендіріп алған. Егер ол мәліметтер жарияланса, миллион гектар жер иеленген Терещенконың өзі далада қалуы мүмкін. Бұл саладағы шындық ашылмай, елімізді үлкен қауіпке бөлеген жер проблемасының шешілуі мүмкін емес.

 

 

Мұхтар ТАЙЖАН:

 Келісімге келе алмасақ мараторий 5 жылға ұзартылсын

Комиссия жұмысы елдің назарында. Ақырғы шешім қалай қабылданатынына бәрі алаңдаулы. Сондықтан, жерді сату, жалға беру мәселелерінде кім қалай дауыс берді деген ақпараттар ашық болуы керек. Жайылым жер жетіспей жатыр. Әр ауылдың аймағында нақты радиус ішінде жайылым жер ешкімге жалға берілмеу керек.

Екінші үлкен мәселе – қазақстандықтарға жерді жалға беру. Кейбіреулер біледі, біреулер білмейді, соңғы заңнама бойынша жерді жалға алу мүмкіндігі алынып тасталды. Біз сол мүмкіндікті қалдыруды ұсынамыз. Келесі қадам, латифундизмге қарсы шаралар. Бір адамға берілетін жердің көлеміне шектеу орнатылады. Амандық болса, осы ұсыныстар парламентке беріледі.

Сонымен қатар, комиссиядағы ұсыныстар ішінде келіспейтін жерлер де бар. Мәселен, кадастр мәселесі. Ол деген ашық мәлімет. Қазір жер кімнің қолында деген еш ақпарат жоқ. Ол жеке ақпараттар туралы заңға қайшы болып отыр. Меніңше, жер туралы ақпарат жарияға шығуы керек.

Жерді шетелдіктерге сатпаймыз деп жатырмыз. Бірақ, шетелдіктердің үлесі бар фирмалар жерді сатып ала алады, жалға ала алады. Біздің ұсынысымыз – шетелдіктердің үлесі бар фирма жерді жалға алмасын, сатып алмасын.

Сосын прогрессивті жер салығы туралы айтқым келеді. Ол туралы комиссия төрағасы да айтып кетті. Бұл ұсыныс келесі салық кодексіне енеді. Осы ұсынысты комиссияның ресми түрде қабылдауын ұсынамын.

Соңғы отырыста Айдын деген жігіт Үржар мәселесін көтерді. Біз жазбаша арызын алдық, шығысқа тексеріс жібердік. Ауыл шаруашылығы министрлігі сол тексеріс қорытындысын жариялайды деп сенемін.

Заңды қабылдау бар да, оның талаптарын жүзеге асыру бар. Елде 144 аудан бар, 75 комиссия мүшесі бар. Комиссия мүшелерін аудандарға бөліп, сол аудандардағы заңның орындалуын бақылайтын мүмкіндік алсақ, есеп берсек. Сонда ғана біздің шешімдер жүзеге асады.

Ең кемі 10 пайыз жер оралмандарға қалу керек. Болашақта шет елден қазақтар келеді. Оларға жер қалу керек.

Президент жер мәселесі компромиспен шешілуі керек деп айтты. Жерді сату, сатпау, шетелге жалға беру, бермеуге қатысты түрлі көзқарас бар. Егер біз осы мәселеде келісімге келе алмасақ, мораторийді бес жылға ұзарту керек.

 

Нұрлан НОҒАЕВ, Атырау облысының әкімі:

620 гектар жердің иесі Мирзоев

         Жиынның басында Тайжан мырза (комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан – авт.) біраз сұрақтар қойған болатын. Соған жауап берейін. «Сарайшықтағы 620 гектар жер неге басқаларға беріледі?» деген сұрақ болды. Ол 620  гектар жер қазақстандық азамат Мирзоев дегеннің жеке меншігінде. Ол жерді 2005 жылы алған. Қазіргі таңда сол жерде 170 гектар декоративті ағаш егеді ол. Үйеңкі, терек, ива егіліп жатыр. 40 гектар жерге бір жылдық мал азығы дақылдарын, шөптер егеді. Алдағы уақытта 100 гектарға алма бағын егу жоспарлануда. Және сол жерде медицина бағытында емдік шөптер егу жоспарлануда. Себебі ол кісі мынау Атыраудың түбінде фармацевтикалық фабриканың құрылысы жүргізіп жатыр. Құны – 7 млрд. 400 млн. теңге. Соның құрылтайшыларының бірі. Сол жерде еккен өсімдіктерін сол фабрикада қолданады.

Тайсоған полигонының аумағы 750 мың гектар болған. Қазақстан үкіметінің жүргізген келіссөздердің нәтижесінде қазіргі таңда 625 мың гектар жер қайтарылды. Қазір қалғаны – 125 мың гектар. Сол Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мемлекеттік келісімшартың негізінде қолданылып жатыр.

Мұрағаттан, 2016 ж, шілде

Жанармай тапшылығы қолдан жасалып отыр ма?
Ақберен Елгезек елес қуып жүр...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу